Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 2002 жыл

910 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана шежіресі: 2002 жыл

1 қаңтар – бір жыл бұрын қабылданған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған арнайы экономикалық аймақ өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда АЭА аумағы 7634,71 гектарды құрап отыр. 

22 қаңтар – Президент Н.Назарбаев Астана қаласында Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Г.Рапотамен кездесіп, ЕурАзЭҚ қызметіне байланысты бірқатар стратегиялық мәселелерді тал-қылады. 

11 ақпан – Елбасы Н.Назарбаев Үндістанға ресми сапармен барып, Дели қаласында ашылған Абай атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысты. 

28 ақпан – Алматыда Орталық Азия мемлекет басшылары Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы шартқа қол қойды. 

28 ақпан – елорда тұрғындары үшін емдеу-сауықтыру қызметін жақсарту мақсатында Астанада «Демеу» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясы ашылды.

26 наурыз – Вашингтон Қазақстанға нарықтық экономикалы мемлекет мәртебесін беру туралы ресми хабарлады. Бұл оқиға елімізге инвесторлар тартумен қатар, республикамыздың халықаралық имиджін көтеруге зор септігін тигізді. 

25 сәуір – Алматы қаласында бірінші Еуразия медиафорумы басталды. Бұған әлемнің 30 елінен келген жетекші ақпарат агенттіктерінің 200-ге жуық журналисі қатысты. 

13 мамыр – Мәскеуде екі мемлекет басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин кездесіп, Каспийдің солтүстік бөлігінің тағанын пайдалану мәселесін шешті. 

3 маусым – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бірінші саммиті ашылды. 

4 маусым – Астана тарихында тұңғыш рет аса ірі халықаралық жарыс бокстан Х әлем кубогі елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында салтанатты түрде ашылып, бұл рәсімге Елбасы Н.Назарбаев қатысты. 

7 маусым – Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің кезекті саммиті өтіп, жиынға қатысушы мемлекет басшылары ортақ Декларацияға қол қойды. 

29 тамызда – Астана қаласының символы ретінде салынған «Бәйтерек» монументі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Аталмыш нысанның биіктігі – 97, диаметрі – 27 метр. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Шынымен көмкерілген күмбездің салмағы – 70 тонна. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіреберісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 тонна металл құралыммен тұтастырылған. 

9 қыркүйек – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Өзбекстан басшысы И.Кәрімовті қабылдап, екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау ісін толық аяқтады. 

14 қыркүйек – Астана қаласындағы «Шұбар» кентінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «VITA» атты таза су өндіретін кәсіпорын ашылды.

5 қазан – елорда төрінде орналасқан «Конгресс-холда» Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қаламгер Шерхан Мұртазаның 70 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Мерейтой иесі туралы бас баяндаманы классик жазушы Әбіш Кекілбаев жасады. 

17 қазан – Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанмен кездесті. Бұл оқиға – еліміздің саяси өмірінде көрнекті орын алған және Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының маңызын арттырған шара болды. 

23 қазан – Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Құрылтайға 32 мемлекеттен 400-ден астам өкіл келіп қатысты. Жиында оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту туралы шешім шықты. 

19 желтоқсан – Астананың жаңа орталығында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

23 желтоқсан – Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды. Оның ең маңыздысы – Қытай мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік туралы шарт. 

27 желтоқсан – елорда төрінде Орталық Азия ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының төртінші кездесуі өтті. 

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»