Аймақтар • 21 Маусым, 2018

Автобус парктерін түбегейлі жаңғырту Ақтөбеден бастау алды

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметте республика қалаларының автобус парктерінің түбегейлі жаңғырту жөнінде ұзақ мерзімге есептелген жоба жасақталып келгенінен көпшілік хабардар. Міне, елімізде ешқандай баламасы мен теңдесі жоқ қанатқақты жобаның тұсауы республика Үкіметі мен Ақтөбе облыстық әкімдігі арасында жасалған бірлескен жобаға сәйкес кеше тұңғыш рет Ақтөбе қаласында кесілді. Осы арада отандық автобус құрастырушылар жаңа сапалық және кәсіби деңгейге бет бұрды деуге толық негіз бар.

Автобус парктерін түбегейлі жаңғырту Ақтөбеден бастау алды

Кеше сәрсенбінің сәтті күні облыс орталығындағы жекеменшік және мемлекеттік автопарктерді толықтырған  су жаңа сыйымдылығы мол экологиялық автобустар Қос­та­найдағы  «Аллюр Ком­па­ниялар Тобы» АҚ-тың аумағында жасалған. Атап айтқанда, қалалық бағыттарға жол тартқан 70 автобус пен балаларға арналған шағын автобустарды құрастырып шығару ісіндегі қазақстандық үлестің көлемі тиісінше 70 және 35 пайызды құрайды.

Еуро-5 стандар­тындағы жо­лаушылар тасымалдайтын жаңа қалалық көліктер неге экологиялық деп аталған? «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқар­масының төрағасы Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мұның мәнісі экологиялық тұрғыдан таза болуында. Ауа мен қоршаған ортаға зиянды заттар шығармауында. Көгілдір отынның метан деп аталатын түрін пайдалану арқылы қозғалатын автобус­тар экономиялық тұрғыдан да тиімді. Облыс орталығына қаржылық лизингттік тәсіл­дер бойынша сатып алынған автобустардың құны 2 млрд­ 578 миллион теңгені құрай­ды. Қанатқақты жобаға сәй­кес облыс орталығындағы автобус парктерінің құзыры­на берілген қоғамдық көліктер­дің құны қаржылық лизинг бағдарламасына сәйкес бес жылға  жеті пайыздық өсіммен ұсынылған. Жоғарыда атал­ған лизингттік тәсілмен тө­ленетін қаржының отыз пайызы өңірдегі «Табыс» коммуналдық кәсіпорны еншісіне тиеді.

Еуро-5 стандарты бойын­ша тұңғыш рет Ақтөбе облы­сының мысалында­ жү­зеге асып еліміздің бар­­лық қалаларының автобус парк­теріне енгізілетін эко­ло­гиялық сипаттағы автобус­тар­дың тағы бір ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жан­дар үшінде мейлінше ыңғайлы болуында. Яғни арнайы тетік  арқылы автобус тоқтаған кезде жылжыма­лы пандус тез түсіріледі де, бұл тә­сіл­­ мүгедектер мен жа­сы ұл­­ғай­ған жандардың автобус салонына кіруі мен шы­­ғуын жеңілдетеді. Жаңа қо­ғамдық көліктерге тән тағы бір артықшылықтар – адам­дардың қауіпсіздігі үшін барлық технологиялық тәсіл­дердің орнықтырылғаны.

Бұған цифрлы техноло­гияның кейбір элементтері, бейнекамералар және дис­петчерлік орталықпен байланыс жүйелері кіреді.

Республика қалаларының автобус парктерін түбегейлі  жаң­ғырту жөнінде ұзақ мер­зімге жасалған бағдарлама тұң­ғыш рет Ақтөбе аймағында жүзеге асуына орай өткізілген салтанатты рәсімде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл өміршең жа­ңалық тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жасалған іргелі қадам еке­нін атап көрсетті. Облыс бас­шысының айтуынша, тек соң­ғы бір жылдың ішінде ав­тобус парктерін жаңғырту үшін 120 жаңа автобус сатып алын­ған.

Мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалғаны хақ.Сондай-ақ осы рәсім ке­зін­­­­де жоғарыда аталған «Ал­­люр Компаниялар То­бы» АҚ-на қарасты «Сары­­арқаАвтоПром» ЖШС­-нің директоры Сы­рым­ Семейбаев Ақтөбе об­лысының әкімдігі жаңа автобустарды қалалық бағыт­тарға енгізу мен тиісті қар­жылық лизинг бағдар­ла­масы құжаттарының жедел әзірлеу ісінде ілкімділік пен оңтайлылық таныта білгенін атап көрсетті.

Сонымен республика­ қа­лаларындағы автобус парк­терінің қызметін тү­бегейлі жаңғырту жөнінде Үкіметте ұзақ мерзімге арналған жоба Ақтөбеден бастау алды. Ен­деше, іске сәт демекпіз!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ