Қазақстан • 25 Маусым, 2018

Тартылыс заңы немесе туристерді тамсандырған шаһар

672 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мыңжылдықтар тоғысындағы заманауи шаһар Астананың тұрақты дамуы мен қала халқының өмір сүру стандарттарын жақсарту, әлеуметтік салаға икемделген экономика құру басты мақсат ретінде белгіленіп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев орта мерзімді міндеттерді шешумен қатар, елорданы дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарлары жөнінде айқын ұстанымымыз болуы тиіс екенін, сондай-ақ  дамыған инфрақұрылымға, мансаптық жағынан ғана емес, мәдени демалыс тұрғысынан да әртүрлі мүмкіндіктердің іске асырылуын міндеттеп келеді.

Тартылыс заңы немесе туристерді тамсандырған шаһар

Өңір табиғатының қаталдығына қарамастан небәрі 20 жылдың ішінде жасыл желекті шаһарға айналған елордаға жыл сайын мыңдаған адамдар ағылып келіп жатыр. Мәселен, 2000 жылдан 2013 жылға дейін Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға дейін, яғни екі еседен артық өскен. Ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың мекені болған Қазақстанды, оның ішінде сәулеті мен дәулеті қатар жарасқан елордасы Астананы көруге қызығып отырған алыс-жақын шетелдіктер де толастамай отыр. Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, Астанадағы күн сайынғы іскерлік және мәдени шараларға қатысуға Ресей, Қытай, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерден туристер жиі келетін көрінеді. Мұның бірден-бір себебі Астананың өмір сүруге өте қолайлы, дамыған инфрақұрылым мен мансаптық жағынан ғана емес, мәдени демалыс тұрғысынан сан-алуандыққа ие қала екенін көрсетсе керек.

Баршаға мәлім, Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамытудағы туризмнің ықпалын: «Ағымдағы дамудың маңызды мәселелерінің бірі Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестицияларының ағынын әр тараптандыру болып табылады. Оларды перспективалы салаларға, мысалы, туризм саласына бағыттау қажет. Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10 пайызына дейіні тиесілі. Тұтастай ел бойынша туризм өсімінің нүктелерін зерттеу қажет, олар аз емес. Осымен байланысты Алматы жанындағы әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курорттарын дамыту маңызды жоба болуы тиіс. Үкіметке осы ғажайып аймақты, сондай-ақ Ақмола облысындағы Бурабай курортты аймағын дамытудың жүйелі жоспарын жасауды тапсырамын», деп айтқан болатын.

Бұл ретте Қазақстан экономикасына мультипликативті әсер етіп қана қоймай, елімізді қосымша жаңғыртуға дем берген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі айқын дәлел. Әсіресе кіші және орта бизнестің дамуында, сондай-ақ қызмет көрсету саласында, қонақ үй бизнесінде және ішкі туризмде нақты табысқа жетуге ықпал етті. Планетамыздың зияткерлік және технологиялық әлеуетін танытуға бірегей мүмкіндік берген көрме кезінде Астана қаласына 5 миллион 400 мың адам сапарлап келуі еліміздің бас қаласының абыройын асқақтата түсті. Соның арқасында Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесі соңғы үш жыл қатарынан тұрақты артып келеді. Мысалы, 2015 жылы – 0,9 пайыз болса, 2016 жылы – 1,1 пайызға жеткен, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 1,3 пайызға артқан. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шетелдік (кірмелік туризм) келушілердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайызға өсіп отыр.

Астана әлемге саяси алаң болып қана танылып қоймай, сонымен бірге технология, қаржы, зияткерлік ресурстар, тіпті, соңында туристер ағылып келіп құйылып жататын орталық ретінде танылуы үшін мемлекет  индустрия, инновация, инвестиция мәселелеріне айрықша ден қойып келеді. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасының 57-қадамы туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту міндетіне сәйкес құрылған «Астана – Еуразия жүрегі» жобасы негізінде бірқатар ауқымды шаралар атқарылып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс, мәдени және спорттық тыныстауы үшін бірегей жобалар қолға алынған. Аталған мәдени-туристік кластер аясында Астананың 20 жылдық мерекесіне орайлас іске асырылып жатқан бес жоба таяу уақытта аяқталып, ел игілігіне берілмек. Оның бірі Қызылорда облысы Астана қаласына «Ғарыш сапары» ғарыш орталығында орналасатын зымыран – ғарыш орталығының ашық экспозициясын сыйламақ. Бұл жоба тұңғыш галактика музейін құрудың алғышарты ретінде саналады. Қазіргі уақытта аумақта «Протон» зымыранының макеті орнатылып, «Союз» ғарыш кемесінің макетін өңдеу жұмыстары басталып кетті. Одан кейін «Миллениум паркі» тұрғын-үй кешенінің жанында әлемдік деңгейдегі жабық аквапарк салу «Базис» компаниясы арқылы, Вейк-Парк спорттық ойын-сауық кешенін құру «Sanur» ЖШС компаниясы есебінен жүзеге асырылмақ. «Аэродинамикалық құбыр» спорт кешені мен «City Box» бульвары жобаларының эскиздік жобасын әзірлеу жұмыстары таяу күндері аяқталып, орындау мен тиімділікті бағалаудың айқын критерийлері белгіленіп отыр.

Астанадағы туристік саланы одан әрі жандандыру мұнымен шектеліп қалмақ емес. Әсіресе қала күні қарсаңына жоспарланып отырған «Қазақстан – Ұлы Дала елі» көрмесі, III халықаралық «Kóshpendiler Álemi» этнофестивалі, «Ұлы дала Аламаны» ат жарысы, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің мүшесі мемлекеттердің туризм бойынша министрлерінің IV кездесуі, Қазақстандағы Өзбекстан туризм жылын жабылуы, «Астана Опера» мен Пекин ұлттық опера театрының бірігіп сахналайтын «Турандот» операсы, Ресей, Португалия, Германия, Қытай, Испания, Нидерланды және өзге елдерден келген әртістердің қатысуымен өтетін «Eurasian dance festival» сынды әралуан іс-шаралар мәдени кеңістікті жандандыра түсері сөзсіз. Астана қаласының 20 жылдығын тойлауға байланысты алыс-жақын шет елдерден туристердің келуіне орай қала инфрақұрылымы мен туристерге арналған тиімді баға саясаты бір жолға түсті. Қала қонақтары қалталарының қалыңдығына қарай қалаған орынды таңдай алады. Ал мерейтой қарсаңында алыстан ат арытып жеткен қонақтарды қарсы алуға 15 645 орындық 201 қонақ үй мен 95 хостел ерте бастан әзірленіп те қойған.  Үй-жай, тамақтану орындары мен өтетін іс-шаралар туралы ақпараттарды www.welcometoastana.kz туристік сайтынан, Welcome to Аstana мобильді қосымшасынан және Инстаграм және Facebook әлеуметтік желілерінен алуға болады.

Қазіргі күні ел аумағында туристік агенттіктердің мемлекеттік электрондық тізіміне 2969 туристік агенттік тіркелсе, туристік оператор қызметін жүзеге асыру құзыреті 1145 туристік операторға берілген. Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Д. Құрмашеваның айтуынша, елге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де алдын ала бір жүйеге келтіріліп қойған. «Туристер қандай да бір мәселе, сұрақтар бойынша «Астана Конвеншн Бюро» компаниясы ұйымдастырған ақпараттық дүңгіршектерге хабарласа алады. Мұндағы менеджерлер қала туралы, орналасу орындары, тамақтану орындары, көрікті жерлер мен ұялы байланыс туралы сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, олар туристерге қонақ үйден бөлме броньдауға қажетті мекенжайды табуға көмектеседі. Ақпараттық дүңгіршектер Н.Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа терминалында, «Астана Нұрлы жол» теміржол вокзалында орналасқан. Және де былтырғы жылдан бастап, туристерге барлық қажетті ақпарат беру үшін туристік сall-орталық жұмыс істейді. Қала қонақтары кез келген мобильді оператордан 8 800 080 38 38 нөмірі арқылы тегін қоңырау шала алады», дейді ол.

Бүгінде туризм әлемдегі ең пайдалы бизнестердің бірі екені бұлтартпас шындық. Еліміздегі саяси жағдайдың тұрақтылығы, туристік-рекреациялық ресурстар, қазақ халқының қонақжайлығы, тұрақты нарықтық бәсекелестік, мемлекеттік қолдау өз кезегінде туризм индустриясының гүлденуіне қолайлы кеңістік қалыптастырып үлгерді. Әйтсе де белгілі бір заңнамалық шешімдер аясында шешуді қажет ететін кедергілер де жоқ емес. Атап айтқанда азаматтардың шектеулі мүмкіндіктері, кіру туризмі үшін қызмет көрсету деңгейінің әлі де болса төмендігі, толық жетілмеген туристік инфрақұрылым, мемлекет пен жеке сектор мүдделерінің келіспеушілігі сынды жайттар әлі де болса бір ізділікке түспей келеді.

Тағы бір айта кетерлігі, 2017 жылы Астана қаласы әкімдігі халықаралық Horwath HTL консалтингтік компаниясымен бірге 2017-2020 жылдарға арналған Астана қаласының туризмді дамыту стратегиясын жасап шығарған болатын. Аталған стратегия қаланы туристік дестинация ретінде MICE-туризм, қалалық рекреациялық демалыс пен медициналық туризмді дамытуды қамтиды. Ал аталған салалар бойынша ортақ серіктестікті нығайтуға, Орталық Азияның біріккен туристік бағдарын әзірлеуге Астананың мүмкіндігі толық жетеді! Тұрақты даму мен «дұрыс» экономика қағидаттарына сай жаһандық «ақылды» қалалардың бір бөлігіне айналу жолында кешенді жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік саясат одан әрі жалғаса бермек.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше