Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Астана қаласы маңындағы орман көлемі 100 мың га дейін кеңейтіледі

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында беделді халықаралық сарапшылар орман ландшафтарын қалпына келтіру және Бонн шақыртуы негізінде бас қосты. Кездесудің Астанада өту себебі, Қазақстан орман экожүйесін қалпына келтіру бойынша аумақтарда ғана емес, әлемде жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласы маңындағы орман көлемі 100 мың га дейін кеңейтіледі

Тұтастай алғанда соңғы 10 жылда ормандарды молайту көлемі 500 мың гектар аумақта жүзеге асырылды, бұл республиканың орман жамылғысын 0,2% арттырып, республика аумағының 4,7% дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

1997 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде Астана маңында 80 мың гектардан астам аумаққа ағаш отырғызылды. Бұл орманды ландшафтарды құру және қалпына келтіру бойынша республикада атқарылған жұмыстың айқын дәлелі. 2021 жылға дейін Астана қаласының айналасындағы жасыл аймақты 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Аталған Кеңес Халықаралық Бонн шақыру мәселесіне орай Кавказдағы және Орта Азиядағы ұлттық және аймақтық күштерді арттырып, 2030 жылға қарай 350 млн. га астам бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша үйлестірудің алғашқы мүмкіндігін ұсынады. Кеңесті ашқан Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев: «Көптеген елдер жерді қалпына келтіруде елеулі табыстарға қол жеткізді. Алайда, қалпына келтіру шамасын ескере отырып, орман жамылғысын ұлғайту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды жұмылдыру өте маңызды. Осылайша өмір сүру жағдайын жақсартуға болады», - деді.

Кавказ және Орта Азия аймағында орман ландшафтарын қалпына келтіру барлық жер түрлеріне қолайлы әсер етеді. Атап айтқанда, елді мекендер мен тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарының жанындағы ормандарды, орман аңғарлары мен жағалық ормандарды қалпына келтіруге баса назар аударылуда. Дөңгелек үстелге Әзербайжан, Армения, Германия, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан мен Өзбекстанның орман бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының, Табиғатты қорғау халықаралық одағы, Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) өкілдері қатысты.