Қазақстан • 24 Маусым, 2018

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті

1285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде екі күн қатарынан салтанат құрған айтулы шараға әлемнің он екі мемлекетінен келген әйгілі этно музыканттар мен танымал спортшылар қатысты.  Шараға мұрындық болған Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері биылғы фестиваль Астананың 20 жылдығына орайластырылып отырғанын айтады.

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті

Қаз-қатар тігілген қазақы нақыштағы ақшаңқан үйлер шараның шырайын ашып, ауыздығымен алысқан арғымақтар рух мерекесінің ажарын арттыра түсті. Бір бойына сан өнерді қатар тоғыстырған  өрелі өнерпаздар жиылған жұртты көшпелілер әлемімен қауыштырып, ұлы даланың рухын аспандатты. Білегі қуатты  жігіттер балуандық өнердің сиқырымен баураса, жүрегі шуақты өнер майталмандары жырдан шашу шашып, салқар даланы әсем сазымен тербеді. Олардың сапында Мажарстандық Габриелла Киш және Золтан Шоиомфи-Наги-шаман, бауырлас қырғыз елінің атақты этно әншісі Нұрзат Айдарқұлова, көмеймен ән айтудың хас шебері Алтайлық Ирина Кензина, Бураттар елінің атынан келген ресейдің еңбек сіңірген әртістері Сергей Аюшеев пен Олег Булутов, «Байкал» мемлекеттік ұлттық ән және би театры, «Сэргэ» ансамбль, сондай-ақ «Ұлытау», «Алашұлы», «Хассақ», «Тұран», «Тиграхауд», «Сазген сазы», «Сармад», «Бабалар сазы» тәрізді отандық өнер ұжымдарын ерекше атауға болады.

Ұлттық құндылықтарымыздың діңгегі саналатын  көкпар, аударыспақ, қыз қуу, асауға тұсау салу, бәйге  ат десе делебесі қозатын ағайынды арқаландырса, құсбегілер мен саятшылар аймағында ұйымдастырылған бүркіт, ителгі ұшыру, құмай тазыны аңға салу сияқты  ұлттық ойындар көрерменді тәнті етті. Темірден түйін түйген зергерлер мен ісмерлер шеп құрған шеберлер аймағында жүн сабау, ұршық иіру, киіз, текемет басу, кесте тоқу, қыш құмыра жасаудың қыр-сырына қанықтыратын арнайы шеберлік сабақтары өткізілді.  Фестиваль қонақтары шоққа піскен таба нан, қазан қарма, балқуырдақ, нарын, бүлкеқарын, үлпершек, жаужүрек, балқаймақ тәрізді тіл үйіретін түрлі тағамдардан дәм татып, ұмытылып бара жатқан ұлттық ас мәзірлері қайта жаңғырды.

«Басты мақсат – қазақстандықтар мен шет елдік қонақтарға көшпенділер мәдениетін, қазақтың ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету» – дейді шараны ұйымдастырушылар. Жылдағы дәстүр бойынша думанды мерекені кез-келген  тұрғынның тегін барып тамашалауына толықтай мүмкіндік жасалды. Қаладағы Орталық стадион мен «Астана» алаңынан, «Саяхат» автобекеті мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры маңынан әр жарты сағат сайын арнайы автобустар қатынап, Алматылықтар мен қала қонақтарын көшпенділер мұрасымен қауыштырды. Осылайша этнофестивальға келгендер көшпенділердің көне тарихынан сыр шертіп, тұрмыс-салтынан хабар беретін өзіндік ерекшеліктерін көзбен көріп қана қоймай көңілге түйіп қайтты. Мұны шетелдік меймандардың ыстық ықыласынан байқадық. Ұлттық құндылықтардың қайнарынан қанып ішіп, ежелгі Тұран өркениеті мен көне Түркілер тарихына саяхат жасауға келгендер қазақ даласының кеңдігіне, баласының өрлігіне тағы да бір бас иді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51