Әлем • 24 Маусым, 2018

Алматы облысында өткен «Asar» форумында 4 әлеуметтік жоба мақұлданды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі тағы 4,6 млрд. теңге көбеймек. Жақында өткен «Asar» форумында 4 әлеуметтік жоба мақұлданып, олардың жүзеге асуына қаржылай қолдау жасалатын болды.

Алматы облысында өткен «Asar» форумында 4 әлеуметтік жоба мақұлданды

Жетісу жеріндегі үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және мемлекет арасындағы әріптестіктің алтын көпіріне айналған үш жақты ынтымақтастық форумы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. «Asar» форумында үкіметтік емес ұйымдар өз жобаларын қорғап, олардың нақты іске асуына мүмкіндік алады. Жақсы дәсиүрге айналған шараның биылғы талқысына Талдықорған қаласындағы «Қамқор» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұсынған «Шексіз би», «Қарасай ауданынан «Балатай» қоғамдық бірлестігінің  «Мұраны дамытамыз – туризмді және өзімізді дамытамыз» жобасы, Кербұлақ аудандық «Қамқор» мүгедектер қоғамының «Мүмкіндігі шектеулі және ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған оңалту орталығы» жобасы және Көксу аудандық «Үш ұрпақ» ұйымының «Үш ұрпақ» жобасы түсіп, барлық жоба сәтімен қорғалды.

Бұл жобалар облыс бойынша іріктеуден өткен, мамандар тарапынан қолдауға мұқтаж бастамалар ретінде таңдалып алынған екен. Ал жалпы форумға қатысуға аймақтағы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі үкіметтік емес ұйымдардан екі жүзден астам ұсыныс түскен. Солардың ішінде 141 жоба іріктелген, оның отыз шақтысы Алматы облысының қоғамдық ұйымдары ұсынған жобалар болды.

«Asar» үш жақты ынтымақтастық форумының басты ерекшелігі – жеңімпаз жобаларды қаржыландыруға мемлекет қаржысы ғана емес, бизнес қауымдастық өкілдерінің көмегіне жүгінуге жол ашады.

Форумға арнайы қатысқан «Атамекен» ұлттық палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша халықтын әлеуметтік мәселелерін шешуге бизнестің қатысуы мен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру бойынша «Атамекеннің» бастамалары кең қолдауға ие.

- Қазіргі таңда бизнес жоғары әлеуметтік жауапкершлікті көрсетіп отыр. Былтырдың өзінде 2 мың компания әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асыру мақсатында 122 млрд теңге қаржы жұмсаған,  - дейді Эльдар Жұмағазиев.

Талдықорған қаласының төрінде өткен форум жұмысына еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев, «Атамекен» ұлттық палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, сонымен қатар бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік құрылымдар, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың 300-ге тарта өкілі қатысты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар