Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, балалар дәрігері болып бастаған Зейнелқайын Айтбаева бүгінде жас дәрігерлерге жол басы, өз қатарының ортасы десек артық айтқандық емес. 1971 жылдан Майқұдықта орналасқан № 3 Балалар ауруханасында және № 2 Балалар емханасында балалар дәрігері болып еңбек етіп келе жатқан оның тәжірибесі мен тәлімі талай жандарды ажал аузынан алып қалғаны әмбеге аян.
Жемісті басталған жұмысы Қарағанды облысы бойынша денсаулық сақтау саласында жоғары бағаланып, 1985-1990 жылдары бір ауыздан ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануы Зейнелқайын Күлмағанбетқызының қоғамдағы іскерлік келбетін айқындай түседі. «Қарағанды қаласының Октябрь ауданында кеңес депутаты болдым. 2004 жылдан бері зейнеттемін, ел игілігіне төккен тердің жемісін көрудеміз. Бүгінге дейін қолымыз бос отырмай, тәжірибемізді жас дәрігерлерге үйретіп, балалардың денсаулығын сақтау үшін Астана қаласында балалар дәрігері болып еңбек етіп келемін», дейді еңбек ардагері З.Айтбаева.
Ол ағымдағы жылдың 16-18 мамырында Алматы қаласында өткен Ұлттық медицина қауымдастығының IX бас ассамблеясы аясында өткен халықаралық конференциясына шақыру құрметіне ие болғанын айтады.
Германия, Франция, Болгария, Қытай және Еуразия экономикалық одағына мүше (Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения) мемлекеттердің мамандары қатысқан конференцияның басты тақырыбы төтенше жағдайлар кезінде болатын медициналық-санитарлық зардаптарды жою, медициналық көмекті шұғыл ұйымдастырудың мәселелері төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар арнайы тактикалық дәрістер оқылып, денсаулық сақтауға байланысты көрме ұйымдастырылды. «Оның барлығы Елбасы Жолдауларында баса айтылатын, халықтың денсаулығын сақтаудағы медицина қызметкерлерінің үлкен жауапкершілігінен туындайды», дейді Зейнелқайын Күлмағанбетқызы.
Осы конференцияның аясында «Ұлттық медицина» қауымдастығының «Алтын дәрігер» наградасына ие болды.
«Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде озық технологиялармен жабдықталған жаңа медициналық мекемелер ашылуда. Бұл жетістіктерге қосқан кішкентай да болсын үлесіміз барына шын қуанамыз», дейді ақ халатты абзал жан.
Жұмыста жемісті, отбасында табысты болуы заңды. 1969 жылы Төлеген Айтанұлы есімді азаматпен отбасын құрған мейірлі медбике Зейнелқайын Күлмағанбетқызы бақытты ана, адал жар болды.
Бүгінде қосағымен қоңыр тірлік кешіп келе жатқан жайсаң жандар балаларының қызығын көріп, оларды да адалдыққа, адамгершілікке, өмір тазалығына, әдептілікке баулып келеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»