Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Қалыпқа сыймайтын тұлға – Назарбаев феномені

1296 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Сан қилы тарауы көп қарт тарихқа зер салсақ, мемлекеттің негізін қалаушы тұл­ғалардың есімдері алтын әріппен жазылғанын көреміз.

Қалыпқа сыймайтын тұлға – Назарбаев феномені

Халықтың бағына туған осындай жан­дармен қызметтес болып қана қой­май, оның сеніміне ие болу – кез келген адам үшін зор мәртебе екені сөзсіз. 

Мен өзімді осындай мәртебелі жан­дар­дың қатарына қосамын. Себебі тағ­ды­рыма тәуелсіз Қазақ елінің негізін қа­лап қана қоймай, әлемнің биігіне батыл бастап, мүмкін еместей көрінген бе­лес­терді бағындырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасында ұзақ уақыт қызмет істеу жазылды. Бұл – маған берген Жаратқанның сыйы әрі ел алдындағы зор жауапкершілік екені анық.

Мен алғашқы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлына қалтқысыз сен­дім, сол себептен де жан-тәніммен бері­ле қызмет істедім. Өйткені Прези­де­нт­тің сенімін ақтау – ел сенімін ақ­тау деп білдім. Елбасының қасында жү­ріп, көп нәрсеге көзім ашылды. Ұйым­дас­ты­рудың ұтымды тұстарын меңгеріп, іс жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Сон­дық­тан Назарбаевты елдің ішкі және сыр­тқы саясатын шебер үйлестіре білген тар­ихи тұлға деп есептеймін.

Иә, Қазақ елін әлемге әйгілеп, дүние жүзіне танытуда Назарбаевтың рөлі де, тарихи орны да ерекше. Қазақстан Президенті әлемдік ірі форумдарда Цзян Цзэминь, Джордж Буш, Барак Обама, Владимир Путин, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпин секілді  әлемдік саясаттың алпауыттарымен қатар тұрды. Әлем наза­рындағы алқалы жиындарда Назарбаев үнемі алдыңғы қатарда, көп­тің назарында болды. Биік мінберден жұрт­ты аузына қаратып, салмақты ой, салиқалы сөз айтты. Тың идеялар көте­ріп, елімізге ғана емес, тұтас дүние үшін тиі­мді бастамаларға назар аударды.

2012 жылы Сеулде болған Ядролық қаруға қарсы бүкіләлемдік саммитте Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның ортасында отырды. Жер бетіндегі барлық жағынан күшті, қуатты, алып екі мемлекеттің басшыларын қос қапталына қондырып, әлемді аузына қарата сөз бастауды абырой-беделдің ең биігі десек, артық айтқандық бола қоймас. Мұндай беделдің ешқандай атақ-даңқ пен ақшаға сатылмайтыны да айдан анық дүние. Тіпті «мен мықтымын!» деп мың жерден кеуде көтеріп, төске өрлесең де заманның заңғар саясаткерлерін мойындату өте қиын.

Осы ретте жер шарына әмірі жүріп тұр­ған мемлекет басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ықы­лас­тары ерекше. Оны Елбасымыз туралы айт­қан сөздері мен берген бағаларынан да анық аңғаруға болады. Мысалы, Англияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тетчер: «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға», деп баға берді.

Ал Ресей президенті Владимир Путин: «Мені таңғалдырғаны – Нұр­сұл­­­тан Әбішұлы жаңа заманға тез бейім­дел­ді. Назарбаевтың заман ағымын дөп басқанына әлі күнге дейін қайран қа­ла­мын. Қазақстан үшін Назар­ба­ев – қайталанбас тарихи тұлға. Ол Қазақ­стан­ның тұңғыш Президенті болуы­мен қа­тар, қазақ халқы үшін жа­ңа мем­ле­кет­тік құрылымның негізін қала­ды. Бұл тұрғыда оның тарихи рөлі ерекше», деді.

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер де Қазақ мемлекетінің басшысына бас иіп: «Президент мырза өзінің тамаша реформаторлық қабілетімен танылды. Біріншіден, Қазақстан тәуелсіздік алысымен бірден нарықтық экономикаға көшті. Оның нәти­желері мен табыстарын көріп отыр­мыз. Екіншіден, әлемдік дағдарыс тұсында сіздердің Президенттеріңіз саясат пен экономиканың тізгінін тең ұстай білді», деп көш бастаудағы көрегендігін мойындаған.

Мұндай жағымды пікірді Жапония­ның 2001-2006 жылдардағы премьер-министрі Дзюнъитиро Коидзуми де біл­дірген. Ол Астанаға келген ресми сапары кезінде: «Орталық Азия елдерінің ара­сынан Қазақстан ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тамаша даму жолына түсті», деп елге де, Президентке де өзінің әділ бағасын берді.

Жасырып-жабары жоқ, осы пікірл­ер­дің қай-қайсысы да кеудемізге мақ­та­­ныш, көңілімізге қуаныш сезімін ұя­латады. Өйткені астарын ұққан адамға бұл сөздердің Нұрсұлтан Назарбаевқа ға­­на емес, бүкіл Қазақстан халқына көр­се­тілген құрмет пен ерекше ілтипат екені айқын аңғарылады.

Шекараны шегендеп...

Шекара кез келген мемлекет үшін қай кезеңде де шетін мәселе болып са­налады. Тіпті бұл түйткілдің талай соғыс пен дау-дамайдың басты се­бебі болғаны да тарихта жазулы тұр. Осындай өте нәзік мәселені асқан дип­ломатиялық шеберлікпен шешу – екінің біріне бұйыра бермейтін қ­а­білет. Тағдыр тәуелсіздіктің елең-алаң шағына қарамастан Қазақстанның сыр­тқы шекарасын заңдастырып, бек­ітуді де Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазған екен. Өзіміз сияқты азаттыққа енді қол жеткізіп, етек-жеңін енді жия бастаған Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан мем­лекеттерін айтпағанның өзінде, империя ретінде сөзін жүргізіп үйреніп қалған, әр метр тұрмақ, сантиметр үшін таласып, тіпті дауласуға, қажет болса жауласуға да дайын Ресей және Қытаймен арамыздағы шекараны шегендеу оңай іс емес.

Рас, Ресеймен 6847 шақырымға созылған шекараны бекіту оңайға соққан жоқ. КСРО тарап, бұрынғы одақ­­тас елдер тәуелсіз мемлекет атанса да Ресей президенті Борис Ель­цин­­нің қасындағы серіктері Қазақ­станмен шекараны белгілеуге асық­па­ды. Нұрсұлтан Назарбаев Борис Николаевичпен ескі достығын араға салып, бұл мәселені бірнеше рет ресми түрде көтерді. Бірақ орыс­тар ша­руа­ны соза берді. Ақыры Назар­ба­­ев Ельциннің көңілді кезін дөп ба­сып, тілін тапты. Нәтижесінде Ре­сей президенті серіктерінің қар­сы бол­ғанына қарамастан, біздің Пре­зи­дент алдын ала әзірлетіп қойған құ­жатқа қол қойып жіберді. Енді орыс жағы қанша наразы болғанымен, бәрі кеш еді. Сөйтіп Назарбаевтың шебер дип­ло­матиялық қабілетінің арқасында әлем­­дегі күшті мемлекеттердің бірі Ре­сеймен шекарамызды шегендеп, заң­дастырып алдық.

Халқы 1 миллиард 300 миллионнан асатын Қытаймен арадағы шекараны бекіту де Президенттен ерекше күш-қуат пен қажыр-қайратты қажет етті. Себебі Ресей империясы мен кезіндегі әлем­дегі ең мықты мемлекеттің бірі бол­ған Кеңес одағының өзі Қазақ­стан­ның Қытаймен шектес шекарасын бекіте алмады. Кеңес одағы тарқаған соң бұл мәселе біздің еншімізге тиді. Енді ғана дербес ел атанған Қазақстан үшін бұл істі кейінге шегеруге еш болмайтын еді. Ал Қытай жағы керісінше осы мәселені созумен болды. Себебі Қытай оқулықтарында Бейжіңнен Бал­қашқа дейінгі аумақ сол елдің же­рі деп оқытылады. Екі елге ортақ стра­тегиялық маңызы зор су көздері тағы бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Қытай Халық Республикасының сол тұстағы төрағасы Цзян Цзэминьмен бұл мә­се­лені бірнеше рет талқылады. Екі елдің дипломаттары да талай мәрте бас қосып, нәтижесіз тарқасты. Себебі ше­ка­радағы даулы мәселе көп болып, со­ның салдарынан кейінге шегеріле берді. Назарбаев сабыр сақтап, арадағы сыйластыққа арқа сүйеп, соңын күтті.

Цзян Цзэминь – кезінде Кеңес ода­ғын­да жұмыс істеген адам. Орыс­шаға жетік. Екі жақ өкілдерінің ара­дағы даулы жерлерге байланысты кезек­ті бас қосуында Цзян Цзэминь Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Шекара ісін екеуміз билік басында тұрғанда шешіп алғанымыз дұрыс. Болашақта Қытай билігіне жаңа толқын келсе, олар бұл мәселеге басқаша қарауы мүм­кін», дейді. Сөйтіп Қазақстан мен Қытай арасындағы даулы болып келген 944 шаршы шақырым жер­дің 537 шаршысы Қазақстанның, 407 шар­шы шақырымы Қытайдың үле­сіне тиді. Екі ел арасындағы 1533 ша­қырымға созылған шекара екі­жақ­ты келісім негізінде бекітілді. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында (14 жел­тоқсан, 2001 жыл) былай дейді: «Ел іргесін бекітіп алдық. Көр­ші­ле­рі­міздің бәрімен дерлік, ең бастысы ұлы Қытаймен шекарамызды айқын­дап алғанымыз ерекше айтатын іс. Мемлекеттік шекарамызды толық бел­гілеп, басын ашып беру – менің осы елд­ің Президенті ретіндегі ең қасиетті міндеттерімнің бірі. Келешек ұрпаққа жер дауын қалдырмауымыз керек...

Жалпы, әлемдегі елдердің бәрімен сыйластық қарым-қатынас орната алғанымыз осы он жылдағы олжа­мыз­дың бастыларының бірі».

Нұрсұлтан Әбішұлының алып көршілермен шекараны айқындауы Қазақстан үшін тарихи әрі өмірлік маңызы зор жеңіс болатын.

Астананың авторы

Біздің тәуелсіздік алғалы қол жет­кіз­ген ең басты жеңісіміз бен жетістігіміз Астана екені айтпаса да түсі­нікті. Сондықтан бас қаланың басты авторы – тәуелсіздік десек, еш қате­лесе қоймаспыз. Әрине идея, ой, бас­тама бірінші кезекте Елбасынікі. Ал мұндай ойдың сол тәуелсіздікке дейін пайда болғанын айтса, шыны керек, көпшілігіміздің күмәнмен қарай­ты­нымыз айдан анық дүние. Бірақ – шын­дық осы. Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшы­сы қызметіне сайланғаннан кейін аста­наны Арқаға көшіру ісін жан-жақ­ты ой елегінен өткізе бастады. Ал егемендіктің екінші жылы, яғни 1993 жылдың басында астананы Ақмо­лаға көшіруге нық бекінді. Себебі Алматының ел астанасы ретінде құлашын кеңге жая алмайтыны белгілі еді. Үйлер өте тығыз орналасқан. Жаңа ғимараттар тұрғызу үшін көп нәрсені бұзу керек. Бұған көшедегі көлік кептелісін қосыңыз. Қала ішіндегі жолдарды кеңейту де мүмкін емес. Ал астананың тынысы кең болуы керек.

Сондай-ақ Алматының елдің шы­ғысында – әсіресе, батыс пен сол­түстік облыстардан тым қашықта орналасуы да астананың ауысуына өз ықпалын тигізді. Шыны керек, Алматыдан Арқадағы Қарағанды мен Ақмолаға бару үшін мың шақырымнан артық жол жүруге тура келеді. Жер түбінде жатқан Ақтау мен Атырау туралы айтудың өзі артық. Ал Ақмола елдің дәл ортасында, тоғыз жолдың тора­бында орналасқан.

Бұған қоса Алматы сейсмологиялық жа­ғынан да қауіпті аймақта тұр. Эко­ло­гия­лық жағдайы да уақыт өткен сайын ауырлап барады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның солтүстік бес облысына көз алартушылар да аз болған жоқ. Әсіресе Солженицын, Жириновский сияқты шовинистер біздің солтүстік облыстарды Ресейге қосуды қатты көкседі. Осындай жағдайда елорданы солтүстікке көшірудің маңызы тіпті арта түсті.

Тағы бір әсер еткен фактор ретінде сол тұста солтүстіктегі өнеркәсіп ошақ­тарында жұмыс күшінің жетіс­пеу­шілігі салдарынан өндіріс саласы тұ­ра­лауға айналды. Ал халық тығыз орна­ласқан оңтүстікте жұмыссыздық бе­лең алды. Егер астана солтүстікке ауыс­са, оңтүстіктегі мыңдаған адамды сол жаққа көшіруге болар еді. Сөй­тіп солтүстіктің демографиялық жағ­дайын реттеумен қатар, елдегі жұмыс­сыздықты азайтуға мүмкіндік туады.

Кейін Нұрсұлтан Әбішұлы осы бір үміт пен күдік алма-кезек шарпысқан күндер туралы «Еуразия жүрегінде» кітабында (91-93-б.б.) былай деп жазды: «Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа отырып, мен ортаға бәрін салатынымды, өзімнің саяси мансабымды, тіпті мүмкін өмірімді бәйгеге тігетінімді түсіндім... Сөйтіп барлығын таразылай келе, мен астана көшеді деген шешімге біржолата бекіндім! Үкімет пен Парламент мүшелері бастапқыда «аң-таң қалды» дегенім бекершілік. Іс жүзінде менің астананы көшіру қажеттігі туралы алғаш сыртқа шығарып айтқан ойым менің көзімше жымиыспен, ал менің сыртымнан, сірә, күлкімен қабылданды. Ең қызығы, менің босқа сөйлемейтіндігімді біле, олардың бәрі дерлік менің көшіру туралы ойымды тым сәтсіздеу, орынсыздау қалжың деп қабылдады...».

Президент Назарбаев 1994 жылы 6 шілде күні Парламент сессиясының жалпы отырысында жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүзеге асқанын тәптіштеп баяндап берді. Депутаттардың азы ғана Назарбаевты қолдады. Көпшілігі қарсылықтарын үнсіз ғана білдірді. Осылайша бұл бастамаға аса мән бермей, орындалмайтын арман ретінде қараған Парламент елеусіз ғана қолдау білдірді.

Елбасы белгілі публицист, қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында бұл істе алдын ала ойластырылған аз ғана қулыққа барғанын да айтады. Бұл жөнінде Президент: 

«...Мен Парламентке астана ауыстыру идеясын ғана ұсынып, оның орындалу мерзімін әдейі тұмандатып қойып едім. Кейіннен баспасөзге берген сұхбаттарымда қабылданған шешімде астананы көшірудің уақыты көрсетілмеген, тек Үкіметке қажетті құжаттарды әзірлеу керектігі ғана айтылған, бұл мәселе нақтылы түрде кейінірек шешіледі, ол болашақтың ісі деп түсіндіріп те жүрдім. Ал шын мәнінде біз Парламент қолдауын алысымен-ақ жұмысқа қызу кірісіп кеткен едік...»,  дейді («Өмір өткелдері» кітабы, 531-бет).

Осылайша Президент жаңа астана кұрылысына қаржы іздестіруге кірісті. Жоғары Кеңес депутаттары 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен Қазақстанның тұрғын үй құрылысына 50 млн доллар қаржы бөлді. Сол қаржыға Астанадағы 9-шағын аудан салынды.

Келесі 1995 жылы «Жаңа астана» арнайы қоры, ал 1996 жылдың күзінде Президент жарлығымен «Ақмола» еркін экономикалық аймағы құрылды.

Президент сырттан инвестиция тартуға бар күшін жұмсады. Шетел басшыларымен ресми кездесулерден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бизнесмендермен, ірі компания қожайындарымен жолығатын. Ол кезде Қазақстанды көп ел біле бермейді. Президенттің әлемдік деңгейдегі абырой-беделі де бүгін­гідей емес. Соған қарамастан Назар­ба­ев шетелге барған сапарларында Ақмола тақырыбын арнайы көтеретін. Осындай табандылықтың арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы аз ғана уақытта Астана құрылысына 200 миллион доллар өтемсіз инвестиция жинады.

Енді өтемсіз инвестициялар мен гранттар есебінен салынған ғима­рат­тарға тоқталайық. Прези­денттің Ақордасын Әбу-Даби даму қоры тұр­ғызса, Парламент Сенатының кең­сесі Сауд Арабиясының, «Бәй­те­рек» пен «Салтанат сарайы» Оман королінің қаржысына бой көте­рді. Ұлттық кітапхана «Аджип» жә­не «Қарашығанақ Петролеум» ком­па­нияларының қаржысына салынды. «Аджип», сонымен бірге Үкімет үйінің құрылысына және «Оқжетпес» шипажайын қайта жаңғыртуға миллиондаған доллар қаражат бөлді. «Нұр-Астана» мешітін Катар мемлекеті тұрғызса, «Астана-Арена» стадионының құрылысын «Испат-Кармет» қаржыландырды. АҚШ бизнесмендері «Қазақстан» спорт кешенінің бар шығынын көтеріп алды. Астана қаласы әкімдігінің ғима­рат­ына Кувейт қоры мол қаржы бөлсе, «Астана-Тауэр» бизнес орталығын Түркияның АBS орталығы салып берді. Кардиология орталығы Сауд Арабиясы корольдігінің грантына, елшілер қалашығы «Қазақмыстың» инвестициясына тұрғызылды.

Осы ретте айрықша айта кететін жайт, 2005 жылдың басына дейін Астана құрылысына 2 миллиард доллар инвестиция тартылды. Мұның 70 пайызы өз еліміздің азаматтарынан түсті. Осы жерде инвестиция тартуда Президент Назарбаевтың іскерлігі мен ерен еңбегін ерекше атап өту керек. Ол кісінің ғажап ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығының арқа­сында Астананың құрылысы көз ілеспес жылдамдықпен қарқын алды.

Президент Астанаға туған пер­зентіндей қарады. Тіпті жұмыс жаңа басталған алғашқы айларда түнгі сағат 2-ге дейін құрылыс басында немесе кеңседе жиналыс өткізетін. Ертеңіне ештеңе болмағандай, таң бозында кабинетінде отыратын. Осындай сәтте біз Нұрсұлтан Әбішұлының қажыр-қайратына, ақыл-парасатына және тапқырлығына таңғалушы едік. Ол кісі қай шаруаның болса да оңтайлы жағын дөп басады. Есеп-қисапқа жүйрік. Қаланың қай жерінде құрылыс қарқынды, қай жерінде бәсең екенін ішкі түйсікпен сезіп, біліп отырды.

Бір жолы Президент жауапты қызметтегі біраз басшыны (ішінде қала әкімі де бар) автобусқа отырғызып алып, Республика даңғылының қап­талындағы үйлердің арасына апарды. Ол жерде тобықтан келетін батпақ екен. Жеңіл машиналар арқылы таралған сол батпақ Республика даңғылына төселген асфальттың сәнін кетіріп, істелген жұмысты жоққа шығаруда. Ал күн жылынғанда шаң-топыраққа айналып, бас қаланың қақ ортасы көзге қораш көрініп тұрғаны рас еді.

Нұрсұлтан Әбішұлы бәрімізге жа­ға­лай көз тастап: «Не қарап жүр­сің­дер?!», деді. Үйлердің арасындағы шағын көшелерге асфальт төсемейінше қала­ның сол кездегі бас көшесі Рес­публика даңғылында тазалық бол­май­тынын ұғып, үнсіз төмен қарадық. Президент машинасына мініп, тартып отырды. Біз лай су мен батпақтың ортасында қала бердік...

Елбасы шетелге шыққанда бөлек үлгідегі, әдемі ғимарат көзіне түссе, бізге суретке түсіруге тапсырма бере­тін. Кейде үлкен шаһарлардың көрікті жер­лерін ұзақ аралап, архитектурасы айрықша көз тартатын құрылыс нысанын іздейді. Жаңалық тапса, балаша қуанады. Бұл Мемлекет басшысының Астананы салу кезіндегі жұмысының бір парасы ғана. Ал Президенттің осы жолда көрген бейнетін біз қанша тырыссақ та сөзбен жеткізе алмайтынымыз анық.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас архитекторы ғана емес, сонымен бірге бас құрылысшысы да. Назарбаев Арқа төсінде Астанадай ғажап қала сала отырып, туған халқына қайталанбас ескерткіш соқты, қазақ халқының әлем жұрты алдындағы абыройын көтерді. Жер шары жұртшылығы Астанаға қарап, Қазақстанға, оның қайсар да еңбекқор, мейірбан халқына баға береді. Осылайша қазақ халқы ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта жарқын болашаққа бастайтын алтын көпірін салып, тәуелсіз саясаттың дербес алаңын қалыптастырды.

Осының арқасында Президент Астанаға әлемнің небір мықты деген мемлекет басшыларын ертіп келді. Нәтижесінде бізде қызыға да қыз­ғана қарайтын дос көбейді. Ал «досы көпті жау алмайды». Сол сияқ­ты сыйласы көп елдің айбыны күшті, қорғаны мықты болады. Нұр­сұлтан Әбішұлы Қазақстанның іргетасын алғаш бекіткен тоқсан бірінші жылдан бастап осыны бір сәтке де есінен шығарған емес. Соның айқын дәлелі ретінде Назарбаев Астанада бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырды, Астанада Еуропа қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына және Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясына төраға болды, Астана экономикалық фору­мы мен Шетелдік инвесторлар кеңе­сіне жетекшілік етті. Ал былтыр дүркіреп өткен ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне дүние жүзінің ірі мемлекеттері басшыларының арнайы келуі Қазақстанның әлемдік қауым­дастық алдындағы беделін одан әрі айшықтай түсті. Астананың әлемдік қаржы орталығына айнала бастауы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Осындай ерен еңбектің арқасында бүгінде бүкіл әлем Астананы дүние­жүзілік бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде мойындап үлгерді.

Астана қазіргі таңда дүние жү­зіндегі ең сәулетті қалалардың бірі бо­луымен қатар, өндірісі мен ша­ғын және орта бизнесі қарыштап да­мы­ған алып шаһарға айналды. Нақты деректерге сүйенсек, 2017 жы­лы Астана тұрғындарының 63%-ы шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп, 1 триллион теңгеден ас­там сомада бюджетке түсім жасаған. Ел­орда­дағы шағын және орта бизнес субъек­тілерінің 100 мыңнан асуы да бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі мол екенін аңғартады.

Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы сөз болғанда көпшілік Алматы­ның әсем табиғатын қимай, үскірік аязы мен сары масасы арқылы ғана белгілі Ақмоланы менсінбей, «ең болмаса жөнді тал да өспейді» деген сөздер де айтқан болатын. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың өзінде-ақ «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыруға бұй­рық берді. Қаланы азынаған желден сақ­тап, таза оттегімен қамтамасыз етуге арналған «Жасыл белдеу» жобасы аясында 84 мың гектар алқапқа ағаш­тың 60-тан аса түрі отырғызылды. Алға­шында Назарбаевтың бұл бастамасына да күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Олар Арқаның сайын даласы орманды өлкеге айналатынына сенбеді. Алайда бүгінгі нәтиже Елбасы бастамасының батыл қадам болғанын айқын дәлелдейді. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы Астана маңайындағы орман көлемі 100 мың гектарға жетуі тиіс.

Иә, Астана – Президенттің төл туындысы. Астана мен Нұрсұлтан Назар­ба­евты бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмк­ін емес. Уақыт өтер, халқымыз жаңа ға­сырларға да аман-есен жетер. Қазақ мем­лекеті бұдан да жақсы заманды ба­сынан өткерер. Сонда Астана туралы әңгіме қозғалса, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы есімі елордамен бірге айтыла­ты­ны ақиқат. Ақындар Астана жайлы жыр жазса, Нұрсұлтан Назарбаев сол жыр­­дың басты қаһарманы болатыны сөзсіз. Жазушылар Астана туралы тол­ға­нып, қалам тартса, Президент Назар­ба­евты айналып өте алмайтыны – тағы бір шындық. Басқаша болуы еш мүмкін емес.

Қадірлі ағайын, шағын мақала аясында Елбасының қазақ мемлекетіне сіңірген еңбегін, ол кісінің тарихи тұлға ретіндегі бейнесін толық ашып көрсету мүмкін емес. Нұрсұлтан Назар­баев халқымыздың бірнеше мың­жылдық тарихындағы ұлт үшін ту­ған ұлы тұлға екені – балталаса бұ­зылмайтын ақиқат сөз.

Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ,

«Байсерке-Агро» көпфункционалды агрохолдингінің президенті