Аймақтар • 25 Маусым, 2018

77 жылдан соң оралу

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 жасында майдан даласына аттанған жас сарбаз туған жерімен қайта қауыша алмады. Құспанғали Боранбаев сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданы Қызылту колхозынан 1941 жылы соғысқа алынып, 28-ші атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан еді. 1942 жылы Ресейдің Новгород облысы Парфинский ауданы маңында ерлікпен қаза тапты. Осылай бір ғұмыр қыршынынан қиылды. Бір отаудың оты жағылмады.

77 жылдан соң оралу

Одан бері де 70 жылдан ас­там уақыт өтіп кетті. Ақ­төбе қаласындағы Әлия Мол­дағұлова атындағы және Ярос­­лав облысы, Рыбинск қала­­сының «За Отвагу» іздеу топ­­тары бірлесіп, соғыс өрті шар­­пыған орманды даладан сарбаздың жерленген жерін тапты. Атырау облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Са­ламат Сабыр: «Қаза тапқан жауын­гердің сүйегі та­былған жерден аты-жөні ойылып жа­зылған ас ішетін қасығы да шықты. Осы жәдігердің ар­қасында жауынгердің есімі, туған жері анықталып, сүйекті еліне қайтару үшін Атырау об­­лысы басшылығының қол­дауы­мен арнайы делегация ұйымдастырылды», дейді.

Ел зиялыларының қатысуымен жауынгердің сүйегі 20 маусым күні Атырау қаласына әкелініп, облыс орталығындағы Жеңіс саябағында қаралы митингі өтті. Соғыс және еңбек ардагерлері, жастар мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ерен еңбектері, үлгі тұтар істе­рі, өжет мінездерімен майданда ғана емес, бейбіт өмірде де бізге үлгі болып жүрген соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету парызымыз» деген болатын. Ата-бабасы ұстанған ұстанымына адал болып, майданға аттанып, сол жерде ерлікпен қаза болған жерлесіміздің еңбегі бүгінге дейін жетті. Алайда туған топы­рағы бұйырмай келді. Бүгін Құс­панғали Боранбаев үшін жеңіс күні туды», деп атап өтті.

Шынында да, қазақ үшін туған топырақтан қастерлі дү­ние жоқ. «Ағамыздың сүйегін туыс­тары жатқан қауымға жер­лейміз. Көңіліміз толқып тұр. Осындай мүмкіндік жасаған облыс басшылығына ағайындар атынан алғыс айтамын. Ауылға барып, ата салтымен ас береміз», – дейді майдангердің туысы Злиха Дүйсекенова. Жеңіс саяба­ғын­дағы қаралы митингтен кейін жауынгердің сүйегі туған жері Құр­манғазы ауданына жол тартты.

Жастайынан зұлмат заманның зұлымдығын жүрегінен өткізіп, майдан даласында өмірі қиыл­ған батыр осылайша туған топыра­ғы­мен қауышты. Аңдаған адамға бұл да елдің елдігі көрінетін тұс.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ