Медицина • 22 Маусым, 2018

«Хат қоржын»

754 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқырман...

«Хат қоржын»

...ризашылығын жеткізеді

Ауылына қайырымдылық жасады

Құрғақ жерде дән өспейді, құрғақ сөзден ештеңе өнбейді. Бір азаматымыз өзінің азын-аулақ несібесінен бөліп, ауылының жиын-той өткізуіне жағдай жасау мақсатында Екібастұз қаласынан 10 биік үстел, әрбір үстел басына 12 адамнан отыратын орындық, үлкен киім ілгіш жасаттырып және газ плита балондарын әкеліп ауылдың клубына табыстады. 

 Бұны өз несиесіне жасатқан және көлік жалдап ауылға әкелген ауылымыздың молдасы болған Ғұбайдолла атамыздың немересі Есенгелді Байдырахманұлы болатын. Ол өзі Астанада тұрады, зейнеткер. Бұндай жақсылық біреулерге қарлығаштың өрт сөндіруге қанаты­мен су сепкендей болып көрінуі мүмкін. Ал бұл Әбжан ауы­лының тұрғындары үшін үлкен жақсылық. Өйткені бұрын той жа­сауға адамдар бүкіл ауылдан үстел, төсеніш, ошақ, қазандық тасып бір күн уақыттарын өткізетін. Міне, нағыз патриот деп осындай азаматтарды айтар болар. 

Қайыргелді МАШЫРЫҚҰЛЫ
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы

...сүйінішін білдіреді

Құлақ құрышын қандырады

Бұрынғыдай емес, зейнетке шыққалы бері бос уақытым молайып, газет пен журнал, кітаптар оқып, радио тыңдауға көбірек мүмкін­дік туды. Ұлт мұратын ұлықтаған Қазақ радиосын тәулік бойы тыңдай­тындардың санатынанмын. Жас кезімізден ермегіміз радио болатын. 

Қазір транзисторлы радиоқабылдағыш ұстайтын болдық. Кейіннен үйдегі жапонның «Сони» әмбебап радиоқабылдағышы тұрақты серігімізге айналды. Осылайша оған әбден бауыр басып кеттік. Күн демей, түн демей қалаған уақытыңда түймесін басып қалсаңыз болды, құлақтың құрышын қандырады.

Ұйқыдан ояна салысымен «Көңілді нотадан» қалаған әніңізді тыңдайсыз. «Сырласу» клубының хабарлары жүрек қылын шертеді. «Ән салайықта» жанды дауыспен айтатын әншімен қосылып шырқай аласыз. Сыршыл ақын Қалқаман Сарин жүргізетін бір сағаттық «Қауырсын қалам» хабарының қалай өтіп кеткенін де білмей қаласыз. Ал ақын қызымыз Нәзира Бердалының «Поэзия сағаты» мен журналистер Эльмира Әлімсарының, Ғалия Есқұлованың арнайы хабарлары көңіл көкжиегіңді кеңейтіп, ғажап әсерге бөлейді. Жексенбі сайын берілетін «Көңіл көзі» хабарының әсері тіпті ғажап. Қысқасы, Қазақ радиосын тыңдаңыз, еш өкінбейсіз, ағайын.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түркістан облысы

...сақтандырады

Есті сөз ескірмейді

Ауылдағы базары мол, бақытты балалық шаққа не жетсін. Таңның атысы, күннің батысы ойын қуып қана қоймай, қолымыздан келгенше үй шаруасына да көмектестік. Есіміз кетіп, есіріп жүргенде есте қаларлық сәттер де мол болды. 

Заман өзгерді, аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кетпегендердің өзі қазір компьютер мен ұялы телефонға, бір сөзбен айтқанда гаджеттерге үйір. Қызық көріп, оларды осыған үйретіп жүрген де өзіміз емес пе деген ой келеді. Балалы үй базар емес пе еді. У-шу қалды, тып-тыныш, тіпті немерелеріміз сөйлеуден қалды десе де болады. 

Мамандардың айтуынша, бос уақытын тек гаджеттермен өткізе­тін ба­лалардың көру қабілетінің нашарлауына, тілінің дамуына, сабақ үлгерімінің төмендеуіне, жүйкенің жұқаруына, әлеуметтік бейім­делмеуіне, әртүрлі ауруларға шалдығуына себепкер болады екен... 

Француз ойшылы Жан-Жак Руссо кезінде «Балаң ақылды әрі есті болсын десең, дені сау, мықты етіп өсір. Ол жұмыс істесін, әрекеттенсін, жүгірсін, айқайласын, тынымсыз қимыл үстінде болсын», дейді. Есті сөз әманда ескірмейді.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері
Көкшетау 

...әсерімен бөліседі

Жастар жинағы жарыққа шықты

«Рухани қазына» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Ақтөбе облысы әкімінің бастамасымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, өңірдегі жас таланттардың «Ақ айдын» жыр жинағының тұсауы кесілді. Жинақты құрастырған С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы. Ұзын саны 62 автордан прозалық және поэзиялық шығармалар келіп түсті. Оларды өлкелік белгілі ақын-жазушылар іріктеп, 50 автордың шығармаларын таңдап алды.

Жас талапкер ақындардан Есенбек Жұмағалиев, Ақтолқын Назар­баева, Ақілгек Мырзабай, Қазыбек Аманжолұлы, Михаил Дуд­ник, Жомарт Баймұхан, Айнабек Жеткірбаев, Ақниет Жеткір­бай, Жан­гүл Сембаева, Нұрсерік Тәуекелов, Айымгүл Шаки, Қуаныш Төлеу­лиев секіл­ді өрендер жинақта жарияланған өз шығармаларын жұрт­шы­лыққа оқып берді. 

Кітапханада тұрақты түрде жасақталатын, жергілікті ақындардың шығармалары қойылған «Өлең кернеп барады жүрегімді» атты кітап көрмесі ашылып, жас ақындардың шығармалары насихатталады. 

Үржан ҚҰРМАНҚЫЗЫ,
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер 
кітапханасы директорының орынбасары
Ақтөбе 

...ой қозғайды

Балаларды қуанта білейік

Балалар үйі кәдімгі мемлекеттік мекеме. Киім-кешек, азық-түлікке бөлінетін қаражат жеткілікті әрі сапалы заттармен қамтамасыз етілген. Сондықтан балалар үйіне киім-кешек, азық-түлік әкелудің қажеті жоқ. Әкелсеңіз олар жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Мереке кездерінде мұндай дүниелер тіпті көбейеді. Ал оның бәрі ұстағанның қолында, тістеген­нің аузында кетеді. Сауап – тамақ берумен, киіндірумен шектелмейді.

Балалар үйіне қайырымдылық жасағыңыз келсе, оларды тек қуантыңыз. Мүмкіндік болса кинотеатрға апарып мультфильм көрсетіңіз, болмаса мейрамханаға апарып тамақтандырыңыз да арнайы жерлерге апарып ойнатыңыз. Әрине бұл көпшілікпен бірігіп жасалатын іс. Тіпті болмаса, келіп концерттік іс-шара ұйымдастырып бері­ңіздер. Жақсы көңіл күй сыйлау – оларға үлкен қуаныш. Басқа көп ештеңе қажет емес. 

Ал мынау қоғамда қаншама тұрмысы төмен отбасы бар. Олар көңіл күй, қуанышқа кенде емес, керісінше материалдық қажеттіліктер жетіспейді. Азық-түлікті осындай отбасыларға берсеңіздер, қуаныш пен шын ықыласты ала аласыз. Бір орта қуаныш пен көңіл күйді қалайды, бір орта шын көмекті қалайды. Соны ажырата білейікші...

Нұрбол ХАНАҒАТ
Алматы

Соңғы жаңалықтар