Елбасы биылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы тоғызыншы міндеттің ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін тапсырған еді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керектігін де баса айтты. Осы бағыттағы алғашқы қадам бізде өткен жылы жасалған болатын. Былтыр қыркүйек айында «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау камерасы Астанада кеңінен таныстырылып, қолданысқа енгізіле бастады. Ал биыл Астана қаласы әкімдігі осындай бейнекамераларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елордадағы 400 жол қиылысы мен 300 жол учаскесіне орнату жұмыстарын жүргізеді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, еліміздегі ірі қалалардағы сауда орталықтарында, көшелерде, кеңселерде, білім беру мекемелерінде және басқа да қоғамдық орындарда бұрын орнатылған бейнекамералардың көмегімен көптеген қылмыс дер кезінде анықталады. Өткен жылы бейнабақылау камералары арқылы екі мыңнан аса қылмыс «ізі суымай» ашылды. Соның ішінде 6 кісі өлімі, 16 қарақшылық шабуыл, 272 тонау, 604 бұзақылық, 614 ұрлық, 107 автокөлік ұрлығы анықталып, қылмыскерлер лайықты жазасын алды. Ал камераның көмегімен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық 500 мыңға жуықтайды. Сондай-ақ бақылау камералары бөтеннің мүлкін ұрлау, бұзақылық және басқа да қылмыс түрлерінің алдын алуға да айтарлықтай септігін тигізуде.
Президенттің тікелей тапсырмасының негізінде Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Осының арқасында қазіргі таңда полиция және барлық құқық қорғау органдары қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделімен жұмыс істеуде. Мысалы, Қылмыстық кодекс бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазалармен толықты, бұдан бөлек, қылмыстық тергеу процесі едәуір жеңілдеп, адвокаттардың құқығы арта түсті. Осындай түбегейлі заңнамалық өзгерістер ішкі істер органдарының қызметіне тың серпін берді.
Нәтижесінде, өткен жылдан бастап елімізде қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12%-ға азайды. Бұл – полиция қызметкерлерінің күн-түн демей, ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін атқарып жатқан табанды еңбектерінің нәтижесі. Жоғарыда айтқан көрсеткішті қылмыс түрлеріне қарай тарқатар болсақ, кісі тонау 15,2%-ға, зорлық-зомбылық 14,4%-ға, ұрлық 12,2%-ға, бұзақылық 19,6%-ға төмендегенін көреміз. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстар да 11-12%-ға азайды.
Қылмыс санын азайтуға алдын алу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар да айтарлықтай әсерін тигізеді. Сол себептен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына түрлі қоғамдық ұйымдарды, белсенді азаматтарды, жалпы халықты тарту аса маңызды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, қоғамдағы келеңсіздіктермен жұртшылық болып бірлесіп күрескенде ғана елдік сана көтеріліп, халықтың құқықтық сауаты артады.
Осы орайда біз Елбасымыздың ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын басшылыққа ала отырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Оның нәтижесі жылдан-жылға анық байқалып келеді. Тұрғындар өз аулаларында, көп қабатты үйлердің кіреберісінде ішімдік ішіп, аула тыныштығын бұзатын топтардың тірлігіне бұрынғыдай көз жұмып қарамайтын болды. Полицияның учаскелік инспекторларына, полиция бөлімшелеріне дереу хабарласып, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға шара қолдануды талап етеді. Халықтың осындай белсенділігі арқасында елімізде ұсақ бұзақылықтардың саны да азайып, тұрғындардың заңды сақтау мәдениеті артып келеді. Біз болашақта да халықпен осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауға мүдделіміз. Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда жергілікті әкімдіктермен бірге «мектеп инспекторлары» институтын дамыту бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Сонымен бірге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар да жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар есебінен 18 мыңға жуық жол-патрульдік полиция қызметкері осындай бейнетіркеуішпен қамтамасыз етілді. Ал биыл өңірлердегі ішкі істер органдары 3950 дана бейнетіркеуішке өтінім берді. Олардың бәрі жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау тапқан.
Жалпы, ішкі істер саласы заман талабына сай көптеген қызмет түрін электронды нұсқаға көшіру бағытында ауқымды істер атқаруда. Бұл жұмыстар, сайып келгенде, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындаудың алғышарттары. Мәселен, өткен жылдың шілде айында Астана қаласы ІІД базасында электронды Бірыңғай әкімшілік өндіріс тізілімі бойынша арнайы қанатқақты жобаны іске қосқан еді. Ал күзде барлық өңірлердегі ішкі істер органдарының осы жүйеге қосылуы қамтамасыз етілді. Бүгінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзу фактілеріне байланысты әкімшілік хаттамаларды планшеттердің көмегімен электронды түрде толтырып жүр. Бұрын қағаз хаттаманы толтыру үшін полиция қызметкеріне кемінде 20 минут, тіпті одан да көп уақыт қажет болатын. Қазір электронды хаттама небәрі 5 минутта толтырылады. Сондай-ақ планшеттің көмегімен жол-патрульдік полиция қызметкері ІІМ-нің мәліметтер базасына кіріп, құқық бұзушының нақты мекенжайын анықтап, көлік құралының техникалық байқаудан өткен-өтпегені туралы, жүргізуші куәлігіне, бұрын салынған айыппұлдарға қатысты және басқа да қажетті мәліметтер алады. Қазіргі уақытта жол-патрульдік полиция қызметкерлері 914 планшетпен қамтамасыз етілген. Олар толтырған электронды хаттама 118 мыңнан асады. Болашақта полиция қызметкерлерін планшеттермен жабдықтау жұмыстары жергілікті әкімдіктермен бірге одан әрі жалғастырылмақ.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында «Учаскелік полиция инспекторларының қызметіне арналған ақпараттық мәліметтер базасын» және «Тергеуші» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін де іске қосу жоспарда бар. Бірінші жоба бойынша әрбір учаскелік инспектор планшетті компьютермен жабдықталып, Ішкі істер министрлігінің орталықтандырылған ақпараттық жүйесіне еркін кіруге мүмкіндік алады. Осы арқылы полицей оқиға орнында тәртіп бұзушыны толық тексеріп, әкімшілік өндіріс ісін электронды түрде рәсімдейтін болады.
«Тергеуші» ақпараттық жүйесі үшін де барлық тергеушілер мен анықтаушыларды жеке планшеттермен жабдықтау көзделген. Олар үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық ресурстары қолжетімді болады. Тергеу шараларын іске асыру барысында аталған жүйе автоматты тәртіпте тергеушілерді процессуалдық құжаттардың дайын бланкілерімен қамтамасыз ете алады. Бұл, өз кезегінде, қылмыстық істі тергеу процесін жеделдетіп, оның сапасын едәуір арттырады.
Бұл жүйе Бас прокуратура іске қосқан «Электронды қылмыстық іс» жобасын қайталамайды, керісінше оны толықтырады. «Тергеуші» ААЖ қылмыстық істі тергеу барысындағы ақпаратты жинақтау мен өңдеуге көмектесетін болса, «Е-қылмыстық іс» базасы рәсімделіп қойған құжаттарды жинауға және сақтауға жол ашады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері аталған базаны өз жұмысында қолдануды бастап та кетті.
Көпшілікке мәлім, ішкі істер саласы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты маңызды міндеттермен қатар, халыққа 39 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бүгінде осы қызметтердің басым көпшілігін электронды нұсқаға көшіру, сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі күні бес қызмет толықтай электронды нұсқада көрсетілсе, 14 қызмет ішінара автоматтандырылған. Соның нәтижесінде бірқатар қызметтің көрсетілу мерзімі айтарлықтай қысқарды.
Бұған қоса, жеке куәліктер мен төлқұжаттарды дайындау мерзімі де бірнеше есе қысқарды. Бұрын бұл құжаттарды дайындауға екі ай уақыт қажет болса, қазір 15 күнде дайын болады. Ал көлік құралдарын тіркеу арнайы ХҚО-да жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мұндай ХҚО-лар Атырау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлердің бәрінде бар. Бұл орталықтарда да бірқатар қызмет түрлері электронды нұсқада көрсетілетін болғандықтан, ел азаматтары Қазақстанның кез келген түпкірінде жүріп-ақ, ХҚО арқылы жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігін алып, автокөліктерін тіркеуге қоюға қол жеткізді.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында құқық қорғау қызметін жетілдіру, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру жұмыстарын одан әрі жалғастыру міндеті тапсырылғаны белгілі. Ізгі ниет қашанда ізгіліктің ұясын кеңейтетінін уақыт көрсетті. Елбасымыз бұдан бірнеше жыл бұрын қылмыстық жазаларды, заңнамаларды ізгілендіру бастамасын көтергенде Қазақстан «түрме тұрғындары» саны бойынша әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұрған еді. Қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру бағытында бірнеше жыл бойы жүйелі жұмыстар жасалып, нақты міндеттер атқарылуы нәтижесінде біздің еліміз қазір бас бостандығынан айырылғандар саны бойынша 78-ші орынға түсті. Осы аралықта сотталғандар санының азаюына байланысты елімізде 8 қоныс-колония таратылды.
Ішкі істер министрлігі қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – тұрғындар мен аймақтарды табиғи-техногенді төтенше жағдайлардан қорғау. Себебі елімізде жыл сайын 17 мыңға жақын әртүрлі төтенше жағдай тіркеледі. Ең көп қауіп төндіретін – өрт. Олар барлық төтенше жағдайлардың 80%-дан астамын құрайды. Біз сәуір айынан бастап шұғыл режімде сауда ойын-сауық орталықтарына және білім беру мекемелеріне жоспардан тыс тексерістер жүргіздік. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам заң бұзу фактісі анықталды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 1220 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 22 нысанның қызметін тоқтату туралы материалдар сотқа жолданды.
Сонымен қатар 2017-2020 жылдарға арналған тасқын қаупінің алдын алу және жою бойынша жол картасы жұмыс істеп тұр. Ішкі істер министрлігінің азаматтық қорғау органдары жергілікті атқарушы және мүдделі орталық мемлекеттік органдармен, басқа да ведомстволармен, ұйымдармен бірлесіп, осы жол картасын іске асыруда.
Саланы жетілдіру, жаңғырту – заман талабы. Осы талап үдесінен шықпай, ел халқының қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол себептен де қызметті одан әрі жетілдіру, Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру, сол арқылы заман көшінің алдыңғы шебінен табылу ішкі істер саласының басым-бағыттары ретінде ұдайы басты назарда болады.
Қалмұханбет ҚАСЫМОВ,
Ішкі істер министрі,
полиция генерал-полковнигі