Әлем • 22 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары. Иранда стадионға қыздардың кіруіне рұқсат етілді

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иран билігі 1979 жылдан кейін алғаш рет нәзік жандылардың ер адамдармен бірге стадионда футбол көруіне рұқсат берді. 

Жаһан жаңалықтары. Иранда стадионға қыздардың кіруіне рұқсат етілді

Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Иран-Испания матчы алдында Тегерандағы «Азади» стадионына арнайы экран қойылып, жанкүйер қауымның өз елін қолдауына мүмкіндік берілді. Стадионға 10 мың адам жиналып, футбол тамашалаған. Негізі мұндай шешім Мароккоға қарсы ойын алдында қабылдануы тиіс болатын. Алайда матч басталуына бірнеше сағат қалғанда билік ашық алаңдардағы трансляцияға тыйым салған-ды.
Айта кетейік, мұндай тыйым осыған дейін Сауд Арабиясында да болған. Бірақ өткен жылдың соңына таман саудиялық билік әйелдердің стадионнан матчтарды тамашалауына мүмкіндік беретін заң қабылдады.

Сондерс 15 қыркүйекте жекпе-жек өткізеді

Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы британиялық Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) екінші орта салмақ дәрежесіне көтеріліп (76,2 кг), IBF белдігі бар Джеймс Дигейлмен (24-2-1, 14 КО) жекпе-жек өткізбек.

Бұл туралы Сондерстің промоутері Фрэнк Уоррен айтты. Оның айтуынша, егер боксшылар айқасқа келісе алса, жекпе-жек 15 қыркүйекте Лондондағы O2 аренасында өтеді. «Егер бәрі дұрыс болып жатса, Сондерске аздап салмақ қосу керек болады. Уақыттың алдына түскіміз келмейді, бірақ бізде бірнеше нұсқа бар. Дегенмен күзде үлкен бокс шоуын өткізуге тырысып, жанкүйерлерге керемет бокс кешін сыйлауға барымызды саламыз», дейді промоутер. 

Сондерс 23 маусымда отандасы Мартин Мюрреймен (36-4-1, 17 КО) жұдырықтасып, WBO белдігін қорғауы қажет еді. Бірақ Биллидің жарақатына байланысты жекпе-жек өтпей қалды. 

Алғашқы трансфер – 49 млн еуро 

Италияның «Наполи» клубының жартылай қорғаушысы Жоржиньо жақын күндері «Манчестер Сити» сапына қосылады. Бұл туралы Sky Sports тілшісі Фабрицио Романо өзінің туиттер парақшасында мәлімдеді. 

Шетелдік БАҚ өкілдері таратқан ақпаратқа қарағанда «қалалықтар» 26 жастағы футболшы үшін Италия вице-чемпионына 49 млн еуро төлейді. Бірақ бұл сома бірқатар бонустардың есебінен алынуы мүмкін. Мәлімет орнына айта кетейік, Жоржиньо өткен маусымда «Наполи» клубы сапында 39 матчқа шығып, 4 гол соққан.

Дайындаған 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»