Тараз қаласының ортасын қақ жарып темір жол өтеді. Оңтүстік пен Солтүстікті, Батыс пен Шығысты, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерді де жалғап жатқан темір жол бұл. Сол темір жолдың арғы беті «Шалғай Қарасу», «Қараой» тұрғын жай алқабы мен «Лесхоз», «Солнечный» және «Высотский» елді мекендері болып аталады. Тараз қаласы әкімінің №10 аумақтық округінің инспекторы Қанат Нұрлановпен бірге аталған алқаптар мен елді мекендерді аралап көргенімізде, бірқатар мәселеге тап болдық. Тұрғындар да жол, жарық, жабайы сауда мәселелерін алдымызға жайып салды.
Әуелі мұндағы Мұқанов пен Чкалов көшелерінің бойынан тартылған ауыз су құбырының аяқсыз қалғанын көрдік. Ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын екі көшедегі асфальттың тас-талқаны шығып, жол апатты жағдайға жеткен. Тұрғындар игілігі үшін су құбыры жүргізілгенімен, халық мұның игілігін көре алмай отыр. Тіпті су құбыры құдықтарының қақпағы ашық күйінде қалған. Әйтеуір жоқтан бар жасап бір жерін таспен қымтаған, енді бір жеріне шыбық шаншыған. Өркениетті қоғамда өнбейтін тірлікпен әуре болған өңір тұрғындары үшін ең қауіптісі осы екен. Ал бұл жерден жаяу жүргіншінің де, көлікті жолаушының да әрі-бері жүруі қиын. Ал ойын балалары байқамай құдыққа түсіп кетуі мүмкін. Айтқан жерден аулақ, ал балалар қараңғыда құдыққа түсіп кетсе не болады? Әрине бұған бас қатырып жатқан адам жоқ сияқты...
Бұл мақсатқа 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Бюджет қаражаты желге ұшып не болмаса құмға сіңіп кеткендей. «Мемлекеттің қыруар қаржысы жердің астында көміліп жатыр» деп күйінеді бас инспектор. Ал инспектордың өзі аталған мәселелерді қалыпқа келтірейін десе, қолында билік жоқ. Ширек ғасыр бойы Тараз қаласының әр округінде бас инспектор болған Қанат Нұрлановтың қызметтік көлігі де, қызметкері де жоқ. Жетпіс мыңға тарта халық тұратын округті өз қалтасынан жанармай құйып, күніне он рет шарлауға мәжбүр. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, инспекторды мұндағы халық тыңдаудан қалған. Ешқандай мәселе шешімін таппаған соң халықтың үміті үзілген сыңайлы.
Темір жолдың арғы бетіндегі тағы бір мәселе – ретсіз салынған сауда нүктелері. Кәсіпкерлікпен айналысудың жөні осы екен деп қазір кім көрінген ретін тауып, көше бойларынан, аялдамалардан сауда дүңгіршектерін аша беретін болған. Тіпті жабайы сауданың қызғаны соншалық, кәсіпкерлер мемлекеттің «қызыл сызық» талабын да ұмыт қалдырған. Ешқандай талапқа сай келмесе де мұнда нан, бәліш, балық сияқты тағам түрлері сатылуда. Сыра дегеніңіз де көл-көсір. Бас инспектордың айтуынша, мұнда қалалық санэпидқадағалау мекемесі, полиция қызметкерлері ат ізін салмайды. Сонда құзырлы орындардың өзі мәселеге атүсті қарағанда, басқалары қайтпек деген де ой келеді. Инспектор осы округке қызметке келгелі қаланың әкімінен бастап, тиісті мекеме басшыларына дейін хат жазыпты. Алайда селт еткен ешкім табылмаған.
Жалпы, Тараз қаласының шағын аудандарындағы жабайы сауда мәселесі жиі айтылып келеді. Дей тұрғанмен әлі нәтиже жоқ. Мәселен біз әңгіме етіп отырған темір жолдың арғы бетіндегі Пірманов көшесінің бойындағы заңсыз қойылған сауда нүктелерінің кесірінен №29 мектептің оқушысын көлік қағып кетті. Абырой болғанда бала аман қалған. Бұл бейберекет тірлік ретке келтірілмесе, келешекте де мұндай келеңсіз жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Бұл жағдайдан соң жабайы сауда орындары ретке келтірілгендей болғанмен, кейіннен қайтадан белең алған. «Округтің көшелеріндегі азық-түлік сататын дүңгіршектердің бірде-бірінде заңды құжат жоқ. Сөйте тұра электр қуатын тартып алған», дейді инспектор. Дүңгіршектерде жарық болғанымен, көптеген үйлерде әлі де жарық жоқ. Сонымен қатар заңсыз сауда нүктелерінің айналасы қоқысқа толып кеткен. «Высотский» елді мекеніне баратын жолдың оң жағын да күл-қоқыс басып қалыпты. Инспектордың өзі 15 қоғамдық жұмысшы тартып, «Нұрлы Тараз» және «Сұлтанғазы» мекемелері арқылы қоқыс тазалатуға мәжбүр. Оның айтуынша, тұрғындардың көпшілігі және заңсыз сауда нүктелерінің иелері қоқысқа төлейтін азын-аулақ тиыннан қашып, қоқысты далаға лақтыра салатын көрінеді. «Сонда төлейтіні жүз-ақ теңге ғой» деп күйінеді инспектор.
Ирина Темірбаева есімді тұрғынның айтуынша, бұл бейберекет тіршілік талай жылдан бері шешімін таппаған. Мәселен, Абай, Аппаев, Самарқанд көшелерінде талапқа сай емес ыстық нан, бәліш, балық өнімдері сатылуда. Ал көшенің шаңы шығып, бұрқырап жатыр. Бұдан бөлек, олармен араласып шөп, көмір, ағаш, сексеуіл сияқты мал азығы мен отын да саудаланады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмаған соң тірліктің түрі осы да.
Жол, жарық, жабайы сауда мәселелері бұл күнде темір жолдың арғы бетіндегі тұрғындар үшін өте өзекті. Жетпіс мыңға тарта халқы бар елді мекендерде аталған мәселелер түйткіл күйінде қалуда. Нақты айтсақ мұндағы 68 230 адамның арман-тілегі осы ғана. Мәселен, Тараз қаласының бергі беті заманауи үлгіде қайта жасақталған шаһар ретінде айтарлықтай дәрежеге жетті. Ал арғы бетіндегі жағдай әлі сол қалпы.
Тараз қаласы халқының бестен біріне жуығы тұрып жатқан іргелі мекенде темір жол лицейі, темір жол колледжі, 8 орта мектеп, 2 балабақша, 2 шағын орталық және 1 балалар үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда 10670 жеке үй және 51 көпқабатты тұрғын үй бар. Сондай-ақ 3 емхана, 1 сүйек-туберкулез аурулары ауруханасы да бар. №3 қалалық полиция бөлімімен қатар, «Қазпошта» және «Қазақтелеком» бөлімшелері де ел игілігіне жұмыс істеуде. Расында да бір іргелі ауданның халқындай тұрғыны бар бұл аймақтағы мәселенің қашан шешімін табатыны белгісіз.
Жабайы сауда демекші, жуырда ғана Тараз қаласының орталығындағы және өзге де жерлеріндегі бірқатар заңсыз сауда дүңгіршектері алынды. Енді осы бастама темір жолдың арғы бетінде де жалғасын тапса дейміз. Ал Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қоқыс мәселесін тұрғындардың салғырттығынан көреді. Расында да көптеген тұрғындар қоқысқа ақша төлеп, оны арнайы орынға апарып тастағаннан гөрі, көшеге лақтыра салғанды қолай көреді. Сондай-ақ шаһар басшысы мұндағы мәселелер бойынша бүгінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Талай жылдан бері түйіні тарқамаған түйткілдің біртіндеп болса да ретке келгені жақсы. Әйтпесе темір жолдың қос қапталындағы тұрғындардың тіршілігін тіпті салыстыруға келмейді. Әйтеуір әупірімдеп күнін көрген халық әлі де болса жақсылықтан үмітті...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ