Қазақстан • 23 Маусым, 2018

Ұлттық бірыңғай тестілеудің Қазақстан бойынша орта көрсеткіші - 83 балл

730 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-ның үш күнінің қорытындысын жариялады.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің Қазақстан бойынша орта көрсеткіші - 83 балл

«ҰБТ-ның екінші күні 61 098 мектеп бітіруші сынақтан өтуге тіркелген болатын, алайда тестілеуге нақты 58 967 түлек қатысты. Қатысушылар саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1% өсіп тұр. Олардың 85,6% немесе 50 468 мектеп бітіруші шекті баллды жинай алды, яғни былтырғымен салыстырғанда 1,5 процентке өсу бар. Шекті баллды жинай алмағандар саны 1 пайызға төмендеді, 8 499 адам сынақтан өте алмады», - деді ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Орталық директорының айтуынша, әзірге Қазақстан бойынша орташа балл - 83, былтырғы кезеңде орташа көрсеткіш - 80 балл болған еді. «Ең жоғары балл Алматы қаласында, Т. Рысқұлов атындағы ұлттық экономикалық университетте тіркелді. Алматылық Хамзин Дәулет Азатұлы 139 балл жинады. Өкінішке қарай, ең жоғарғы 140 баллды әлі ешкім жинаған жоқ. Бірақ, тестілеу жұмыстары әлі бес күн бойы жүреді, сондықтан нағыз білімді түлектеріміз 140 баллды аларына үміттіміз», - деді ол. Республика бойынша 704 мектеп бітіруші 130-139 балл аралығында  нәтиже көрсеткен. Еске сала кетейік,  ҰБТ-2018 нəтижелерін ендігі кезекте Telegram-бот @edu.gov.kz немесе edu.mail.kz сайты арқылы үйден шықпай-ақ білуге болады: ол үшін тестілеуге қатысатын əрбір талапкерге берілетін ТЖК (тест тапсырушының жеке кодын) енгізу қажет. Сондай-ақ, тестілеу қорытындыларын Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да білуге болады.

Бұл орайда тестілеу нəтижелерін ТЖК арқылы əрбір талапкер өзі ғана көре алады. Жоғарыда көрсетілген ресурстарға ҰБТ нəтижелері ақпараттың өңделуіне қарай жарияланып отырады. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70%, яғни 102 мыңы ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірген 147 мың түлектің басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады. ҰБТ-да жалпы 80 мың сұрақ болады. 2018 жылға арналған Ұлттық бірыңғай тесті сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады.