Тарих • 26 Маусым, 2018

«Егемен» – 100. Бұхара қазақтары

930 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр қиырда ғұмыр кешкен қарға тамырлы қа­зақ қашанда бір-бірінің қамында болғанын анық. «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1924 жылғы №183 санында жарияланған Мыр­за Наурызбайұлының «Бұ­хара қазақтары» соны көр­сетіп тұрғандай...

«Егемен» – 100. Бұхара қазақтары

Бұхарада кеңестер республикасының орталық қазақ бөлімінен келген мағлұмат.

Бұхара республикасының қарамағында 375 мың қазақ бар. Бірақ айтуға ғана болмаса, іс жүзінде, барлық Бұхар топырағында жасаған 3 миллион халықтың 8-ден бірі болып, сыбағалы еншісін ала алмаған халық.

Себебі: бұрынғы Әмір патшадан бері езіліп, қорқып қалған сорлы қазақ жалшылары әлі де мынау үстіміздегі теңдік заманына сенбейді. «Қазірде большевик болсақ, ертеңіне өзбек, тәжік немесе сарттарға табынып қаламыз ба?» деп қорқады. Бұрын бандылардан запы болған ел екінші жау шығып, тұқымымызды құртады деп қорқады.

Бірақ 375 мың қазақ бар екені рас. Оның 185 мыңдайы қазақ екенін жасырып, «өзбек­піз» деп қазақтықты жойып отыр.

Бұл қазақтар мұнан 143 жыл бұрын келіп орныққан. Бірақ Қызылжар, Есіл дария жағынан көшіп келгенін, түбінің қазақ еке­нін аздап біледі. Бұлардың көбі: найман, қаңлы, тама, қыпшақ болады. 

Бұларды «қазақ» дегеніміз болмаса, қазақтың әдет-ғұрпын білмейді. «Түбің қазақ» десе ашуланып қалады.

Басқалары (190 мыңға жақыны) көшпелі шаруа қазақтар. Қаладан алыс, өз алдарына ұзақ көшіп жүреді.

Бұлардың бір жаман жері – 5-6 жүз үйден хат танитын бір адам не шығып, не шықпайды. Кей жерлерде орысты көрме­гендері де бар.

Жоғарыда айтылған Бұхараға қарайтын қазақтардың басын қосып, білім тарату Бұхарада тұрған орталық қазақ-қырғыз бөлімінің қолынан келмейді. Өйткені қазақ бөлімінде басқарушы бір-ақ қазақ бар (президиум мүшесі). Бұхарадағы қазақтардан істейтін адам жоқ.

Өзбек болып кеткен қазақтарды басқа қазақтардың ортасына қосып, оларды ұйым­дастыру бір адамның қолынан келмейді. Мұны қазақ азаматтары ескеруі керек. 

Бұл уақыттарда мына жұмыстар істеліп жатыр:

Бұхара облысында қазақ ортасында уездік исполком және райондық исполком һәм милиция мекемелері.

Басқа облыстарда: Қарсы облысында бір қазақ уәкілі, Нұратада, күншығыс Бұхарада басқа да сондай облыстарда бір-бір қазақтан өкіл қойып, «Қазақ бөлімі» деп ат қойды.

Әзірге істеп жатқан істеріміздің барысы осы.

Ел арасына өзгерістің жөнін түсіндіріп, үкіметпен жақындастыруға шығаратын адамдарымыздың жоқтығын жоғарыда айтып өттім.

Өзбек, тәжік, ноғай қызметкерлерін жі­бер­­сек, қазақ олардың сөзіне түсінбейді. Қазақтың сөзін бұлар да түсіне алмайды. Соны­мен азырақ дағдарып тұрмыз.

Түркістан, Қазақстандарда қазақ азаматтары бар шығар деп, олардан да үміттенеміз.

Әрине қазақ оқығандары болып істесе, ағарту, кооперация, жер-су істері бұл қалып­та болмас еді.

Дайындаған 
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»