Қазақстан • 24 Маусым, 2018

Қазақстан халқы дәстүрлі халықаралық Олимпиада күнін атап өтуде

5812 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан халқы жылдағы дәстүр бойынша Халықаралық Олимпиада күнін атап өтіп, еліміздің барлық өңірінде бұқаралық-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Биыл ең басты олимпиадалық мерекелердің бірін әлемдегі спортсүйер қауым 70-ші рет тойлауда. Мерейтой құрметіне орай, Халықаралық Олимпиада комитеті бар әлемдегі спорт жанкүйерлері мен салауатты өмір салтын қолдаушыларды бірігуге шақыратын #UnitedBy кампаниясын іске қосты.

Қазақстан халқы дәстүрлі халықаралық Олимпиада күнін атап өтуде

Астана тұрғындары жексенбілік таңды Астаналық саябақтағы фитнес-жаттығудан бастады. Бұл шараға танымал отандық спортшылар, Олимпиада ойындарының қатысушылары мен жүлдегерлері қатысты. Таңғы жаттығу жұмысы қалалық әкімдіктің "Fitness Park Astana» жобасымен бірге өтті. Бұл жоба бірнеше жылдан бері астаналықтарға демалыс күндерін сәтті әрі денсаулыққа пайдалы етіп өткізуге көмектесіп келеді. Сондай-ақ, спорттың әр түрі бойынша өтетін шеберлік сағаттары мен көрсетілімдер кішкентай қатысушылардың ерекше назарын аударды.

«Спорт – бірлік, достық және даму идеологиясын насихаттайтын басты құралдардың бірі. Сол себепті, елімізде мұндай спорттық шаралар дәстүрлі түрде өтіп, халықтың қызығушылығын арттырғанына қуаныштымын. Бұл күн біздер, олимпиадашылар үшін ерекше қуанышты күн. Мереке кезінде достарымызбен және жанкүйерлерімізбен кездесіп, бір марқайып қаламыз. Біз үшін Олимпизм деген не? Олимпизм – ақыл мен дененің және еркіндіктің тепе теңдігін сақтап, біріктіретін өмір философиясы. Спорт пен мәдениетті және білімді біріктіретін Олимпизм салауатты өмір салтын ұстануға, адами құндылықтарды жоғары қоюға, жалпыға ортақ этикалық қағидаларды сақтауға үндейді. Мен баршаңызды керемет мерекемен құттықтай отырып, біздің олимпиадалық отбасымыз үлкейе берсін деген тілек айтамын», - дейді бүгінде күрес түрлері бойынша қазақстандық федерацияның вице-президенті қызметін абыроймен атқарып отырған Гузель Манюрова.

Спорттық дәстүрлер Алматыда да ұмыт қалған жоқ. Алматылықтар бұрынғы дәстүрден жаңылмай, Олимпиада күнін веложарыспен атап өтті. Жарыс «Нұрлы Тау» бизнес орталығында басталды. Сондай-ақ, веложарысқа қазақстандық спортшылар да қатысты. 23 маусым күні «Я с тобой» балаларға паллиативтік көмек көрсету Орталығы Қазақстан ҰОК қолдауымен Олимпиада күнін тойлау аясында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың қатысуымен «Жас көшпенділер» ойынын өткізді.

23-24 маусым күндері Қазақстанның өзге де облыстарында Халықаралық Олимпиада күніне арналған спорттық-бұқаралық шаралар өтті. Бұл мерекені әлем халқы екі күн бойы #UnitedBy ұранымен өткізген болатын. Қазақстан халқын да осы екі күн бойы Спорт біріктірді. Олимпиада күнін тойлауға қатысушылар арнайы сертификатқа және еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұсынған жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.

Халықаралық Олимпиада комитеті 1948 жылдың қаңтарында Санкт-Морице қаласында өткен ХОК-тің 42-ші сессиясы кезінде 23 маусым күні Халықаралық Олимпиада күнін атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл күн арнайы таңдап алынды. Себебі, 1984 жылдың 23 маусымы күні олимпиадалық қозғалыстың қайта жандануына өлшеусіз үлес қосқан барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгресс алдында өзінің тарихи баяндамасын оқыған еді. Конгресс 1896 жылы Грекияда бірінші Олимпиада өткізу туралы шешім қабылдаған соң, сол кезде құрылған ХОК-ті Кубертен өзі басқарды.