Тарих • 27 Маусым, 2018

Журналист жазбалары: Шіркін, біздің «Жетісу»!

880 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бір ғасырлық жасы бар аға газеттің оқырмандарымен сырласқан сол бір сәттер, аяулы уақыт мезгілдері сағынышпен еске түседі. Шіркін!.. Көкбазардың түбінде көк шынымен көмкерілген 9 қабатты еңселі «Баспа үйінің» алтыншы қабатының күншығысында облыстық «Жетісу» газетінің редакциясы, ортасында орыс тілді «Огни Алатау», батыс бөлігін республикалық «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы алып жататын. Көз талдыратын ұзын-сонар дәлізде екі жерден қойылған қос-қос лифті күндіз-түні, жоғары-төмен тынбай жүріп тұрушы еді. Бұл лифтіге кімдер мініп-түспеді, бұл лифтімен кімдер жүрмеді?! Қазақстанның төрт бұрышына тарайтын барлық газет-журналды шығаратын тілші-тілмашыңыз, журналист-жазушыңыз осы ғимаратта көз майын тауысып еңбек етті... 

Журналист жазбалары: Шіркін, біздің «Жетісу»!

Суретте: редактордың орынбасары Ерғали аға АХМЕТОВ бас­та­ған шығармашылық топ «Бақа­нас» күріш­шілерімен кездесуден оралып келеді. 1988 жыл. 

Ол заманда атағы дардай «Жеті­судың» есігін жүрегі алып-ұшып ашқан кез келген жастың басылымның «бас штабынан» айналып өтуі мүмкін емес дәстүр бар-ды, мен де дәл сондай жолмен бір күні газеттің секрета­риатына топ ете түстім. 1983 жыл­дың қоңыр күзі. Ендігі жерде жас ғұмырымның алдағы жеті жылы «Жетісудың» есігінде өтетінін білген жоқпын, әрине. Бастығымыз Жұмаш аға Арғымбаев, үш орынбасары Сырым Құлажанов пен Көлбай Адырбеков және мен, фототілші Нұрманбет аға Қизатов, суретшіміз Таужан Есбергенова, техникалық редакторымыз Әлия Сейілханова, кеш­кісін ТАСС пен ҚазТАГ-тан келіп түсетін ақпараттар таспасын мұқият оқып, керекті дегенін нө­мірге саралап дайындайтын Мәстура Үсенова апай, бәріміз – «штаб» құра­мындағы бір қауым елміз. Аптасына бес рет шығатын газеттің өндірістік-шығармашылық таусылмас тауқыметін журналист қауым жақсы біледі. Үш жігіт кезектесіп күнделікті нөмірдің макетін сызамыз, бет оқитын кезекшілердің тізімін даярлаймыз, жазылған мақалалардың редакциядан баспаханаға уақтылы жеткізілуін қадағалаймыз. Материалдар цехқа курьер қыздар арқылы, ғимараттың қабырғасына қағылған пневматикалық пошта арқылы да тасымалданады. «Күйіп бара жатқан материалды» цехқа өзіміз-ақ аттай желіп жедел апарып саламыз да қорғасын мен қара майдың ортасынан күйелеш-күйелеш күйде редакцияға ораламыз. Соған қарамастан, азды-көпті беделіміз де жоқ емес. Кез келген тілші, бөлім мең­герушісі немесе атағы дардай журналист ағаларымыздың өзі күнделікті секретариатқа бір бас сұқпай кетпейді, өйткені жазылған мақала түгелдей біздің қолдан өтеді, макетке ілінеді. Мақаланың газет бетінде әріптестер айтатындай жұтынып шығуы да тек қана біздің шеберлігімізге, бас штаб жауынгерлерінің шығармашылық тапқырлығына байланысты.

Мерекелік нөмір шығардың қарса­ңында Жұмаш ағамыз бас штаб­тың отырысын жасап, «Ал бар өнерлеріңді ортаға салыңдар, көрейін...» деп қысқа қайыратыны бар. Мінезі біртоға, артық сөзі жоқ, өз жұмысына сондай тиянақты ағамыздың сол бір-ақ ауыз сөзі бізді дүр сілкінтіп, шабыт­тандырып тастайды. Дереу шүйіркелесіп, «қызыл» нөмірді қалай таңғаларлықтай етіп шығарамыз деп жанталасамыз. Осындайда ғой, секре­тариаттың ыстық-суығын басы­нан өткізген, жай-жапсарын бес саусақтай жақсы білетін насихат бөлімінің меңгерушісі Рысбек Сәрсенбаев ағамы­здың дәлізде тез-тез басып, асығыс өтіп бара жатқан жерінен секре­тариатқа кілт бұрылып, бас сұғатыны. Тәжірибенің аты тәжірибе, болашақ газет беттерінің сондайлық әдемі жұтынып тұратыны өз алдына, Рыс-ағам макет парақтарын ойната сызып отырып, «Көлбай, сен мына бұрышқа бүгінгі тақырыпқа келтіріп шағын новелла дайында, ...сен мына қиыққа бүгінгі табиғаттың сырын аша­тын миниатюра жазып жібере ғой» деп секретариаттың қым-қуыт жұ­мысымен жүріп, қолына қалам ұстай алмай «суып» қалған біздердің тоңымызды жібітіп, мақала жазуға қамшылап қоюды ұмытпайтын. Шіркін, секретариат!

Түс әлетінде жұрттың біразы ауыл шаруашылығы бөліміне опыр-топыр жиналады. Төрде – бөлім меңгерушісі Мұғалімбай Жылқайдаров ағамыз арқасын тік ұстап, қаққан қазықтай қалпында қолындағы қаламы тынымсыз жорғалап, мақала жазып отырады. Үлкен сары үстелде ол кісіге қарама-қарсы орны бар Сарыаға (Хабдішаһар Әміренов) бөлім бастығынан сәл төменірек сырғи жайласып, дойбы тақтасындағы «жан беріп, жан алған» сайысты қыздырып жатады. Сарыағаңмен сайысқа түсетіндер кезекке тұрып сап түзейміз, бірақ ешкімді шақ келтірмейтін чемпион ағамыз кез келген шайқасты ұзақ­қа созбайтын... Анда-санда Сей­долла Садықов пен Әскер Исақов ағала­рымыз «дау» шығарса, сабырлы Сарыаға «Әй, қой деймін-әй...»-ден әрі аспай, «Сен айналайын, келесің кім едің, келе ғой, айналайын...» деп ойын­ды келесі қарсыласпен жалғай беретін. Шын соғысты көрген майдангер-офицер Сарыағаның кез келген адаммен алғашқы тіл қатқандағы сөзі «Сен, айналайын өзі...»-ден басталушы еді. Пердесі жоқ үлкен де қалың шыны терезеден шақырайып түскен күн сәулесі онсыз да шарт та шұрт шайқас жүріп жатқан шағын бөлмені дәлізге қараған есігі ашық тұрса да, ми қайнатқандай етіп ысытып жібереді. Сұйықтау біткен төбе шашы шегініп тұратын іс үстіндегі Мұғалімбай ағам қақ маңдайын қыздырған әлгі күн­нің қызуына шыдай алмай көзі жұмылып, балбырап бір сәт үн-түнсіз қалады. «Жеңілуге» кезекке тұрған біз секілді момындардың бір көзіміз ойын тақтасында болғанымен, бір көзіміз сонда... Қызық, ағамыздың қолындағы қаламы қисаймаған сол күйі, ақ қағаз­дың бетінде, жазу біткен тұста, кенет... тоқтап қалады. Меңгеруші көзін рахаттана жұмып бір сәттік пау­за жасап отырған шығар дейін десек, мұрны пысылдап, тап осылай ұйықтап кеткен секілді. Бөлімнің «қан майданның» ортасындағы қызметкері Сарыағам мұндай сақ болар ма, меңгерушісі жағына көз қырын да салмастан «Әй, Мұғалімбай...» деп бір дауыс­тап қоятыны сол екен, облыстағы ауыл шаруашылығының ең білгір-академигі Жылқайдаров ағамыз, селк етіп, оянады. Оянған мезетте... саусақтары арасында қисаймаған күйі қызметін күтіп тұрған әлгі қаламсапқа қайта жан бітіп, тұрған орнынан әрмен қарай қозғалып, ақ қағаздың бетінде жорғалап бара жатады... Жастар жағы Мұғалімбай ағаның мұндай қабілет-қылығына таң-тамаша қалып, аузымыз ашылатыны сонда ғой!..

Шіркін, ағалар! 

* * *

Бірде редакциядағы аса беделді Жолдасхан Бозымбеков ағаны алды­мызға салып, Нұрманбет аға­ның боз­жорғасы – «алтылық» «Жигу­ли­мен» Алматы қаласының айнала­сын алты айналып шықтық. «Жетісулықтарға» саяжай керек! Мұғалімбай ағам облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масы арқылы бірқатар саяжайға лайық жер аумағының мекенжайларын алдымызға жайып тастады. Талғар жаққа бардық. Жері шұрайлы-ақ, бірақ ядролық-физикалық инсти­туттың түбі ұжымға ұнамады. «Радиа­ция бар... қауіпті». Қапшағай бағы­тындағы екінші көпірден кейінгі сол қанаттағы жазық далаға су тарту қиын. Есік жақтағы тас үгітетін ком­бинаттың маңындағы жазық – шаң-тозаң... Ұжым көп толқыды. Содан ақыры баршамыз баяғыдан армандап жүрген Алатаудың бөктеріне де жолымыз түсті-ау. 

...Алматының иығында тау бөк­терін ала орналасқан «Каменский» кең­шарына таң бозынан жеттік. Ди­ректоры Захарченко деген азамат Сары ағамдай зор денелі кісі екен, сәлемімізді жүре алып, «Уази­гіне» отырған бойда, «артымнан еріңіздер» деп, ишара жасады. Қазіргі «Таусамалы» шағын ауданы етекте қалып, бұралаң жолмен тау бөктерлеп өрге ұзақ жүрдік. Жолдасхан ағам: «Мы­на директор, бізді қайда бас­тап барады өзі?» десе, Нұрманбет ағам: «Жөке, бізге беретін жердің аума­ғын биіктен көрсетейін деген шығар...» дейді әңгімені әзілге бұ­­рып. Айналып-айналып жүріп, бір бүйірден алдымыздан шыққан биіктегі алаңқайға екі машина құйрық тістесе келіп кілт тоқтадық. Жаздық жеңіл жейдесінің түймелері ағытылып кеткен директор тау бөктеріне жаяу шыққандай-ақ алқынып тұр. Маңдайы тершіпті. 

– Міне, достар... мен сіздерді ең шұрайлы жердің төріне алып келдім, – деп алшаңдай басқан директор, төмен қарай тіп-тік созылып жатқан етекті нұсқап, арлы-берлі жүрді. – Мына қырдың үстінен бастап... сіздерге беремін, 1,5 гектар. 

Бүкіл Алматы көз алдымызда мұнартып тұрды. Тау самалы есті. Шын мәнінде тамаша-ақ жер. Тіл­шінің қиялын қойсайшы, шіркін, кетті шарлап: «... мына жерден бір құжыра салсақ, Алматыны төбеден көріп, масаттанып-ақ отырады екен­біз. Радиация жоқ, тас-тозаң жоқ, аңы­раған дала да емес». 

Ойымды Жолдасқан ағам бұзды. 

– Кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз кім еді...– деп сөз бастағанымен директормен өзінің танысу ниетіне құлық­сыз екенін байқатқан ағамыз, аспай-саспай былай деп, төбемізден жай түсірді.

 – Айналайын, қымбаттым, түсін­бедім... сонда сен бізді аю жүретін жерге алып келіп жақсылық жасадым деп тұрсың ба? Мұндай тау қыра­тында осы жердің өмірбақи иесі – менің ата-бабам да тұрмаған. Қой, қай­тайық. Бұл мәселені жолдас Захарченко шешпейді, обком ше­шеді, – деп бізге бұрылды. Әлгі қиял-ғажайып елес көзден бұл-бұл ұшты. 

Қайтар жолда Рысбек ағамның кәсіподақтағы бейресми орынбасары ретінде «Аға...» деп әңгімені бас­тай бергенімде, рульде келе жатқан Нұрманбет аға: «Апырай, Жөке, тегі бұлардың басынуын қарашы-ә, сіз қатты айттыңыз, жақсы айттыңыз...» деді. Екі ағама уәж айта алмадым.

Жолдасхан ағамның «аю жүретін жер туралы әңгімесін» редакциядағы әріптестер лезде ауыздан-ауызға іліп қыздырып алып кетті. Жұрт риза. Арада үш күн өтті. Редакторымыз Пер­небек Бейсеновтің қабылдау бөл­месіне «Каменский» кеңшарының қабылдау бөлмесінен телефон шалынды. Хатшы қыз Күлия Құрманәлиева «Сізбен сөйлескісі келеді...» деді маған. Түкке түсінсем бұйырмасын. Атымды атап ежелгі танысындай іші-бауырыма кіріп сөз бастап кеткен Захарченконың өзі. «Мен сіздерге Жандосов көшесінен онша алыс емес жерден «Айболит» балалар демалыс орнының тау беткейі жағынан 1,7 гектар жер таптым. Таңертең келіңіздер. Алма бақты беремін ...» дейді. Мән-жайға тез қанықтым, «рахметімді» айтып үлгердім. Бір уақытта, туыс­қа­нымдай болып бара жатқан кеңшар директоры Захарченко, «...есіңде ме, сіз­дерде анау ақ шашты, ашуы қатты ақ­сақал бар ғой... сол кісіні алып кел­­мей-ақ қойшы, жарай ма...» деді өтініп.

Күре жолдан онша алыс емес, самсап пісе бастаған алмасы бар, оты белуарға жеткен жер телімдерін реті­мен бөліп жатқанда, риза көңілдегі күллі ұжым шуылдап, төрелігі әркез жүріп тұратын Жолдасхан ағама қарап, қиылып «Жөке, бірінші учаскені өзіңіз алыңыз!» деді. Сонда Жолдасхан ағам «Жоқ, ағайындар, еңбек мына екі азаматтыкі, Нұрманбет пен Талғатқа өздері қалаған жерінен берейік, мен үшінші болайын!..» деді. 

Сол күні «жетісулықтар» заңды түрде иемденген саяжай телі­мінің апорт алмасын кешке дейін күрсіл­детіп жеп, қарық болды. Жолдасхан ағам мен арқылы Захарченкоға бәрібір сәлем жолдады: «Бізге не себепті алма бағын ұсынып отыр? Жауабын берсін...». Араға көп күн салмай Захарченконың орынбасары «Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес ұзақ жыл бойы апорт отырғызылған алма бағы жер телі­мінің ескіруіне байланысты басқа қажеттіліктерге жұмсалсын» деген құжатты мөрін басып алып келгенін де ұмытқан жоқпын.

Қайран, Жолдасхан аға!

* * *

Қолына түскен материалдың бөлме­сіне кіргенінен шыққаны тез, жыл­дам оқылып дайын болатын редак­­тордың орынбасары Жән­әбіл Темір­беков, үнемі жымиып қана жү­ретін ақын аға Шекербек Сады­хан­ұлы мен оның шайыр інілері Ислам Бейсебаев, Айтақын Әбдіқалов, орман жанашыры Қожан Есжанов пен халықтық бақылау бетінің иесі Марат Әбдіхалықов, спорттың майын ішкен Молдахан Мұқатаев пен Мейрамбек Төлепбергенов, «Жетісудың» ханым­дары – бөлімге ауысқандағы өз басты­ғым Гүлсан Сағымбекова мен Гүлшат апай Баянбаева, екеуміз бір күнде дүниеге келген Жанкүміс Жаманкина, Гүлжамал Әбуғалиева апай, өте мұ­қият Әсем Тасыбекова, фельетонист-сатириктер Басқар Битанов, Нұр­тан Төлепбергенұлы, жас жазушы Қуан­дық Түменбаев, секретариаттың хас шебері Ерғазы Әсембеков секілді кіл жақсы әріптестермен қызмет істеу қандай бақыт. Кейінгі буын Ар­ман Сқабылов пен Әбдез Рахманов, Бекен Нұрах­метов пен Төрехан Дания­ров «Же­тісудың» сан жылдық асқақ та абы­ройлы беделін түсірмей гүлден­дір­ген нағыз редакция сарбаздары дер едім.

«Жетісудың» тұрақты түрде өте­тін апталық лездемесін айтсайшы. Арнайы сөз бермесе немесе иек қақпаса алға суырылып шығу әде­тімізде жоқ болатын. Әрине, жа­сық­тықтан емес. Асқар таудай алдыңғы буын ағалар біздің атымызға, жазған мақаламызға бір ауыз ғана жылы лебізін білдіре оты­рып тәрбиеледі. Соның өзі ғұла­ма­лардан дәріс алғанмен тең еді-ау. Асыл мінезді ардақты аяулы ағаларымыздың ар­қамызда тұрғ­анын қатты сезінуші ек. Біз ол жыл­дары еш қамсыз қызмет еттік. Шығармашылық еркіндікті, жазудағы мұқияттылықты, тазалықты сол кісілерден үйрендік. Шіркін, біз­дің «Жетісу!» дей жүріп, өсіп-өркен­дедік. ...Жолдасхан ағам сол заманның өзінде уақыттың көшінде жиілей соққан қан тамырының бүлкілін дәл сезіп, идея айта қоюдың шебері-тін. Күйіп тұрған құқықтық салада Мейрамбек үшеуміз ағаның аспан көк түстес «Победасымен» қала мен даланы шарлап жүріп айға жуық нөмір аралатып «Тұман түріліп барады...» атты мақалалар сериясын жазғанымыз есімде. Сиырдың тілінен кемпірауызбен қысып сүйресе жеңіл көліктің ішіне еркін кіріп, сыйып кететіні туралы қызықты дерек сонда жазылған...

«Жетісудың» бір кездегі редакторы, редакция ардагері аяулы аға Әб­дуәлі Қарағұловтың (ақын Олжас Сүлей­меновтің әкесі) «Сәтті ойлар сағатынан» дәріс алудың өзі неге тұрады. Кіл жайсаңдармен, жақ­сы­лармен өткізген, пай-пай... жеті жыл! Айтар да көп, жазар да жетіп-артылады, әттең. Айтпақшы, әріп, үтір, нүктеге ғана емес жа­зыл­ған мақаланың идеясына дейін аса сақ әрі қырағы жүретін Баян Нұр­ғалиева бастаған корректор қыз­дарымыздың тиянақтылығы мен ұқып­тылығына баршамыз осы күнге дейін қарыздармыз деген ойда жүре­мін үнемі. Биылғы жаз ортасында жүз жасағалы тұрған қазақтың ақсақал газеті – Алматы облыстық «Же­тісу» газетінің өмірінен өзім ғана сары майдай сақтап жүрген тарихи жазба­лардың бірер үзігі осы ғана... 

Шіркін, біздің «Жетісу!» 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ