Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Еуразия ұлттық университеті журналистерді марапаттады

909 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. 

Еуразия ұлттық университеті журналистерді марапаттады

Дәстүрлі жиында университет ректоры Ерлан Сыдықов танымал медиаменеджерлер мен жетекші журналистерді марапаттады. Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің ең жоғары «Күлтегін» төсбелгісімен «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі марапатталды. Сондай-ақ ЕҰУ-дің бас марапатымен «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы, қазақ журналистикасының хас шебері Қайнар Олжай, көрнекті тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы да марапатталды. Сонымен қатар университеттің «Гумилев» төсбелгісімен «Казахстанская правда» газеті АҚ басқарма төрағасы Вячеслав Пащенко, «Казконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов және журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашұлы марапатталды.

Салтанатты кеште білім ордасының жағымды жаңалықтары мен жемісті жетістіктерін жарқыратып көрсетіп жүрген «Хабар 24», «Қазақ радиосы», «Қазақпарат», «Baq.kz», «Астана ақшамы» секілді ақпарат құралдарының бір топ өкілдеріне ректордың «Алғыс хаты»  тапсырылды. Мұндай марапаттан ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің  профессор-оқытушылары да шет қалмады.

Мерекелік шара аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Казконтент» АҚ арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды. Баспасөз мерекесі қарсаңында жыл сайын бильярдтан өтетін Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир қорытындыланып, тастаяқ жарысының бас жеңімпаздары Секен Тұрысбек пен Әлімжан Сабыржанұлына кубок және диплом табыс етілді.