Үкімет • 25 Маусым, 2018

Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болды

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болды, онда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету әдістерімен және өңірде жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.

Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болды

Премьер-Министрге операциялық залдың және дайын құжаттарды беру залының жұмысы таныстырылды. Электрондық кезек жүйесін енгізудің арқасында қызметтерді алу уақыты қысқартылды. Мемлекеттік қызметтердің жаңа стандарттарына сәйкес мамандандырылған ХҚКО-да күтудің максималды уақыты құжаттарды өткізген кезден бастап 90 минуттан аспауы керек, ал құжатты өткізгенге дейінгі күту уақыты — 20 минуттан аспауы тиіс. Бір азаматтың құжаттарын қабылдау уақыты да шектеулі, бұл да 20 минуттан аспауы тиіс.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшесінің директоры Б. Ақан мамандандырылған ХҚКО 2017 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Осы жылдың бес айында 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның ішінде көлікті тіркеу бойынша — 16 мыңнан астам, жүргізуші куәлігін беру бойынша — 5 мыңға жуық.

Алғашқы мамандандырылған ХҚКО 2012 жылдың желтоқсан айында пилоттық режимде Қарағандыда ашылды. Бизнес-процестерді автоматтандыру, мемлекеттік органдардың барлық дерекқорларын және ақпараттық жүйелерін біріктіру, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеуге қажетті барлық кезеңдерді бір кешенге біріктірудің нәтижесінде аталған қызметтерді көрсету уақыты орта есеппен 2 сағатқа қысқартылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда халыққа қызмет көрсетудің 13 мамандандырылған орталығы жұмыс істейді.

Мұнда Премьер-Министрге «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуы туралы баяндалды.

Облыс әкімінің орынбасары В. Крылов Ақмола облысында цифрландыру білім беру, денсаулық сақтау, интеллектуалды көлік жүйесі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік және Smart аудан секілді бағыттарда жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Білім беру саласында кезек қалыптастыру процестерін автоматтандыру, мектеп жасына дейінгі балалар ұйымдарына бағыт беру және балаларды мектепке қабылдау жөніндегі жобаларды іске асыру басталды.

«Бұл жүйе шілде айында облыстың қалалар мен аудан орталықтарындағы 145 мектепке дейінгі ұйымында іске қосылады және балаларды туылған кезінен бастап кезекке электронды түрде тұрғызуға, балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алуға, үйден шықпай-ақ орынды ауыстыруға, баланың электрондық паспортын: портфолиодағы балалардың барлық жетістіктері, білім беру траекториясы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу бағдарламаларында оқыту, оқытудағы прогресс және даму бойынша ұсынымдарды алуға мүмкіндік береді», деді В.Крылов.

Облыс әкімдігінің деректері бойынша, білім беру жүйесін цифрландыру жобаларын іске асырумен жүзеге асатын электронды құжаттар айналымы мұғалімдердің жүктемесін 40% азайтады, білім алушылардың білім сапасын 80% дейін арттырады, мемлекеттік қызметтер көрсетуде сыбайлас жемқорлық қатерлерін 70% төмендетеді.

Бұдан өзге, Премьер-Министрге Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте жүру құнын төлеуді бақылауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша таныстырылды. Жобаны іске асыру 2018 жылдың соңына дейін жоспарланған. Жүйеде жолақы төлеудің қолма-қол ақшалай да, қолма-қол ақшасыз да түрлері пайдаланылып, ескеріле алады.

Қолма-қол ақшасыз төлеу үшін түрлі төлем тәсілдері қолжетімді: жанасусыз көлік карталары, банк карталары, жанасусыз банк карталары, әлеуметтік карталар және мобильді төлемдер (NFC). Жобаны енгізудің бірінші кезеңінде автобустарды кондуктормен қоса, тасымалданатын көлік терминалдарымен жабдықтау көзделіп отыр. Одан соң тұрғындар жеткілікті мөлшердегі көлік карталарын алған соң жұмыс режимі кондукторсыз жүйеге көшіріледі.

Цифрландыру жобалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша да белсене іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, осы жылдың соңына дейін МЖӘ аясында «MultiRadar SD580» типті жылдамдық режимін бұзуды анықтау жүйесінің 3 жиынтығын іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобаны іске асыру үшін 124 бейнекамера орнатылады.

В.Крылов сонымен қатар ТКШ саласындағы цифрландыру туралы айтып берді, ол энергия ресурстарын есептеу құрылғыларын жалпы үйге орнату арқылы оларды кейіннен бірыңғай интеллектуалды ақпараттық жүйеге берумен, Бірыңғай есептеу-қаржы орталығын құрумен, Е-КСК мобильді қосымшасымен құрылыс мониторингін кіріктірумен іске асырылады. 2025 жылға дейін 948 үйге ортақ жылу энергиясын есептеу құрылғысы, 2024 автоматты жылу пункті, 2098 ЭБЕАЖ орнатылады. Энергия ресурстарын есептейтін бұл құрылғылар бірыңғай интеллектуалды ақпараттық жүйеге кіріктіру мақсатында дистанциялық деректерді беру құралдарымен жабдықталатын болады.

Еске салайық, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында әзірленген. Мақсаты — орташа мерзімдік перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканың даму қарқынын үдету, сонымен қатар Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдайлар тудыру.