Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Семейде Сабантой мерекесі облыстық деңгейде тойланды

942 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сабантой татар халқының егін бітік шықсын деген тілекпен жасайтын көктем мерекесі. Семейдегі Ертіс жағалауында Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының төрайымы, Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері, Камилия Исмаилованың жетекшілігімен Татар халқының ұлттық мерекесі кең ауқымда, облыстық деңгейде атап өтілді. Атаулы мерекеде татар халқының ән-жырлары  шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, даңқты спортшы Ром Ильматовтың айтуынша «Татарча курәс» ойынына қатысушылардың санында шек болмады.

Семейде Сабантой мерекесі облыстық деңгейде тойланды

Бесқарағай ауданынан арнайы келген Башкөлдік татар ағайындар ұлттық тағамдарынан дәм татырды. Барлығы жиналып, Татар халқының талантты ұлы Ғабдолла Тоқай ескерткішінің басына гүл шоқтарын қойды. Елді берекелі тірлікке бастайтын шараны дініне берік татар халқының дәстүрі бойынша имам тілек айтып бастады.

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаевтар қатысты.

– Құрметті семейліктер және қала қонақтары! Ынтымақ-бірлігі  жарасқан, Абай, Мұхтар, Шәкәрімдер туған қастерлі өлкеде біз бауырлас татар халқының  «Сабантой» мерекесін Бесқарағайлық бауырларымызбен бірге тойлаудамыз,-деді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов,-татар халқынан қаншама таланттар шыққан. Бейбітшілікке, береке-бірлікке шақыратын бұл мереке біздер үшін аса қымбат. Сондықтан баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, мереке құтты болсын!

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан жиналған қауымды құттықтап, арнайы марапаттарын табыс етті. Бесқарағай ауданында Достық үйінің жұмысын жандандырғаны үшін аудан әкімі Дәулет Батырбаев алғыс хатпен марапатталды.

– Семей қаласының тұрғындарын, облыс халқын құттықтаймын!-деді Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев,-осы Сабантойға Бесқарағай ауданы үш автобус болып лықа толып келдік. Башкөл деген ауылымыз бар, кіл татарлар тұрады. Биыл Семей қаласының әкімдігінің шақыруымен осында келдік. Қазақ үй тіктік, палау фестивалін өткізіп жатырмыз. Бесқарағайда 28 ұлт өмір өзара тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының арасында ауылдағы Достық үйінің түрлі ұлттары татулық пен тұрақтылықты бір шаңырақ астында сақтап келеді. Өзім де осы Семейдің тумасы болғандықтан  Сабантой маған да аса қымбат. Осындай шараны ұйымдастырған облыстық әкімшілікке Бесқарағай халқы атынан ризашылығымды жеткізгім келеді.

Еңбек ардагері Рашида Хасанованың айтуынша, «Сабантой» - татар тілінде «жер өңдеу тойы» деген сөз екен, отбасылық мереке. Татар халқының жерді өңдеп, егін салатын көктем кезеңінің тойы. Егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын, ел тоқ болсын деген татар елінің арман-тілектері жинақталған. Мерекеде татар халқының ұлттық ойындары - татар күресі, арқан тарту және тағы да басқа көптеген спорттық ойындар ойналды. Сабантойға келгендер татар елінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Суреттер автордікі.

СЕМЕЙ