Аймақтар • 26 Маусым, 2018

Павлодарда «Күй-Құдірет» домбырашылар байқауы өтті

879 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Астана, Алматы, Екібастұз, Қарағанды, Шымкент, Теміртау қалаларынан және өзіміздің өңірдегі аудандардан келген 55 жас күйші Баянауылда Астананың 20 жылдығына арналған II республикалық «Күй-Құдірет» домбырашылар байқауында өнер көрсетті. 

Павлодарда «Күй-Құдірет» домбырашылар байқауы өтті

Жас домбырашылар жарысы аудан орталығындағы Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернатта өтті. Байқаудың алдында Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің Зинұр Ғалымов дирижерлік ететін оркестрі К.Әлдекеновтің «Жаңа ғасыр», Нұрғиса Тілендиевтің «Мұрагер», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындап берді. Сондай-ақ Дария Үкібай Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін шырқады.

Күйшілер үш топта өнер көрсетті. Әр қатысушы үш күй­ден орындады. Бірінші күні «Кіші топ» пен «Жоғары топтың» бірінші кезеңінің қатысушылары толық тыңдалды және «Орта топ» үміткерлерінің жартысы өнерлерін ортаға салды. Бірін­ші сайыс күнінің қоры­тындысы бойынша «Кіші топ» үздіктері мен «Жоғары топ» фи­налистері анықталды. Бірінші күні қатысушылар Дина, Құрманғазы, Әбди, Ақби­кеш, Аққыз, Қыздарбек, Қа­зан­­ғап, Байжігіт, Өскенбай, Сей­­тек, Тәттімбет, Әлшекей, Дәулеткерей секілді композиторлар туындылары мен халық күй­лерін, Қаршыға Ахме­дия­ров, Мағауия Хамзин, Мұ­рат Өскенбаев, Секен Тұрыс­бе­ков­тердің шығар­маларын орындады.

Сөйтіп «Бас жүлде» иегері анықталды. Ол – Жаяу Мұса атын­дағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушысы Данагүл Баркен. 

Былтыр Ақтауда өткен «Кас­пий жұлдызы» атты респуб­ликалық байқауда «Ақжарма»  күйін орындаған Данагүл бірінші орынды иеленген еді. Бұдан кейін, қазылар алқасының төр­ағасы, өнер зерттеушісі Мұ­рат Әбуғазы «Кіші топта» үздік атанған Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Бақ­дәулет Жанатбекке, «Орта топта» оза шапқан Астанадағы №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Амалбек Омарбековке, «Жоғары топта» жарқылдаған Ақмола облысы, Есіл ауданы балалар музыка мектебінің оқушысы Диас Орынбасарға бірінші орын жүлдесін тапсырды.

Жүлдегерлер өнер зерт­теушісі Мұрат Әбуғазы сияқты «Құр­манғазы, Тәттімбет және Арқа күйлері», «Әшім және Іле ай­мағының күйлері», «Сарыарқа әндері», «Шығыстың шыңырау күйлері» оқу-әдістемелік кітап­тарын жазған күйші ағаларының қолынан марапат алып, тағы да бір қуанды.
Ал II орынды иеленген Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушысы Айбар Пәзіл мен Шығыс Қазақ­стан облысы, Қарауыл ауданы Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің оқушысы Жігер Арқашты («Кіші топта»), тағы бір қарауылдық талант Төлеу­тай Дүйсенов пен Алматы қала­сы білім басқармасы өнер мек­тебінің оқушысы Ақнұр Түкті­баеваны («Орта топта»), Астана қаласының № 1 балалар музыка мектебі оқушысы Дина Көдебай мен Екібастұз қаласы М.Глинка атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Ар­ман Серіковті («Жоғары топ­та») күйші, халықаралық, рес­публикалық күйшілер бай­қауының лауреаты Рүстем Нүр­кенов марапаттады. 

Сонымен бірге Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушысы Аллажар Жаңбырбай, Алматы қалалық білім басқармасы өнер мектебінің оқушысы Мансұр Нұрғожаев «Кіші топта», Семей қаласы №1 балалар музыка мектебінің шә­кірті Нұржан Нұрлан, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің өкілі Нұрзат Рахманберді «Орта топта», Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқу­шысы Әлімқұл Сұлтан, Май­қайың балалар өнер мектебінің оқушысы Нұржан Ғабдұлқалиев «Жоғары топта» үшінші орын алып, жүлдегерлер атанды. Лау­реаттарды халықаралық, респуб­ликалық күйшілер байқауының бас жүлде иегері Айтолқын Тоқ­таған марапаттады. 

Марапаттау рәсімі гала-кон­цертке ұласып, байқау қа­тысу­шылары атынан Батыс Қазақ­стан облысы Жаңақала аудандық Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің күйшілері халық күйі «Ортекені» баянауылдықтарға тарту етті. Қазылар алқасының төрағасы Мұрат Әбуғазы орындаған күйлер де күмбірлеп көпшіліктің есінде қалды.

– Екі күн бойы Баянауылды күйге бөлеген байқау кеше мен бүгіннің мәңгілік үндескен рухани жаңғыруы іспетті. Күй құдірет деген осы! – дейді әріптесіміз Еламан Қабдыләшім. Өйткені бұл құдіретті ертеңге жалғастыратын осы жастар!

Жас күйшілер әсем Баян­ауылдан «Келесі, кездескенше!» деп аттанды.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы