Қазақстан • 25 Маусым, 2018

Жан-жүрегімізбен қуанайық

721 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» дейді қазекем. Байтағымызда болып жатқан тарихи оқиғаларға қуа­на біл­геніміз, баға жеткізгісіз жақ­сы­лықтарды бағалай білгеніміз абзал.

Жан-жүрегімізбен қуанайық

Шырайлы-шұғылалы, пейілі кең, мейірі мол тұрғындары бар, қайырымды қала Шымкентіңіз бен түркі әлемінің текті төрі, елі­міз­дің рухани астанасы Түркіс­та­­ныңызға байланысты ұлан-асыр, ақжарылқап, ақжолтай қуа­ныш­ы­мыз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін.

Жасампаз Жарлығын жарияларда Елбасымыз екі ауыз сөзбен-ақ Шымкентке де, Түркістанға да айрықша анықтамалар айшықтап, басты-басты мақсаттар мен міндет­тер­ді айқындап берді.

Түркістан топырағында ұлы шайырымыз, данышпан ойшылымыз, теңдесі жоқ діндар ұстазымыз Ахмет Ясауидің, небір хандарымыз бен сұлтандарымыздың, би­леріміз бен батырларымыздың, қол­басшы қайраткерлеріміздің асыл сүйектері жатыр. Түркі дү­ние­­сіне ортақ төр, Қазақ хан­ды­ғының астанасы болған, Ұлы Жі­бек жолының бойындағы ұлық қаланың, Түркістаннан Түркі­басыға, Мырзашөл – Мақтааралдан Отырар – Созаққа созылып жатқан уә­лая­ттың, шуақты Шымкент ша­һа­­рының келешегі кемел, бола­ша­ғы берекелі.

Ахмет Ясауи бабамыз: «Өз дініңдегіні дос тұт, өзге діндердегіні де дұшпан тұтпа» деген. Сөйтіп түркі тіліне, мұсылман дініне қалтқысыз қызмет етпектің өшпес өнегесін танытқан. Өлмес мұра­лар қалдырған. Алаш ардақ­ты­лары Түркістан дейтұғын атау­ды ту етіп көтерген, мәңгілік ет­пек­ті армандаған. Мінекиіңіз, енді сол ар­мандар мен аңсарлар орындалып оты­рыпты.

Облысымыздың Түркістан ата­луы, Шымкентіміздің жоғары мәр­тебе алуы, Мақтаарал мен Сарыағашта екі бірдей ауданның ен­ші бөлісіп, өз алдарына отау ті­гуі – мұның бәрі де руха­ни жаң­ғы­руымыздың нақты нәти­же­лері. Жеңістері мен жемістері.

Бәзбір кісілер Оңтүстік Қазақстан атауын қимаймыз десе­ді. Қимастық – қасиетті сезім. Алай­да Түркістан ұғымы – ұлы ұғым. Оңтүстік деген ұғым да алаш­тың ауызекі ақындар айтысы секіл­ді ауызекі түрде айтыла берер. Мем­лекет басшысы тәуелсіздіктің әуел­гі жылдарында: «Оңтүстікте бір­лік-ынтымақ, бақ-береке болса, бүкіл Қазақстанымызда бірлік-ынтымақ, бақ-береке болады» деген.

Кешегі ОҚО, бүгінгі Түркістан облысының, Шымқаланың басшы­ларына да, қосшыларына да, бүкіл жұртшылығына да жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол – Ұлыстың ұйытқысы, алтын құр­сақ­ты аймақ атына бұрынғыдан бе­­тер берік те бекем болмақ, бір­лік пен ынтымақты көздің қара­шы­ғындай сақтап, жұмыла жұмыс істе­мек жауапкершілігі.

Қазақ елінде қуаныштар көбейе берсін.

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері