Тарих • 26 Маусым, 2018

Қышқала кезінде Баршынкент аталыпты

1169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласынан отыз шақырымдай жердегі Қоғалы көл ауылының аумағында Қыш­қала көне шаһарында археологтер жұмыс жасап жатыр. Бүгінде екі ғимарат ар­шылу үстінде. Ғалымдар қаланың батыс бөлігінде орналасқан ғима­раттың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұқсас салынған мінәжат орны екен­ін айтады.

Қышқала кезінде Баршынкент аталыпты

Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Джованни Плано Кар­пини жазып қалдырған делінеді.

Ұлы Жібек жолының бо­йын­да орналасқан қала жайын­да:

– Қышқала деп атаға­ны­мыз­бен қаланың тарихи аты ұмыт қалған. Біздің жобамызбен шаһар ХІІІ ғасырдың орта тұсында дәуірлеген. Көненің көзіндей қастерлі мекен 50 гектардай аумақты алып жатыр. Қала үйлерінің жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалайды. Олардың күйдірілген қыштан соғылғаны көрініп тұр. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарында қыштан жасалған ғимараттардың басым бөлігі бұзылған, – дейді экспедиция жетекшісі Мадияр Елеуов.

Қышқаланың уақытында ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғандығы туралы айтылады.

Х-ХІ ғасырда қайнаған тіршіліктің орталығы болған қала Алтын Орда заманында дәуірлеп тұрыпты. Көне шаһардағы екі қазбаның бірі  мавзолей болса, екіншісі шаруашылық орталығы делі­ніп отыр.

– Біздің болжауымызша, Қышқала Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен қалалардың орталығы бол­ған. Біз қалашықтың ше­тінде орналасқан кесененің орнын аршып алдық. Қасбеті қима өрнекпен әрленген екен. Оның биіктігі 3 метрге жуық­тайды. Оның мүжілуіне табиғи жағдайлар да әсер етуі әбден мүмкін. Атап айт­қанда, желдің, дауылдың, жаңбырдың әсері тиюі ғажап емес. Осындай жағдайлардың әсерінен батысқа қарай құла­ғаны аңғарылады. Қыш мате­риалдардың негізінде жа­салған зерттеу қала тірші­лігінің хронологиялық шең­берін ХІІІ-ХV ғасырларға жат­қызуға мүмкіндік береді, – деді зерттеуші Дөкей Талеев.

«Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылым­да­рының докторы Мадияр Елеуов қазақ тарихының білгірі, профессор Әуелбек Қоңы­­ратбаевтың ел аузын­дағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпа­мыс батырдың жары Гүл­баршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Кейбір жазба деректерде бұл қала ертеректе Бар­шынкент деп те аталған екен.

Қышқала жайлы XV ға­сыр­дан кейін жазба дерек­тердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Әйтсе де, үлкен ауқымды жер­ді алып жатқан көне шаһар қазақ­тың қилы тарихының бір тармағындай сезіледі. Әрине төрелікті археолог-ғалымдар айтады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы