Аймақтар • 26 Маусым, 2018

Қызылордалық 500-ге жуық студент Ресейде оқиды

360 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Дана халқымызда «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар. Сақалына шіркей ұялап, ел, жер қорғау үшін ат үстінен түспеген батыр бабаларымыз жалаң қылыш, саптаулы найзамен жаңбырдай оқ жаудыратын құрулы пулемет, атқанда үйдей жерді қопарып жіберетін зеңбірекке қарсы шапқанда да өнерлі жұрттың қай жағынан да мықты екендігін ұғып, бармағын шайнады. Мыңға салса қайтпас ерлер қойдың құмалағындай қорғасын оқтан ажал құшты.

Қызылордалық 500-ге жуық студент Ресейде оқиды

Қарама-қарсы келіп ар­мансыз найза салысатын­ уақыттың өткендігін, оқу-­білімнің артықтығын ұққа­нымен, қолы қысқа еді. Сон­дықтан да аталарымыз білімге құштар болды, бала-шағасын оқытуға барын салды. Ал бүгінде батырлығында қапы жоқ, арманы ішін өртеген халықтың ұрпағы әлемнің жетекші елдерінде білім алып, ата-баба өсиетін орындап жатыр. Қызылорда облысы да бұл мәселені өте жақ­сыға шешіп келеді.

Айтайық, 500-ге жуық қызылордалық студент Мәскеу мен Санкт-Петер­бург­­тің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Федерациясы Үкіме­ті­нің қаражаты есебінен білім алып жатыр. Алғашқы 75 бі­тіруші түлек шілде айында диплом алып, елге қайтып келеді. Ал жақында Ресей университеттері түлектерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өткізген облыс әкімі Қырымбек Кө­шербаев аймақта сұраныс­қа ие мамандарды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтты.

– Қызылорда облысы – жыл сайын Ресей Үкіметінің грант­тары есебінен жетекші техникалық университеттерде түлектерін оқытатын бірден-бір аймақ. 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына облысымыздың 452 мектеп бітірушісі оқуға түсті. Биыл олардың алғашқы легі оқуын аяқтайды. 62 сту­дент диплом алып, Қызыл­ордаға қайтып келеді. Ал 13-і магистратураға түсіп, оқуын жалғастырмақ. 62 тү­лекті жұмысқа орналастыру мәселесі де пысықталуда. Бұл балаларға үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені, олар қазіргі заманның талабына сай бәсекеге қабілетті маман болады, – деді облыс әкімі.

Қызылордалық студенттер «Мәскеу болат және қорыт­палар институты» ҰЗТУ, Санкт-Петербург өсім­дік полимерлері мем­лекеттік технологиялық уни­верситетінің «нанотехнология және микрожүйелі техника», «технологиялық процестер мен өндірістерді автоматтандыру», «материалтану және материалдар технологиясы», «электроника және наноэлектроника», «металлургия», «стандарт­тау және метрология», «тех­нологиялық машиналар мен құрал-жабдықтар», «жылу энергетикасы мен жылу техникасы» сияқты мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Жиында жастар саяса­ты мәселелері бойынша бас­қар­ма басшысының мін­детін атқарушы Абылай­хан Сабанбаев пен индус­триялық-инновациялық даму басқармасының басшы­сы Ринат Сұлтангереев тү­лектерді жұмыспен қамту мә­­селесі бо­йынша сөз­ сөй­леді. Қазіргі таңда сту­дент­­тер­дің түрлі мәселесін шешу үшін Ресейде оқитын қызыл­ордалық студенттердің «Ор­да» қауымдастығы құры­лып, мес­сенджерде арнайы чат ашылған. Жастар үшін облыс кәсіпорындарына экс­кур­сиялар және жұмыс беру­шілермен бейресми кездесулер ұйымдастырылып келеді.

Өңірдің бірқатар кәсіп­орны түлектерді жұмысқа қа­былдауға дайын. Мәселен, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы 11 жас маманды жұмысқа қабылдамақ. Ал «Гежуба Шиелі Цемент» 8 адам алуға ниет білдірді. Сондай-ақ, «СКЗ - U» ЖШС, Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» ЖШС, «Абзал және К» ТС, «Қызылорда жарығы» холдингі және өзге де компаниялар жас маман­­­дар­ға қызығушылық біл­діріп отыр.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін аймақта бірнеше ірі кәсіпорын (шыны, молибден зауыттары, 2 цемент зауыты мен балық өңдеу цехы) іске қосылады. Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, бұл кәсіпорындарға жер­гілікті колледждердің «хи­мия», «энер­­гетика», «стан­дарттау», «материалтану», «автоматтандыру» маман­дықтары бойынша 650 жуық түлегі жұмысқа тартылатын болады. Мәселен, цемент зауытында 200 адам, оның ішінде қазіргі таңда Қытайда оқып жатқан Шиелі индустриялық-аграрлық кол­леджінің 46 түлегі жұмыс іс­тейтін болады.

Мәжілісті қорытын­ды­ла­ған облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев жауапты мем­лекеттік органдарға студент­терді өңірдің өндірістік ком­па­ниялардағы бос жұмыс орын­дары туралы уақтылы хабар­дар етуді тапсырып, жас­тарды жұмысқа орналастыру бойынша жеке жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Екі­жақты келісімге сәйкес, 2014 жылдан бастап Мәскеу болат және қорытпалар инс­титуты, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мем­лекет­тік технологиялық уни­верситеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті қызылордалық түлектерді аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін гранттар бөліп келеді. 

Одан бөлек, Қазан қала­сындағы «Иннополис» уни­верситетінде оқыту туралы келісім жасалған. «Скол­ково» инновациялық орта­лығымен әріптестік орнату жүйеге қойылды. Сонымен қатар биылдан бастап қы­зыл­ордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінің магистратурасына 20 грант бөлі­нетін болады. Сондай-ақ жыл са­йын облыс әкімінің грант­тары есебінен 100-ге жуық ауылдық жердегі аз қам­тылған отбасылардан абитуриенттер білім алып жатыр. Қазіргі таңда грант иелерінің саны 700 шамасында. Биылғы жылы грант саны 200-ге жеткізіліп, оның 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталатын болады.

Елбасы бір сөзінде бүгінде үлкен қолданыстағы біраз мамандықтың болашақта керексіз болып қалатындығын айтқаны бар. Ол қандай мамандықтар деп ежіктеп жатпай-ақ қоялық, бірақ қолында екі күректей диплом болғанымен жұмыс таппай базар жағалап кеткендердің көбейгендігі рас. Өйткені олардың алған мамандығы нарықта қажеттегіден аса көп. Осындай жағдайда Қызыл­орда облысы әкім­дігі­нің еліміздегі қат мамандық­тарға таңдау жасағанын сүйі­нішпен атауға болады.

Мәселен, қызылордалық қазақ жастары оқып жатқан «Мәскеу болат және қорыт­палар институты» ұлттық зерттеу технологиялық уни­вер­ситетінің («МБжҚИ» ҰЗТУ) тарихы 1918 жылдан басталады. 1918 жылы Мәс­кеу тау-кен академиясында металлургиялық бөлімше ашылып, оның негізінде Мәс­кеу болат институты құрылды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша университет БРИКС елдерінің үздік 100­ университеті тізіміне және QS негізгі білім беру рей­тин­гісі бойынша әлемнің 1000 жетекші техникалық жоғары оқу орнының тізіміне енгізілді. Университет «5-100» Ресей жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасының 15 қатысушысының бірі болып табылады. 

Бүгінде қазақ жастары ара­сында заң және экономика мамандығын таңдағандар көп. Өзі тұратын аймақта педа­гогикалық институт­ бар болған соң ауыл ма­ңын шыр­ғалап барлық факуль­тетін толтырып жатыр. Ал мыңдап бітіріп жатқан түлекке мектептен орын табыла бермейді. Таныс пен сыбайлас жемқорлықтың да тамыр жаятын кезі осы.

Мәскеу болат және қо­рытпа институты сияқты әлем­дік маңызы бар институт­тарды елімізде құруға ең әуелі білікті мамандар тапшы. Ертеректе профессор, қазақ журналистикасының ардагері Сағымбай Қозыбаевтың уни­вер­ситетті шалалау бітірген бір шәкіртінің бір облыста Журналистика академиясын ашып алғанын күйінішпен айтқаны есімізде еді. Бүгінде жекеменшік жоғары оқу орындары көдедей көп. Олар өзге өңірден жалға алған бірер профессорды малданып, институт ұстап отыр. Бұл да өтер. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ осындай жағдайлардың орын алып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осындай жағдайда Қызылорда облысы әкімдігінің талпынысын жақсыға бағалауға болады.

2017 жылдың қараша айында Қазақстан Респуб­лика­сының Ресей Федера­циясындағы Елшілігінде Қы­зыл­орда облысының әкімдігі мен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының же­­тек­­ші жоғары оқу орындары арасында әріптестік жө­ніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қою рәсіміне Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкі­летті елшісі Иманғали Тас­мағам­бетов пен М.В.Ло­моносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік универ­си­те­тінің, «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық уни­вер­ситетінің, И.М.Губ­кин атындағы Ресей мем­лекеттік мұнай және газ университетінің, К.А.Ти­мирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы мен Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар және дизайн университетінің ректорлары қатысты. Енді осы меморандумның қызығын көрер сәт жақындады.

Жұмыс берушілермен кез­десуде облыс басшысы Қы­рым­бек Көшербаев биыл­ғы институт бітіретін 75 тү­лек­­ті жұмысқа орналас­тыру мен оларды пәтер, жатақ­хана­мен қамтуды тікелей өз бақы­лауына алатынын қадап айтты.

– Олар біздің алтын қо­рымыз, – деді әкім. – Елбасы айтқандай, елдің болашағы күні ертең Қазақстанды өр­кендететін, жаңа технология­ларды өндіріске енгізетін сол жастардың қолында. Сол талантты жастардың талабы қайтпау үшін бәріміз жәр­демдесуіміз керек. Біле білсеңіздер, әкімдік – олар­дың туған әкесі. Жұмыс беру­шілер, мейлі мемлекеттік ме­кеме, мейлі жекеменшік серік­тестік болсын, олардың жұмыс істеуіне, іргелі идеяларын іске асыруына кедергі жа­сайтын болса, жауап бе­реді.

Сөз ыңғайында аймақ басшысы жас кезінде Мәскеуде оқып, білім алу арманы бол­ған­дығын айтқан. Ал бүгінде ауылдағы орта шаруа, қолы қысқа отбасылардың талантты балалары облыс әкімінің қолы жетпеген институтта жоғары білім алып жатыр. Бұл – мемлекетіміздің, Елба­сының сындарлы саясатының жемісі.

Бір кездері соғыстан қал­­жыраған Жапонияны ел қар­жысына шетелдегі іргелі оқу орындарын тәмамдаған жас­­тар көтеріп еді. Еліміз цифр­­­ландыру жүйесіне өтіп жатыр. Қазақстанда талапты әрі талантты жастардың зәру­лігі сезілуде. Ендеше әлем­нің жетекші оқу орындарында білім алған түлектер осы олқылықты толтырады деген үміт зор. Жиын барысында сөз болған мәселелерден осы жағдайды тағы да ұғындық.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы