Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Қарағандыда Астана қаласының күндері өтті

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорданың 20 жылдық ме­рей­тойына орайластырылған «Астана қаласының күндері» ат­ты ауқымды іс-шара аясында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бастаған делегация Қарағанды облысында жұмыс са­парымен болды. Қонақтар ал­дымен Теміртау қаласына аял­дап, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығын аралап көрді.

Қарағандыда Астана қаласының күндері өтті

Бұдан кейін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов кен­шілер астанасында өткен «Өңір­ара­лық ынтымақтастық: Астана қа­ласы – Қарағанды облысы» атты биз­нес-форумға қатысты.

Аймақаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты сөз бол­­ған жиынның салтанатты ашы­луын­да Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қонақтарды Аста­наның алда келе жатқан мерейтойымен құттықтады.

– Астананың құрылысына Қараған­ды облысы белсене қатысты. Бүгін­де біз­дің көптеген жерлестеріміз ел­орда­­да жұмыс істейді. Жалпы, Астана мен Қарағанды облысының серік­тестігі сәтті болып отыр. Қарағанды облысының орналасқан жері мен инфрақұрылымы өте қолайлы. Биыл Астана – Қарағанды автобанының құрылысы аяқталады, бұл біздің қалаларымызды одан әрі жақындата түседі, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жалпы, алқалы жиында «Смарт-сити» қанатқақты жобасы, денсаулық сақ­тау саласындағы цифрландыру, мем­лекет-жекеменшік әріп­тес­тігі ме­ха­низмін іске асыру тәжі­рибе­сі, коопе­рация жүйесі бойын­ша өн­ді­рістік өнімдерді өндіру жә­не жет­кі­зу, елорда­ның азық-түлік бел­деу­і­нің мүмкіндігін артты­ру жә­не өңір­­дің басқа да даму басым­дық­та­ры негізгі әңгімеге арқау болды. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Smart City жобасын іске асыруда бірлесе жұмыс істеуді ұсын­ды. Оның пікірінше, аймақ­ара­лық ынтымақтастықты туризм, кәсіпкерлік және сандық технологиялар салаларында дамыту керек.

Қазіргі таңда Қарағанды облысы­ның ауыл шаруашылығы тауарла­рын өндіруші екі мыңнан астам кәсіп­орын елорда нарығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Былтыр олар Астана қаласына 25 миллиард теңгенің өнімін жеткізген екен. Ал келесі жылы бұл көрсеткіштің көлемін 40 пайызға арттыру жоспарланыпты.

Жиында Астананың әкімі елорданың бүгінгі тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат берді. Қазіргі таңда еліміздің бас қаласында шағын және орта бизнестің 100 мыңнан астам субъектілері жұмыс істейді екен. Олардың экономикалық құрылымдағы үлесі 58%-ды құрайды. Урбанизация мен көші-қон үдерісін бастан кешіп жатқан елордада халық саны артып, құрылыс белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жиырма жылдың ішінде Астанаға 8 триллион теңге инвестиция салынған. Әкімнің айтуынша, бюджеттен бөлінген 3 триллион теңге қаржы екі есеге жуық өтелген. «Мегаполистің қарқынды дамуы еңбек ресурсын қажет етеді, кадрларға деген сұраныс артады. Бірқатар мамандық иелерінің жетіспеушілігі сезіледі. Мысалы, бүгінде автобус жүргізушілері керек. Алдағы бес жылда Астанада 150 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», – деді Әсет Исекешев.

Форум аясында төрт бірдей ме­мо­рандумға қол қойылды. Атап айт­қанда, Астана қаласының әкімдігі мен Қарағанды облысының әкімдігі, «Астана Конвеншн Бюросы» ЖШС мен Қарағанды облысының кә­сіпкерлік басқармасы, «Астана Innovations» АҚ пен Қарағанды облы­сы­ның ақпараттандыру, мем­лекеттік қыз­меттер көрсету және мұра­ғаттар басқармасы, «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ пен «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ арасында өзара ынты­мақ­тастық туралы келісімдерге қол жеткізілді.

* * *

«Астана қаласының күндері» фестивалінің аясында бірқатар мәдени шаралар жүзеге асырылды. Кеншілердің мәдениет сарайында «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрме өтті. Онда елордадағы Тәуелсіздік сарайының қорынан алынған қазақ­стандық өнер шеберлерінің 60-қа жуық туындысы қойылып, жұрт назарына ұсынылды.

Көрмеден кейін қарағандылық өнерсүйер қауым «Астанадан ақ тілек!» атты айта жүрерлік кон­це­рт­тің куәсі болды. Кеште Астана қал­асының Мемлекеттік ака­де­мия­лық филармониясының қазақ ор­кестрі, «Шалқыма» халық биі және эстрадалық би ансамбльдері, классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әнші-солистері өнер көрсетіп, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы