Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Алматыда латын қарпіне көшу жайы талқыланды

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат инс­титуты (ӘЭСИ) Алматыда дөңгелек үстел ұйымдастырып, осы отырысқа қатысушылар қазақ тілінің латын қарпіне көшу мәселесіне байланысты бірқатар өзекті мәселелерді талқыға салды. 

Алматыда латын қарпіне көшу жайы талқыланды

Бүгінгі таңда қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру туралы мәселе шешіліп, жаңа әліпбидің соңғы нұсқасы қабылданғанымен, са­рапшылардың кең талқылауын талап ететін басқа да бірқатар практикалық сұрақтардың әлі де туындап отырғаны белгілі. Мәселен, «Жаңа қазақ әліпбиін тілдің барлық салаларына тез арада әрі тиімді етіп қалай ен­гізуге болады?», «Көптеген жылдар бойы кириллицада жазылып кеткен мұрамызды аудару үшін қандай ауқымды жұмыстар атқарылуы керек?», «Кириллицадан латынға көшу кезінде пайда болатын мәдени, демографиялық және саяси мәселелер қандай?», «Бекітілген әліпби нұсқасын мемлекеттік органдардың қызметі мен қазақ­стандықтардың күнделікті өміріне енгізудің тәжірибелік аспек­тілері қандай?». Міне, осы және өзге де көкейкесті мәсе­лелер дөңгелек үстелде кеңінен тал­қыланды.

– Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Мұстафа Кемал Ататүрік өз елінде үлкен реформа жасап, түрік әліпбиін араб қарпінен латынға көшіргені баршаға мәлім. Ол кезде де жа­ңашыл идеяға қарсылық біл­діргендердің қатары мол болды. Бірақ ұстанымы нық мемлекет басшысы алған бетінен қайтпай, мақсатын жүзеге асырды. Ататүріктің осы идеясы және ұстанған бағытының дұрыстығын уақыттың өзі дәлел­деді. Осындай қадамға барған Түркия экономикалық тұрғыдан көп нәрсе ұтты», – дейді белгілі әлеуметтанушы, ӘЭСИ-дің «Ішкі саясат және әлеуметтік зерттеу­лер» бағдарламасының жетекшісі Серік Бейсембаев. 

Алматыда өткен жиын барысында Сүлеймен Демирел университетінің «Тіл, мәдениет және коммуникация» ғылыми-зерттеу зертханасының мең­ге­рушісі, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Зәу­реш Ахметжанова, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің басшысы Қазыбек Иса, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева және тағы да басқа ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен сарапшылар өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын ұсынды. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ