Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Астананың алғашқы орта білім ордасы

790 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», деп ақын Мағжан айтқандай, еңселі елордамыз – Астана қаласымен бірге бой көтерген №38 мектеп-лицейі 1999 жылы 1 қыркүйекте Астана қаласындағы тұңғыш қазақ мектеп-лицейі болып ашыл­ды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мектеп-лицейдің ашы­лу салтанатына қатысып, шәкірттерге білім кілтін табыс етіп, ақ батасын берген еді. Елбасы жүктеген міндетті орындап келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт өтіпті.

Астананың алғашқы орта білім ордасы

Президентіміз «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Біз жылдан жыл­ға жаңарып, жаңғырып келеміз. Біз жиырма жылдан асар уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қал­дыр­дық» деп айтқандай, мектеп тарихы­на келетін болсақ, ашылғанына екі жыл болғанына қарамастан, 2001-2002 оқу жылында республика бойынша «Таң­дау­лы мектеп-2001» аталымын жеңіп алды. Одан кейін үш оқу жылында қа­тарынан «Үздік мектеп-2007, 2008, 2009» атанып, қала әкімінің грантына ие болды. Мектеп-лицейдің 50 пайыз ұстаздарына қосымша үстемақы қо­сылды. Мектебіміз 2011-2012 оқу жы­лы­ның қорытындысы бойынша Астана қаласы мектептерінің арасы­нан «Көшбасшы мектеп» атағын иеленді. Мектеп-лицейдің жеткен белестерінің ішіндегі ең айтулысы – 2013 жылы Ұлыбритания елінің аста­на­сында өткен халықаралық ВІD сапа­сы бойынша «Лондон-2013» конвенциясында Алтын категория жүлдесінің Алтын тәжін иеленді. lQC жүлдесі №38 мектеп-лицейіне ке­мелдіктің бұлжымас сапасының бе­рік­тігі үшін берілді. Сол кездегі мек­­теп-лицейдің директоры Жамал Базарқұлқызы Қасымбек International Quality Crown жүлдесін Лондонда ВІD Президенті Хосе Прието мырзаның ізгі құрметімен алды. Осылайша, №38 мек­теп-лицейі Астана қаласының ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі тірек мектептердің біріне айналды.

Педагогикалық ұжым алыс, жақын шетелдермен тәжірибе алмасып отырады. Бүгінде бірегей білім ордасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск қа­ла­ларының білім ұйымдарымен кәсі­би байланыста. Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен сабақтастықты ны­ғайту мақсатында Алматы қала­сын­дағы әл-Фараби атындағы Қаз­ақ ұлттық университетімен, Т.Рыс­құлов атындағы экономика универ­си­тетімен келісімшарт жасалса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен меморандум негізінде жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар мектеп-лицей төрінде қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, ақындар Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Қанипа Бітібаева, Сейіт Кенжеахметов, Фариза Оңғарсынова, Оразгүл Асанғазықызы, Серік Тұрғынбекұлы және бүгінгі жас буыннан Қалқаман Сарин сияқты танымал шығармашылық иелерімен кездесулер ұйымдастырылған болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеу қоры­тын­дысы бойынша жыл сайын мектеп түлектері жоғары ұпайларды иеленіп келеді. Соның ішінде 2004-2005 оқу жылында Өмірзақ Манас 125 балл жинаған болатын. 

2015-2016 оқу жылының қоры­тын­дысы бойынша №38 мектеп-лицейі Астана қаласы бойынша үздік деп таныл­ған 3 мектептің бірі болды. Со­ны­­мен қатар қалалық, респуб­ли­ка­лық пән олимпиадалары мен ғылы­ми жоба жарыстарында, әртүрлі бай­қау­­лар мен сайыстарда алдыңғы қа­тар­дан көрініп, биік белестерді бағын­ды­рып келеді. 

Қазіргі таңда мектебімізде 105 мұғалім, оның ішінде жоғары санатты – 38, І санатты – 25, ІІ санатты – 19, бей санатты 23 мұғалім қызмет атқа­рып келеді. Мұғалімдеріміздің 80 пайы­зы жаңартылған мазмұн бой­ын­ша білім алып, оқушыларға жа­ңа әдіс-тәсілдер жүйесімен сабақ бе­ру­де. Мектебімізде «Креатив» то­бы №24, 32, 52 мектептермен желі қо­ғам­дастық арасында жыл бойы бай­ланыс жасап, түрлі семинар, тре­нинг, мастер класс, десанттық сабақ­тар өткізуде. Мұғалімнің кәсіби құ­зі­рет­ті­лігі жан-жақты білімімен, ұстаздық шебер­лі­гімен, оқытудың жаңа тәсілдерін мең­геруімен өлшенеді. Білім беру үрді­сін­де білім сапасы басты көрсеткіш десек, сол білім сапасын арттыру мақ­сатында қолданылатын түрлі әдіс-тәсіл­дерді мұғалімдер қолдануда. «Lesson Study» зерттеу сабақтарында жүйелі орынға қойып, оқушыларды сындарлы ойлату, өздігінен іздену мен ақпаратты тереңінен талдай білу ма­шығын игертіп отыр. 2016-2018 оқу жылдары арасында шәкірттеріміз бі­лім, өнер, спорт салаларында да же­ңіс тұғырына көтеріліп, мектеп абыройын асқақтатып келеді. Атап айтар болсақ, 300-ге жуық оқу­шы қа­лалық ғылыми жоба жары­сының же­ңімпазы атанса, 180 оқушы рес­пуб­ликалық ғылыми жоба сайы­сының жүл­дегерлері ретінде марапатталды. Ха­лық­аралық көлемдегі сайыстарда 100-ден астам оқушы биік шыңдарды ба­ғындырды. Биыл 2-сынып оқушысы Ниара Темиртаеваның Париж сахнасында вокал жанры бойынша ән айтып, бас жүлдені иеленіп келгені біз үшін үлкен мақтаныш.

Ал мұғалімдеріміздің ішінде Ы.Алтынсарин медалінің иегерлері, Білім беру ісінің құрметті қыз­мет­­керлері, Білім және ғылым минис­тр­лігінің Құрмет грамотасының иеге­рлері және бірнеше оқулық авторлары еңбек етуде.

Елбасымыз «Инновациялық техно­л­о­гиялардың жетістіктері – қазіргі қо­ғамның сұранысына сай, бәсекеге қабі­летті ұрпақ тәрбиелеуде негіз болу ке­рек» деген сөзіне орай, мектеп-ли­цей­де жаңа білім мазмұны бойынша біліктілікті арттыру және жаратылыс­тану бағыты бойынша ағылшын тілін­де сабақ беру курстарынан өткен мұ­ға­лімдер заман ағымына сай білім сапа­сын одан әрі арттыру жолында еңбек етуде. 

Астана қаласының 20 жылдығына №38 мектеп-лицейі де игілікті істе­рі­мен өз үлесін қосып, білім беру са­ла­сын­да өзінің салмақты орны бар білім ордасы ретінде толағай табыстарға жете беруге дайын.

Кәмила КӘРІМБЕРДІҚЫЗЫ,
Астана қаласындағы 
№38 мектеп-лицейінің директоры