Әлем • 22 Маусым, 2018

Басқа басылымдардан: Түркия сайлауға дайындалып жатыр

347 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Түркия сайлауға дайындалып жатыр

THE GUARDIAN

Түркия сайлауға дайындалып жатыр

Осы жексенбіде Түркияда жалпы сайлау өтеді. Электораттар ел президенті мен парламент мү­ше­лерін анықтайды. Прези­денттік сайлауға 6 үміт­кер түссе, парламенттік дауыс беруге 8 партия қа­ты­са­ды. 

The Guardian газеті Түркияда оппозицияның күш алып келе жатқанына қарамастан, қазір­гі президент Режеп Тайип Ердоған­ның басым түсетінін болжап отыр. 

«Р.Т.Ердоған ел басқарған 16 жыл ішінде сайлаулардың бәрінде жеңіске жетіп, Түркияның Таяу Шығыстағы ең алып күшке айналып келе жатқанын әрдайым айтып келеді. Соның дәлелі іспетті елдегі ең үлкен қала – Ыстанбұл түрлі жаһандық жоба­лардың орталығына айналды. Үкімет қазанда Ыстанбұлда жылына 90 миллион жолаушыға қыз­мет көрсете алатын үшінші әуе­жайдың құрылысын аяқ­тауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Мәр­мәр теңізі мен Қара теңізді жалғайтын Босфор бұ­ғазы арқы­лы өтетін жоба миллиард­таған долларды қажет етеді», дей­ді The Guardian. 

Басылымның пайымдауынша, Р.Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясы парламентте аз орын алуы ықтимал. Әйтсе де өзін мұсылман әлемі мен елінің көсемі ретінде көрсеткен 64 жастағы қазіргі президент өз орнын сақтап қалмақ. 

«Ердоған мен Әділет және даму партиясы сайлаушыларға екі уәде беріп отыр: экономикалық өсім және демократия. Прези­дент­ті қолдайтындар оның қо­ғам­дық сеніміне үлкен құрмет көрсетеді. Мәселен, Ердоғанның билігі кезінде парламентте, университеттерде және қоғамдық ғи­мараттарда орамал тағуға рұқсат етілді», дейді The Guardian газеті.

Басылымның деректеріне сай, дербес сауалдамалар Р.Ердоған­ның бірінші айналым­да-ақ жеңіске жететінін көрсетіп отыр.

ALJAZEERA

68,5 миллион адам босқын

БҰҰ босқындар жөніндегі агенттігі әлемде 68,5 миллион адам өз елінен безіп, босқынға айналғанын айтады. Ұйымның мәліметіне сай, босқындардың 53 пайызы балалар екен. 

Адамдардың көбі соғыс, қаты­гездік және қудалаудың ке­сірі­нен өз үйін тастап қаш­қан. Агент­тік осы мәселеге бай­ланысты арнайы зерттеу жүргізген көрінеді. Аталған зерттеуге сүйенсек, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасындағы жағдай, Мьянмадағы рохинд­жа мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмеген. Осының салдарынан 2017 жылы босқындар саны 68,5 миллионға жеткен. 

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, былтырдың өзінде 16,2 миллион адам босқынға айналған. Яғни, күн сайын орта есеппен 44 000 адам өз үйінен кетуге мәжбүр болған. 

«Бұл жаһандық деңгейде халық­аралық келісім мен ынты­мақтастықты қажет ететін мәсе­ле. Босқындар соғыс, қуғын және қиыншылық әсерінен өз елін тастап шығады. Оларға көмектесуіміз қажет» дейді Al Jazeera арнасына сұхбат берген БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди. 

Қазіргі таңда әр бес босқынның төртеуі өз елімен шектесетін мемлекетте уақытша мекен етуде. Сондықтан Ф.Гранди Түркия, Пәкістан, Уганда секілді мемлекеттерге халықаралық қоғамдастық тарапынан көмек қажет, деді. 

 

EURONEWS

Еуроаймақтың бюджеті құрылады

Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция прези­денті Эммануэль Макрон инвестиция тарту мен блокқа кіретін елдердің экономикасын жақындастыру мақсатында Еуроаймақ бюджетін құру туралы келісімге қол жеткізді. 

Euronews арнасының мәліме­тінше, келісімге Еуропалық одақ­тың саммиті қарсаңында қол жет­кізілген. Э.Макронның пайымдауынша, Еуропалық аймақты нығайту мақсатында бірқатар реформалар қабылдау қажет. Ал А.Меркель бұл мәселеде аса мұқият болу қажеттігін ескертеді. 
«Біз тарихтың жаңа па­рақ­тарын ашып отырмыз. Еуро­палық аймақтың бюджеті инвестиция­ны көбейтіп, қаржы айналымын жақындастыру мақсатында жұмыс істейді. Эко­номикалық және қаржылық одақ экономикалық саясат жа­қын­дасқанда ғана сақталаты­нын жақсы білеміз», дейді А.Меркель. 

Еуропалық экономикаға қар­жы­лық қауіп төніп тұрмағаны­на қарамастан, кейбір сарапшылар бірегей валютаны қорғау үшін реформа қажет екенін алға тартады. Осыған байланысты А.Меркель Еуропалық аймақ бюджетін Германия үкіметі мен Бундестагтың қолдайтынына үміт білдірді. Э.Макронның айтуынша, бюджет 2021 жылдан бастап іске қосылмақ. Оның көлемі, қаржыландыру көз­дері жыл соңына дейін тиісті минис­трліктер тарапынан әзірленеді. 

Дайындаған 
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»