Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Тәртіпті таксидің жұлдызды шағы

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Орал қаласында ХХІ ғасыр басталғалы жол ережесін бір мәрте де бұзбаған, айыпқа тартылмаған такси жүргізушілерін Орал қалалық Жергілікті полиция қызметі басқармасы ерекше құттықтады.

Тәртіпті таксидің жұлдызды шағы

Бір қызығы, такси жүргізу­шілері полицияның мұндай ерекше шара дайындап жатқа­нынан хабарсыз болыпты. Әдеттегідей «тапсырыс» алып, клиентін діттеген жеріне жеткізу үшін Оралдың орталық саябағы жанындағы П.Атоян стадионына жақындап келген Наурызбай Көбжанов пен Сергей Прошин форма киген полиция қызметкерлерін, қаптаған журналистерді көріп аң-таң қалды. Тілшілер қаумалап, фото мен бейнекамераға түсіріп, ал полиция қызметкері арнайы алғыс хат ұсынғанда ғана мән-жайды түсініп, қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.

– Бұл жүргізушілер сонау 1999 жылдан бері бір де бір рет жол апатына ұрынбаған, ереже бұзбаған. Тіпті «жол ережесін сақтау – әр жүргізушінің күнделікті сақтауы тиіс қарапайым қағидасы емес пе?» деп қарапайымдылық танытып тұр. Қаламыздың барлық жүргізушісі осындай жандардан үлгі алса, – дейді Орал қалалық Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбдулқалықова.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»