– Бұл орайда бірден айтарымыз, туристік қызмет көрсету шарты жоспарланған демалысыңыздың сәтті өтуінің нақты кепілі бола алады. Әрине жазғы демалыс кезеңі жаппай басталысымен көптеген туроператорлар және турагенттік компаниялар да өз жұмыстарына қызу кірісіп, халыққа әртүрлі туристік маршруттарды ұсынады. Сонда алдымен, туроператормен немесе турагенттік компаниясымен арада түзілетін келісімшартты мұқият оқып, асықпай танысып шығу, алдағы демалысыңыздың жақсы әрі көңілді өтуіне жол ашады. Себебі бүгінде кейбір компаниялар «жеңілдің үстімен» жүрмек болып, заңда бекітілген Туристік қызмет көрсету шартының орнына мойындарына артылған міндеттемелерді орындамаудың сылтауы ретінде Қызмет көрсету туралы шарт жасауды ұсынады. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңы тұтынушының құқықтарын қорғаудың бірқатар тетіктерін қарастырған. Атап айтқанда, заңның 17-бабында саяхат барысының нашарлауы, саяхат мерзiмiнiң өзгеруi немесе көлiк тарифтерiнiң ойламаған жерден өсуi орын алған жағдайда тараптардың әрқайсысының шартты өзгерте алу немесе бұзуды талап ету құқығы қарастырылған.
Сонымен қатар туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға шартты орындаудан бас тарту туралы хабардар етiлгенге дейiн, яғни қызмет түрлеріне қаржы төленіп қойылған болса да, саяхат басталмай тұрып шартты орындаудан бас тарту құқығы сақталады. Тағы бір маңызды талап, туроператорда және турагентте туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың жарамды шарты болған кезде ғана туроператорлық және турагенттік қызметті жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
Демек, демалыс кезінде тұтынушының өмірі мен денсаулығына залал келген болса, сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемақысын өтейді. Бұл заңда қарастырылған маңызды мәселе. Бұған тұтынушы туроператормен немесе турагентпен туристік қызмет шартын жасасқан жағдайда ғана қол жеткізе алады. Ал егер тұтынушы туристік компанияның айтқанына еріп, Туристік қызмет көрсету шартының орнына өтелмелі Қызмет көрсету туралы шарт жасаса, онда аталған құқықтардан айырылуы бек мүмкін. Себебі мұндай әрекетке барған компанияның пиғылы айтпаса да түсінікті.
Шарт жасардың алдында туристік маршрутты әзірлеген туристік оператордың нарықта қанша уақыт қызмет істеп келе жатқандығын біліп алған жөн. Таңдау кезінде, әсіресе демалыс орындарының арзан бағасына емес, туроператор компаниясының сенімділігіне назар аудару керек деп кеңес береміз. Сонда бір жыл асыға күткен демалысыңыздың сәтті өтеріне күмәніңіз болмайды.
Дайындаған
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»