Ағылшындардың қарқыны күшті
Англия футболдың отаны саналып, әлем футболына бірталай жұлдыздарды сыйлағанымен, дүниежүзілік доп додасындағы нәтижелері көңіл көншітерлік емес. 21 рет ұйымдастырылған әлем чемпионатының 14-не қатысқан ағылшын құрамасы тек бір рет ғана жаһандық турнирде топ жарған. 1966 жылы өз елдерінде ұйымдастырылған доп додасында сол кездегі Германия Федеративтік Республикасын финалда 4:2 есебімен жеңіп, алтын жүлдені иеленген-ді. Арадан 52 жыл өтсе де Англия құрамасының футболшылары Дүниежүзілік біріншілікте бас жүлдені иелене алмай келеді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін ағылшын футболшылары биылғы аламанға тас түйін дайын екенін алғашқы турда Туниске қарсы өткен ойында байқатты. Тунис құрамасының футболшысы Ферджани Сасси соққан жалғыз голына ағылшын шабуылшысы Харри Кейн екі голмен жауап беріп, құрамасына маңызды үш ұпай сыйлады.
Англия құрамасының биылғы әлем чемпионатына келген құрамын 2014 жылы Бразилияда өткен біріншілікпен салыстыруға мүлдем келмейді. Ағылшындар Ресейге әлем чемпионаттары тарихында ең жас (орташа 26 жас) құрамды алып келді. Екі жыл бұрын Францияда өткен Еуропа чемпионатында Англия дәл осы құраммен қатысқан еді. Сол уақытта да «Тоттенхэм» бестігі (Уокер «Манчестер Ситиге» ауысып кетті) және «Ливерпуль» мектебінің түлектері Стерлинг, Хендерсон, Александр Арнольд, «МЮ-ден» Лингард және Янг бар. Сондай-ақ бұл жолы Варди мен Кейннің жанына жас талант Маркус Рэшфорд қосылды.
Екі жыл бұрын ағылшын командаларында аздаған тоқырау болғаны белгілі. Мысалы, 2016 жылы ешкімге беймәлім болған «Лестер» командасы чемпион атанып, алпауыт командаларды артқа тастап еді. «Тоттенхэм» клубы да ұзақ уақыт үзілістен соң ЕЧЛ ойындарына қайта оралған-ды. Кейн, Алли, Дайер секілді футболшылар АПЛ дәрежесінде көзге түскенімен, Еуропа жасыл алаңдарында тәжірибелері аз болатын.
Дегенмен, екі жылдың ішінде АПЛ командаларында Пеп Гуардиола, Антонио Конте, Жозе Моуриньо, Почеттино, Юрген Клопп секілді жаттықтырушылар жұмыс істей бастады. Осыдан соң ТОП клубтар бұрынғы биігіне қайта оралды. Тек Англияда емес, Еуропада да ағылшын клубтары өз ойындарын тауып, рейтинг ұпайлары бойынша жеті жылда бірінші рет Испаниямен теңесті. Бес командасы ЕЧЛ плей-офф кезеңіне шықса, «Ливерпуль» финалда жеңілді. Әрине дәл осындай даму ұлттық құрамаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Енді Англия футболшылары кез келген қарсыласқа лайықты ойын көрсете алатынын дәлелдей бастады.
«Панама – екі теңіз күші»
Осындай ұранмен жасыл алаңға шығатын Панама құрамасы футболшылары КОНКАКАФ (Солтүстік пен Орталық Америка және Кариб теңізі мемлекеттерінің футбол конфедерациясы) былтыр тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. КОНКАКАФ аймағындағы бесінші іріктеуде Панама құрамасы Мексика, Коста-Рика, Гондурас, АҚШ және Тринидад және Тобагомен жолдаманы сарапқа салған. Соңғы тур алдында Мексика мен Коста-Риканың әлем біріншілігіне қатысатыны белгілі болып қойған еді. Ал АҚШ футболшылары соңғы турда Тринидад және Тобаго құрамасынан жеңіліп, үшінші жолдамадан қағылды. Панама футболшылары әлем чемпионатына баратыны нақтыланып қойған Коста-Рика құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, тарихта бірінші рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.
Өткен жылдың 11 қазан күні Панама әлем чемпионатына жолдама алған соң ел президенті сол күнді ұлттық мереке ретінде атап өтіп, бір күндік демалыс деп жариялады.
Transfermarkt сайты Панама құрамасының футболшыларын 11,6 миллион еуроға бағалаған. Бұл биылғы әлем чемпионатына қатысып жатқан құрамалардың арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Панамалық 23 футболшының тек бесеуі ғана Еуропа жасыл алаңдарында ойнайды. Атап айтар болсақ, қақпашы Хайме Пенедо Румыния чемпионатында, қорғаушы Эрик Дэвис Словакия біріншілігінде, жартылай қорғаушылар Рикардо Авила мен Хосе Луис Родригес Бельгия чемпионатындағы «Гент» командасының қосалқы клубында, шабуылшы Исмаэль Диас Испанияның үшінші лигасында доп тебеді. Қалған футболшылар Оңтүстік және Солтүстік Американың ішкі біріншіліктерінде ойнайды. Биылғы әлем біріншілігінің алғашқы турында Панама Бельгия құрамасымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіліп қалды.
Тунис тағы да жеңілді
Тунис құрамасы Ресейдегі әлем чемпионатының іріктеу кезеңін польшалық маман Хенрик Касперчак қол астында бастаған болатын. Бірақ жарты жолға келген Тунис футболының басшылары оны қызметінен босатып, орнына жергілікті маман Набиль Маалулды бас жаттықтырушы етіп тағайынды. Касперчак Туниспен бірге әлем чемпионатына іріктеуді жақсы бастаған-ды. Бірақ оның қызметінен кетуінің басты себебі – Тунистің 2017 жылғы Африка кубогының ширек финалында Буркина-Фасо құрамасынан жеңіліп қалуы болды. Набиль Маалул Тунисте беделі бар маман саналады. Ол өз уақытында құрама сапында 74 рет ел намысын қорғаған футболшы. Сонымен қатар ол 2004 жылы Африка чемпионатында Тунис құрамасы бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарған.
Тунис құрамасының аты аталғанда Еуропа футболын жақсы білетін жанкүйерлердің есіне Аймен Абденнур оралатыны анық. Өз уақытында «Тулуза», «Монако», «Валенсия» сияқты клубтарда ойнаған қорғаушы Абденнур күні кешеге дейін Тунистің нағыз сенімді қорғанысы саналатын еді. Дегенмен, қорғаушы соңғы уақытта «Валенсия» клубының қосалқы құрамына түсіп қалып, ұлттық құрама сапына іліге алмай жүр. Айменнің орнын ендігі кезекте Али Маалул мықтап иеленіп, құраманың негізгі жетекшісіне айналып үлгерді. «Әл-Ахли» футболшысы 2014 жылдан бері құрама сапында үздіксіз ойын көрсетіп келеді.
Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Туниске Конго футболшылары лайықты қарсылық көрсетті. Әсіресе Конгода өткен матч екі құрама үшін жолдама тағдырын шешіп бергендей болды. Себебі сол ойнында тунистіктер алаң қожайындарынан 2:0 есебімен жеңіліп жатып, ойын соңында есепті теңестіріп кеткен-ді. Дәл осы матчтан кейін Тунис пен Конго арасын 3 ұпай бөліп тұрды. Соңғы турда Туниске тең ойын да жетіп жатыр еді. Сөйтіп ақырғы турда Тунис тең ойнап, 12 жылдан соң қайтадан мундиаль жолдамасын иеленді.
Әлем чемпионатының топтық кезеңінде Тунис құрамасымен бір топта сынға түсетін Англия (0:2, 1998) және Бельгия (1:1, 2002) футболшыларымен бұған дейінгі біріншілікте жолығып үлгерген. Бұл жолы да аталған құрамалармен кездесіп, Англиядан 2:1 және Бельгия құрамасынан 5:2 нәтижесімен жеңілді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»