Руханият • 26 Маусым, 2018

Қарашаңырақты кім «ұстап» отыр?

1821 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Форт-Шевченко қаласы – Маңғыстаудағы Түпқараған ауданының орталығы. Ресми түрде осылай аталғандықтан, білдей бір аудан орталығының атауын айтарда алдымен «форт» деп французшалап, соңынан украин ұлының тегін тіркеп тілімізді бұрауға тура келеді, байырғы тұрғындар, жалпы халық қала атауын ауызекі тілде ішінара Ақкетік деп қалады... 

Қарашаңырақты кім «ұстап» отыр?

Түпқараған өңірінің, Ақкетіктің та­рихы тым әріде. Мың қатпарлы Маң­ғыстау тарихының небір шырғалаң іздері мен қиыр-шиырларының Түп­қарағанға, Ақкетікке соқпай өтетіні жоқ, болса кемде-кем. Ақкетік – бағ­­зыдан-ақ сан тарам керуен жол­да­рының нүктесі, тараптарға жөң­кілген және алуан аймақтарға ағылған көш-керуендердің қақпасы, теңіз жа­ғалауындағы қазыналы айлақ ретінде аса маңызды мәртебені алыстағы жыл­дардың иінінде-ақ иеленіп үл­герген өңір. Қазба нәтижелері, ар­хео­логтер зерттеулері Ақкетіктің Х-ХV ғасырларда Еуропа мен Ор­талық Азияның экономикалық орта­лықтарымен сауда байланыстары болғандығын айтады. Мұнда ға­лым-геолог Н.И.Андрусовтың, этно­граф Р.Карутцтың, поляк су­рет­шісі Б.Залескийдің, жазушы­ А.Ф.Писемскийдің, академик М.М.Бэрдің, географ П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің, кеңес қайраткері С.М.Кировтың, отарлау алдындағы зерт­теу жұмыстарын жүргізу үшін экспеди­цияны басқарып Г.С.Каре­линнің, А.Б.Черкасскийдің, өзге де тарихта аты қалғаны бар, қалмағаны бар – айтулы адамдардың Азияны бетке алып шыққанда Маңғыстау өңіріне, оның ішінде Түпқараған топырағына табан тіреуі тектен-текке болмаса керек. 

Көне заманнан керуен сарайла­рының орны сақталған мекенге­ I Петр­дің нұсқауымен келген А.Б.Черкасский бастаған топ 1716 жылы «Әулие Петр» қамалының ірге­тасын қаласа, 1846 жылы капитан Иванин Ново-Петровск бекінісін салдырады. Осылайша қазақтың Ақкетігі алуан атауларға ие болып, қым-қуыт қарама-қайшылықтарға толы тағдырлы жолын бастайды. 1857 жылы Форт-Александровск, алғашқы кеңестік кезеңдерде Форт-Урицкий аталған қала, 1939 жылдан бастап өмірінің 7 жылын осында айдауда өткізген украин ақыны Т.Г.Шевченконың құрметіне Форт-Шевченко деп аталып, күні бүгінге дейін қала осы есімнің еншісінде тұр. Ақкетік тек қамал, бекініс салынған кездердің қолтаңбалары қалғандықтан ғана емес, XIX-XX ғасырлардағы атышулы дүрбелеңдердің, кеңестік кезеңдегі небір оқиғалардың жәдігер-жұрнақтары сақталғандықтан, аштық, жұт, саяси қуғын-сүргін, тәркілеу, түр­лі жорықтар мен арпалыстар өтіп, маңғыстаулық азаматтардың ыстық отбасына, туған жерге, тыныш тірлікке, тіпті жарық дүниеге ақырғы рет қош айтып, Ақкетік жағалауынан қайыққа отырып, Екінші дүниежүзілік соғысқа аттануы, өзге де Маңғыстаудың тұтас көне тарихы қордаланғандықтан да қымбат. Ақкетік топырағында отарлаушы патша өкіметіне қарсы бас көтерген Иса-Досан көте­рілісінің, әйгілі Хиуа, Ахал-Теке жорық­тарының, Адай көтерілісінің іздері жатса, бұл жердің тау мен тасына кеңес өкіметін орнату жолындағы қиян-кескі күндердің шежіресі хатталып, қаны мен тері сіңген. Бұл жер – арманда кеткен маңғыстаулық қос ғашық Қайып пен Ақбөбектің көз жасы тамған жер, мойнына алып мін­детті жүктеп жолға шыққан Ә.Жан­гелдиннің интернационалдық отряды аялдап, ас ішіп, аяқ суытқан, әл жиып, күш-көлігін жаңалаған өңір. Ғы­лыми экспедиция құрамында арнайы келіп, түбек тарихы мен тыныс-тіршілігіне үңілген ұлт қайраткерлері Ә.Бөкейханов пен Ә.Марғұланның таңдайын қақтырып, ұлтын сүйген ұлы жүректердің перзенттік асқан махаббаттарына бөлене алған өлке. Тарихи қала Ақкетіктің киелі топырағында «Қырымның қырық батыры» цикл­ды жырын бүгінгі дәуірге жеткізген Мұрын жырау, түрікменнің Хатам және Дәулетияр шайырлары, қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің командирі Т.Әлиев тұрған, қазақ және Маңғыстау тарихында алар өзіндік орны бар тұлғалар  «халық жауы» деп жазықсыз атылған азаматтар, белгілі Ораз, Нұрсұлтан Оңғалбаевтар, Қазақ ОАК төрағасы Ж.Мыңбаев, Каспий теңізіне тұңғыш рет кефаль балығын әкеліп жіберіп, жерсіндірген ихтиолог-ғалым З.Баймырзаев, күрескер-қайраткерлер С.Жұбаев, Б.Шымыров, О.Көбеев, дәрігер Е.Оразақов, арамыздан кеше ғана кеткен академик С.Зиманов, өзге де көптеген танымал тұлғалар өсіп-өнген. 

Он жылға жуық Маңғыстау ауданына қарасты, кейін жиырма жылға жуық облыс қарамағындағы қала болған Форт-Шевченко 1992 жылдан бастап Түпқараған ауданының орталығы болды. 

Қаланың теңіз жағасында қолай­лы орналасуы оның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына оң әсер бе­реді. Кеңестік кездегідей балық ша­руашылығы дүркіреп тұрмағанмен, там-тұмдап қармақ салып нәпақасын айырғандар аз емес. Оның үстіне теңіздегі мұнай кәсіпшілігіне жаға­лаудан сервистік қолдау көрсетудің өзі қаланың, тіпті тұтас ауданның ты­ныс-тіршілігіне «қан жүгіртіп» тұр. Өткеніне тағылым аларлық тарих тұнған, бүгінде талай қандастың құтты мекеніне айналған қаланы жергілікті халық «қарашаңырақ» деп қастерлейді. Ал «қарашаңырақ» ұғымының хал­қымыз үшін қаншалықты киелі, қан­шалықты маңызды екенін әрбір қазақ біледі және қарашаңырақтың түтінін түтетіп, шаңырағын ұстап қалатын ұрпақ та әулет үшін сыйлы. Алайда күллі маңғыстаулықтар осылай құрмет тұтқан Ақкетіктің бүгін шаңырағын кім «ұстап» отыр? Әрине, тұрғындары қазақтар болғанымен, сол қыруар қазақтың басын біріктіріп тұрған қаланың атауын иеленіп отырған – Тарас Шевченко! Жаңаөзеннің келбеті қалаға ұқсай бастағаны соңғы кездері, одан арғы жерде Маңғыстауда тек екі қала – Ақтау мен Ақкетік қана болатын және екеуі де Шевченконың есімімен аталатын! Шүкір, 1964-1991 жылдар аралығында Шевченко қаласы атанған Ақтау өз тарихи атауын қайтып алды... Айдауда болған жан барған жерінде осылай бір емес, бірнеше қала атын иеленіп, құрмет көретін болса, Тарас ақынның тағдыры айдау емес, рахат өмір болғаны да...
Айдауда жүргенінде шығар­ма­шылықпен айналысуға тыйым са­лынған Тарас ақынға қазақтың қасиетті даласы қорған болды – ол Ақкетіктегі қауіпсіз жертөледе емін-еркін шығармашылықпен айналыс­ты. Жеті жыл ішінде 365 сурет, 100-ге жуық өлең, 20-дан астам повесть жазу мүмкіндігіне ие болды, ақжарқын қазақ халқы онымен етене араласып, барынша қолдау көрсетті. Ол шығармашылықпен айналысқан ғимарат 1932 жылы ақынның мұра­жайына айналды. Былтыр  85 жыл толған мұражай Форттағы ең жағ­дай­лы, барынша қамқорлыққа алынған мұра­жай. Әйтпесе «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Мұрын жыраудың мұра­жайы жөндеудің жырын арқалап, жұрт­шылықты жылда «міне, бітеді» деген уәде­мен алдаусырата дәмелендіріп, қабыр­ғасы жартылай қаланған күйі әлі тұр.

Маңғыстауда украин ақыны Тарас Шевченконың атына бірнеше қаланың беріліп, Ақкетік пен Ақтаудан екі бір­дей еңселі ескерткіш қойылып, осыншалық құрмет көрсетілуін, тіп­ті туристердің өзі түсінбейді екен. Ал мұражай қызметкерлері болса, мұн­­дай сұрақты қоюшыларға Мұх­тар Әуезовтің «Тарас Шевченко ең бірінші реалист-суретші, реалистік тұрғыда қазақ халқын, қазақ даласын, қазақ қырын бірінші болып Еуропаға танытқан» деген сөзін «қалқан» етіп бетке ұстайтын болып шықты. Содан соң аулаға отырғызылған ағаштарды меңзеп «көгалдандырған», жергілікті қазақтармен бірігіп құдық қазған дегендей әрекеттерін санамалап береді. Бірақ қазақ даласы мен халқы Тарас болмаса танылмай қалады дегенге сенбес едік, сондай-ақ Маңғыстауда Тарас келгенге дейін де шөп өсіп, су аққан. Ал шөл далада мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар қажеттілігі үшін құдықшылықты кәсіп еткен қыр қазақтары – дала еңбеккерлері жетіп-артылады. Әттең, олардың есімі мен еңбегі елеусіз... Тіпті бір ру Қараш ауылы шыңырау құдық қазуды кәсіп еткендігіне тарих куә. Ол аз болса, Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесінің негізі осы Маңғыстаудағы құдықшылық кәсіпке негізделген болатын. Бүгінде Маңғыстауда Та­рас­тың басқан ізі, тұтынған мүлкі мінін бұзбай мұражайда сақтаулы, ал қазақтың сол құдықшы, өзге де қайратын елінің ырысына арнаған есіл ерлерінің еңбегі неге елеусіз?! Басқаны айтпағанда, қарашаңырақ топырағында болған жоғарыда ай­тылған қазақ азаматтарының алуан түрлі еңбектері сурет салып, өлең шығарған Тарастан кем бе еді?! Әлде, оның айдауда болуы аяушылық тудырды ма?..

Мұхтар Әуезов Тарас Шевчен­коға осылай баға бергенде оның қала атын иемденуін қорғау мақсатында айтпағаны анық. «Қазақты танытқан Тарас екен» деп ой түйіп кеткен турис­тердің түсінік-түйсігінде Тарас ақынның тұлғасы айбарланып атан­ғанымен, менің ұлтымның ары мен намысы қай дәрежеде қалыптасты екен?.. «Тарассыз таныла алмайтын» сол баяғы «бұратана» ма?

Қазақстан – көп ұлттың мекені, достық пен ауызбіршілік алдыңғы орын­да және оны сақтауға бәріміз міндеттіміз. Алайда достық шексіз­дікке, көл-көсір шашпалыққа, есепке негізделмейтінін білеміз. Көзінің тірісінде айдауда болған азапты жылдарын көңілді, қайғысыз-қамсыз өткізуге сеп болған қазақ халқына Тарас қандай риза болса, оның басқан ізін аялап, есімін, өнерін, шығармашылығын қастерлеген бүгінгі қазаққа оның рухы мен бүкіл украин халқы риза деп білеміз. Қарашаңырақ қала – Ақкетік өз атауын қайтып алған күннің өзінде де, Маңғыстауда Тарас ақынға көрсетіліп жатқан құрмет ақсап қалмайды және мұны ешқандай ұлтшылдыққа немесе арандатушылыққа баламай, Тарастың қандастары да түсінер... 

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Маңғыстаудың қарашаңырағы Ақкетік атауын қайтып алса, бұл рухани, тарихи жаңғырудың жарқын үлгісі, саналық сілкіністің көрінісі болар еді. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы