Аймақтар • 23 Маусым, 2018

Семейде үйін су шайып кеткен отбасылар баспаналы болды

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Зайкеновтар мен Жұмаділовтер отбасының алған қос пәтеріне облыстық, қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Мирашев пен Альбина Ахметовалар сый-сыяпат шашуларын жасады. Депутат Қайрат Мирашев осы суға кеткен Пристань ауданы бойынша сайланғандықтан зардап тартқан тұрғындарды толығымен назарда ұстап отырған көрінеді. 

Жұмаділовтер екі бөлмелі пәтерге, Зайкеновтер үш бөлмелі пәтерге ие болыпты. Оларға пәтерлерінің кілтін қала әкімі Ермак Сәлімов арнайы салтанатпен табыстады. Жұмаділовтер мен Зайкеновтер отбасы өздері осы ауданнан үйді арнайы таңдап алған екен. Шараға қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов қатысты.

Отағасы Марат Зайкеновтың айтуы бойынша  Шүлбі су қоймасынан су артығымен жіберіліп, оған еріген қар суы қосылып, Ертіс тасыған кезде Пристандағы жер үйі 23 наурыз күні 12.00 де бір-екі минуттың ішінде су астында қалған. Таксимен жеткен ол балаларды сыртқа шығарып, құжаттарын жүгіріп алуға ғана шамасы келеді. Киім кешек, азық-түліккті алуға мүмкін болмайды.

-Үйім жөндеуге мүлде келмейді,-деді Марат Зайкенов,-өзім құрылысшымын ғой. Ешбір мүмкіндік жоқ екендігін көріп, неде болса Семейдегі Юность кентінен Үкімет қаражаты арқылы пәтер сатып алуды жөн көрдім. Дәл бүгінгі уақытқа дейін «Семей» қонақүйінде тұрып келдім. 

Дегенмен жаңа қоныстанушылардың киім-кешек, азық-түлік, дүние мүлік, тұрмыстық техникалары да суға кеткендіктен осы жағынан да көмек болса деп үміттенеді олар.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ