Оның үстіне халықаралық оқиғалар өтті де кетті. Шетелдік туристер легі саябырсыды. Оған қоса тұтынушылық нарықтың да қауқары азайып тұр. Біраз жыл бұрын басталған қаржылық дағдарыс инвестицияның көлемін азайтты. Демек бұл инвесторлар мен бизнес топтардың іссапарларына да тұсау салып отыр. Сондықтан бұл саланың сарапшылары қазір болжам айтуға аса құлықты емес.
Осыған қарамастан Астанадағы отандық бес жұлдызды қонақүйлер айтарлықтай дамыды. Қазір батыстық брендтерге бағасымен де, қызметімен де бәсеке туғыза алады. Алматыда бұл мәселе әбден теңдестірілген. Премиум санатындағы қонақүйлерінің санымен, сапасы және нөмірлерінің көптігімен бүкіл елде көш бастап тұр. Алдағы уақытта Алматыда тағы да бірнеше танымал халықаралық қонақүйлер желісі ашылады деп күтілуде.
Керісінше аймақтарда жағдай ала-құла. Мәселен, Батыс Қазақстанда бес жұлдызды қонақүйлер де халықаралық қонақүйлер желілері де әлі де көп емес. Керісінше, Ақтау қаласында жоғары санаттағы жатын орындар жеткілікті болса да, төрт және бес жұлдызды қонақүйлер шетінен ашылып жатыр. Ал Атырау қаласына келсек, қонақүйлер бизнесі тікелей «Теңіз» бен «Қашаған» кен орындарының келешегіне қарайлайды.
Қысқасы, Қазақстанда бұл бизнес ырғақты дамып жатқанымен, біркелкі емес. Еліміздің халықаралық және аймақтық туристік бизнесті дамытуға әлеуеті мен әрекеті болса-дағы, қазір тек іскерлік туризм ғана жанданып тұр. Халықаралық қонақүйлер желісі мен бес жұлдызды брендтердің ғана айы оңынан туып тұрғанын осымен байланыстыру керек.
Сондай-ақ қонақүйлердің көпшілігі қазір қолайлы конференц-залдарымен де ұпайын түгендеуде. Мәселен, Crown Star («Қазақстан» қонақүйі) бас директоры Шейхмус Есин мәжіліс залдарына трафиктің өсіп бара жатқанын алға тартады. Қазіргі таңда қонақүйлердің табысы осы бағытта құйылып отыр. Өйткені соңғы жылдары елімізде түрлі шеберлік-сабақтар, семинарлар өткізу сәнге айналған. Сол сияқты әйгілі блогерлер, жазушылар мен сұранысқа ие психологтар бағасы мен жасайтын жағдайы көңілге қонатын қонақүйге тоқтайды. Олардың тыңдаушылары мен тәлімгерлері сол жерден тамақтанады, сол қонақүйге түнейді. Демек бизнестің дәл осы түрімен айналысатын менеджерлерге жарнама тәсілдерін өзгертуге тура келмек.
Ал қонақүй бизнесі қосалқы бизнес түрлерін, жапсарлас жағдайларды да алып жүруге тура келетін және жылдам ақталмайтын бизнес болғандықтан, оған құлаш ұрып жатқан жергілікті инвесторлар аз.
Мәселен, қазіргі жағдайда отандық іскерлерге үлкен қонақүйлер салғаннан гөрі қайтарымы тез қолжетімді хостелдер, жалға берілетін жатақханалар, кішігірім пәтерлері бар тұрғын үйлер салған тиімді. Бұған шыққан қаражат әрі кетсе 7-8 жылда қайтады. 200 нөмірлі қонақүйлерге салынған қаражаттың қайтарымын ондаған жылдар бойы күтуге тура келмек.
Бірақ осының бәріне қарамастан соңғы жылдары елімізде қонақүйлердің тәуліктік бағасы аса өзгере қойған жоқ деуге болады. Ұлттық валютаның халі нешік болып, талай рет құбылғанда да отельдердің бағасы тұрақты болды. Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы қонақүйлердің бағасы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға ғана қымбаттаған. Ал бұл кезеңде инфляция 7,1 пайыз болды. Керісінше, кейбір өңірлерде қонақүйлерде қону бағасы арзандаған. Мұны бәсекелестердің көбейіп, сұраныстың азаюымен байланыстырған жөн. Ең қызығы, соңғы жылдары елордадағы қонақүйлердің бағасы орта есеппен 26,6 пайызға қымбаттаған.
Қысқасы, қонақүйлер саны көбейе берсін, қону бағасы мейлі арзандасын, мейлі қымбаттасын, бірақ қонақтар үшін бүгінде брендтер ешқандай маңызды емес. Себебі пәтерлерін жалға беретін жекеменшік сектор отандық қонақүйлер бизнесінің несібесіне кәдімгідей ортақтасып отыр. Мәселен, жоғарыда атап өткен ЭКСПО, Универсиада сияқты қайта айналып келмейтін шаралар хостелдер мен бюджеттік қонақүйлердің жеткіліксіз екендігін көрсетіп берді.
Ал елімізге іссапарлармен келетін бизнес-қауымдастықтың өкілдері өздері білетін брендтерден басқаға аяқ баспайды. Корпоративтік топтар болса сол қаладағы нарықтың аужайын зерттейді, бағаларын бағамдайды. Ұжымның, ұйымның қаражатын үнемдеу мақсатында «баға және сапа» мәселесіне тоқтам жасайды. Қазір қонақүй бизнесімен айналысып отырғандар үшін клиент ұстаудың бірнеше нұсқасы болса, біріншісі – бағаны бәсекелестерден 5-10 пайызға болса да арзандату. Ендігі жерде отандық отельдердің жергілікті ойынында осы мәселе қаперде ұсталынуы тиіс деседі сарапшылар.
Қалай десек те, үлкен қалалардағы жұлдызды қонақүйлерде үлкен бәсеке бар. Көзге көрінбейтін клиент үшін шайқас үнемі жүре берді. Ал сапарлап жүргендерді баға ғана қызықтырмайды, сервистің толық пакеті мен қызмет көрсету деңгейі де ойландырады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ