Қазақстан • 25 Маусым, 2018

«Қазақтану» қазығы қағылды

1416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бурабайдағы Абылай хан алаңында қоғамдық келі­сім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша өткізілетін респуб­ли­калық лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдас­тыруымен «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жо­ба­сының тұсауы кесілді.

«Қазақтану» қазығы қағылды

Жоба идеясы алғаш рет ҚХА-ның XXVI сессиясын­да көтерілген болатын. «Қазақ­тану» жобасының негізгі мақ­са­ты – «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпы­ұлттық тарихи санасының не­г­і­зін­де халықтың бірлігін ны­ғайту. Сондай-ақ аталмыш жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.

Іс-шараға ҚХА мүшелері, елі­міздегі жетекші инс­титут­тардың ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ҚХА ғы­лыми-сарап­шылық кеңесінің, этно­мәдени бір­лестіктердің мүше­лері, мем­лекеттік органдар, рес­­пуб­ликалық жастар бірлес­тік­тері, жоғары оқу орындары, Қо­­ғам­дық келісім кеңестері, Аналар кеңестері мен ҚХА кафе­драларының өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан ҚХА Тө­раға­сының орынбасары – Хат­шылық меңгерушісі Леонид Про­копенко аталған жоба ха­лық­тар арасындағы бірлікті ны­ғайтуды көздейтінін атап өтті. «Біз қазақтың басын қосқан қасиетті Абылай хан алаңында ҚХА-ның қолдауымен жүзеге асатын ғылыми-ағартушылық «Қазақтану» жобасының тұ­саукесер рәсімін өткіздік. «Ру­­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында орындалатын бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын наси­хаттауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – ұлттық құнды­лық­тарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау. Сон­дай-ақ қазақ халқының ұлт­тық құндылықтарына айнал­ған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дә­ріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңіру. Жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Осыған орай республикалық деңгейде Қазақстан халқы Ас­самблеясы лекторийін бастап кеттік. Ол еліміздің барлық өңір­лерінде ұйымдастырылып, біз­дің лекторларымыз аудандар мен шалғай ауылдарға барады», деді ол.

Өз кезегінде сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова жобаның басталуымен құттықтады. «Біз бүгін үлкен бір тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Осындай ұлтымыз үшін аса маңызды жобаның тарихи алаңнан бастау алуы да тегін емес. «Қазақтану» қазақ халқының мәдениетін, төл өнерін, тарихын зерделеп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағалы жобалардың бірі болады деп сенемін», деді А.Мүсірәлімова.

Осы жобаның алғашқы қадам­дарының бірі ретінде Абылай хан алаңында Леонид Прокопенко кішкентай Мұхаммедтің тұсауын кесіп, бата берілді. Сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын түсініп, насихаттау үшін белсенді түрде жастарды тарту – жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қоз­ға­лысының атқарушы директоры Тимур Жұмырбаев жоба­ның жастар үшін де үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. «Жоба жастарымыздың еліміз тарихы мен мәдениетіне жете үңіліп, терең түсінуіне көмек­теседі. Осы орайда мектептерде және жоғары оқу орындарында қазақ мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің жарқын өкілдері туралы пікірталастар өткізіліп, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады», деді ол.

Осы орайда «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиев «Қазақтану» жобасына ғылыми-зерттеу орталығы өз қолдауларын білдіретінін айт­ты. «Бұл жоба Қазақстан эт­нос­тарының арасында қазақ хал­қының тарихын, дәстүрлерін, гуманистік және адамгершілік принциптерін дәріптейді. Елі­міздегі әрбір ұлт пен ұлыс өкіл­дері Қазақ елінің тарихын, мәдениетін, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылықтың басты кепілі. Ал қазақ мемлекетті құраушы ұлт болуы қажет. Сондықтан біз еліміздегі бейбітшілікті сақ­тап, елімізді одан әрі дамыта түсуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асатын «Қазақтану» жобасы да оcы мақсатты көздейді», деді Б.Әбдіғалиев.

Мемлекет тарихы инсти­тутының директоры, профессор Бүркітбай Аяған Ассамблеяның бас­тамасымен жүзеге асып отыр­ған «Қазақтану» жобасы «біз қайдан шықтық, қайда ба­ра­мыз» деген ұлт үшін аса ма­ңызды сұраққа жауап іздейді дейді. «Бұл өз кезегінде барша қазақстандықтарға қазақ мәде­ниетінің, тарихының, филосо­фиясының біріктіруші күші – қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда», деді Б.Аяған.

Сонымен қатар қоғамдық келісім және жалпыұлттық бір­­лікті нығайту бойынша өт­кізілетін республикалық лекторий аясында ғалымдар мен сарапшылар «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жиде­бай­дың жұлдызды даласы», «Шы­ғыстың рухани керуені», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «Ақмола облысының тарихи топонимикасы», «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мәселесі», «Қазақстантану және қазақтану: ұғымдардың арақа­тынасы» тақырыптары бойынша баяндамалар оқыды.

Жоба шеңберінде жүзеге аса­тын «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы мен «Тау­ларды аласартпай, даланы ас­қақтатайық» жобалары елі­міздің әрбір өңірін қамтиды. Жоба барысында мақсатты аудитория мен ортақ міндеттерді ескере отырып, іс-шаралар өткізудің жаңа, стандартты емес түрлері мен әдістері пайдаланылады. Осы орайда жас қазақстандық ойшылдарды, әдебиетшілерді, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымды, сондай-ақ Қазақстан этностары өкілдерінің ішінен қоғамдық пікір лидерлерін іс-шараларға қатыстыру көзделген. «Қазақтану» жобасы аясындағы алғашқы іс-шаралар легі Көк­шетау, Щучье, Зеренді қала­ларында жалғасын тапты.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»