Парламент • 22 Маусым, 2018

Балаларды қорғаудың құқықтық тетігі қабылданды

357 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бір­лесе отырып Қорғас транс­шекаралық өзенінде сел ұстайтын бөгет салуына мүмкіндік беретін келісімді құптады. 

Балаларды қорғаудың құқықтық тетігі қабылданды

Ортақ өзендегі бірлескен жоба

Депутаттар, сонымен қатар валюталық реттеу және валю­талық бақылау, құқық қорғау саласындағы кезекті реформалар, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпа­раттан қорғау жөніндегі заң жобаларын қабылдады. 

Қазақстан мен Қытай тарапынан Қорғас өзенінде «Шүкір­бұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстайтын бөгет салуға ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет өткен жылы атал­ған жобаны бірлесе жүзеге асыру мақ­сатында Қытай үкі­метімен келісімге келген. Жо­баның жалпы құны – 11,7 млрд теңге. Көрсетілген қаржыны Қазақ­стан мен Қытай теңдей бөліп шығарады. 

Заң жобасы бойынша сенаторлар алдында баяндама жаса­ған Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин жоба басталғалы жағалау бекітіліп, жол төселіп, қосалқы ғимараттар тұрғызылғанын айтты. 

– 2013-2017 жылдар аралы­ғын­­да аталған жобаны жүзеге асы­руға республикалық бюджеттен 6 млрд 872 млн теңге бөлін­се, 2018 жыл­дың бюджетінде 3 млрд 875 млн теңге қаралған, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары. 

Заң жобасы бойынша қосым­ша баяндама жасаған сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед атал­ған өзеннің ерекшеліктеріне тоқталып өтті. 

– Қорғас – үлкен трансше­ка­ра­лық өзен. Бұл екі үлкен мемлекеттің арасындағы шекараны айқындайды, оның үстіне мінезі бар өзен. Оның тек қана Қазақстан жағындағы бөлігінде үлкенді-кішілі қырыққа жуық көл бар. Осы көлдер көктемгі су тасқыны кезінде екі жақ­қа да бірдей қауіп төндіруі әбден мүмкін. Екіншіден, «Қорғас» – Қазақстандағы үлкен кеден бекеті. Бұдан аса ауқымды кө­лем­де жүк тасымалы өтеді. Үшін­шіден, кеден бекетінің түбін­де халықаралық мәні бар ауқымды құрғақ порт салынуда. Осы жерде 100 мың адам тұруға лайықталған жаңа қала бой көтеріп келеді. Осы себептерге байланысты «Қорғас» өзені көктемде екі жаққа қауіп төндірмеуі үшін Елбасымыздың Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес мемлекеттер арасында тиісті келісімге қол қойылған, – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ал заң жобасын талқылауға қат­ысқан сенатор Нұржан Нұр­си­патов трансшекаралық өзен­дерді пайдалану мен қорғау­да Қазақстан мен Қытай мем­лекет­терінің тиімді нәтижелерге қол жет­кізіп отырғанына тоқталды. 

Осындай уәждерден соң депутаттар бұған дейін Мәжі­ліс мақұлдаған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзе­нінде «Шүкірбұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстай­тын бөгетін салудағы ынтымақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Валюта үстемдігіне тосқауыл қойылады

Жалпы отырыста сенатор­ларға «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» және оған ілеспе заңының жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев алдымен валюталық заңнаманы жоспарлы түрде өзгерту себеп­теріне тоқталды. 

– Елімізде «Астана» ха­лық­­аралық қаржы орталы­ғы, «Қорғас» арнайы эконо­ми­калық аймағы құрылды. Бұл нысандардың аумағында валюталық операцияларды реттеу керек. Сондай-ақ Қазақ­станның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенін ескере отырып заң жобасын әзірлеу қажет болды. Негізгі міндет – валюталық операциялардың мо­ни­торингін кеңейту. Елі­міз­дің аумағындағы есеп айырысуда шетел валютасын қысқарту міндеті тұр. Заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді. Себебі олар үшін валюталық реттеу­дің либералды принциптері сақ­тал­ды, – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Оның айтуынша, қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес шетелдік ұйымдардың филиалдары елі­мізде валюталық операцияларды бейрезидент ретінде жүзеге асырады. Енді олардың есеп айы­рысуын теңгеге ауыстыру ұсы­нылады. Осы түзетулер жер­гілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнес жүргізудің тең талаптарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасында, сондай-ақ ақшаны елден шығаруға қарсы іс-қимылды күшейту міндеттері мен тетіктері нақтыланған. Тағы бір атап өтерлігі, Ұлт­тық банк осы заңның аясында ха­лық­ты өсім алудан нақты қор­ғауды күшейтуді жоспарлап отыр. Заң жобасындағы осы және өзге де түзетулерді саралай келе сенаторлар аталған құжаттарды екі оқылымда қабылдады.

Зиянды ақпараттан қорғалады

Жалпы отырыста сенаторлар «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпа­раттан қорғау туралы» заң жобасын да екі оқылымда қабыл­дады. Бұл заңның қабыл­дануына Парламент депутаттары бастамашы болған. Алайда аталған жоба Парламент қабырғасында 8-9 жылдан бері талқылана келе, мәреге биыл ғана жетіп отыр. 

Аталған құжат бойынша балаларды физикалық және пси­хикалық денсаулығына, иман­дылық, рухани, психика­лық, физикалық және әлеуметтік жағынан дамуына зардабын тигізетін ақпараттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны, қоғамға жат және құқық бұзушылық мінез-құлықты насихаттайтын баспа, аудио және аудио-бейне өнімдерді, элек­тронды және компьютерлік ойын­дарды таратудан қорғаудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепіл­діктерін енгізу көзделген. 

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан балаларды қорғаудың құқықтық құжаттан тыс міндеттерін де атап өтті. 

– Балаларды қорғау тек заңмен ғана емес, қоғам болып жүзеге асыратын мәселе. Әркім өзінің бала-шағасына ие болуы керек. Әсіресе, ата-аналар қамсыз отырмауы керек. Бейне-аудио материалдарға қанша жерден таңба, белгі қойылса да, өндірушілермен қоғам болып күреспесе, ол оңай шаруа емес. Аталған заң жобасында өндірушіге, таратушыға, ақпарат көзіне қойылатын заңнамалық тұрғыдағы тосқауылдар, жауап­кершіліктер айқын белгіленген, – деді Мәжіліс депутаты.

Ал сенаторлардың бірінің интернетте кеңінен тарап жатқан теріс ақпараттан балаларды қорғау бағытында атқарылып жат­қан іс-шаралар бойынша сауалына Ақпарат және коммуника­циялар министрі Дәурен Абаев тұжырымды жауабын берді. 

– Әрине, бұл бағытта жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Іс-шаралар екі бағытта атқарылу­да. Біріншіден, ата-аналарға қажетті ақпаратты кеңінен таратуда радио, интернет немесе теледидар, газеттер сияқты қолымыздағы барлық тетікті қолданамыз. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ата-аналарға тиісті ақпаратты жеткізу тәсілдерін жүзеге асырудамыз. Екіншіден, интернет операторлармен бірлескен шараларды қолға алдық. Оларға да тиісті жобаны бердік. Әрбір ата-анаға үйінде «таза» немесе «білімді» интернет орнату мүмкіншілігі берілді. Бұл тұр­ғыда білім сала­сындағы 4-5 мыңға жуық сайттар­ды үй­лерінде пайдалана ала­ды, ал қалғандарына тыйым са­лынады. Біз халықаралық тәжі­рибені пайдалана отырып, бұл жұ­мыстарды әрі қарай оң­тай­лан­дыра түсеміз, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі. 

Сенаторлар аталған заң жобасын да қабылдады. 

Сондай-ақ депутаттар жалпы отырыс барысында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыс­тық, қылмыстық-процестік заң­нама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жоба­сын да екі оқылымда қабылдады. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»