Парламент • 26 Маусым, 2018

Сенаторлар латын әліпбиіне көшу және терминологияны жетілдіру мәселелерін талқылады

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында латын әліпбиіне көшу және қазақ тіліндегі терминологияны жетілдіру мәселелері бойынша мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен кездесті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі, 

Сенаторлар латын әліпбиіне көшу және терминологияны жетілдіру мәселелерін талқылады

Шараны ашқан комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшу туралы айтқанын еске салып, іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар латын әліп­биімен басылып шыға бастауы тиіс екенін атап өтті.

Кездесуде сөз алған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазіргі кезеңде орфографиялық жұмыс тобының бірнеше отырысы өткені және жаңа әліпбидің емле ережелерінің тұжырымдамасы дайындалғаны туралы хабардар етті. Қыркүйек айында емле ережесінің жобасы мамандарға, барлық оқу орындарына және тиісті мекемелерге жіберіліп, таныстырылатын болады. Олардан келген ұсыныстар ескеріліп, жылдың соңына дейін оны бекіту жоспарланған. Әдістемелік жұмыс тобы осы емле ережелерін оқу орындарында және тағы да басқа мекемелерде апробациядан өткізіп, сараптамалық жұмыс тобы оның техникалық жобалары әзірленеді. Терминологиялық жұмыс тобы өз отырыстарында жаңа әліпбиге көшкен кезде терминдерді қалыптастыру ісі жүзеге асып жатқаны айтылды.

Министрліктің алдағы міндеті – Үкімет тарапынан бекітілген 2025 жылға дейінгі латын графикасына кезең-кезеңімен көшу жоспарына сәйкес сапалы жұмыс атқару болып табылады. Қазірге дейін
21 мың термин бекітілсе, оның 40,8 проценті (8571 термин) – төл терминдер, ал 59,2 проценті (12429 термин) кірме және аралас терминдерді құрап отыр. Осы терминдерге жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасалуда.

Кездесуде «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» АҚ атқарушы директоры Ербол Тілешов латын әрпіне көше  мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Масәлені талқылауға сенатор М.Бақтиярұлы, Д.Нөкетаева, Б.Жұмағұлов, С.Ершов және Мәжіліс депутаты Б.Смағұл, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстарды Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жіберу туралы шешім қабылданды.