Тарих • 28 Маусым, 2018

Астана шежіресі. 2005 жыл

877 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылы барлық мемлекеттік аппарат Астананың сол жағалауда ор­на­ласқан жаңа әкімшілік орталыққа қо­­ныстанды. Қала елорда мәртебесін ал­ған жеті жыл ішінде тұрғындарының саны өсіп 541, 7 мың адамға жетті. Сонымен қа­тар бұл жылы 1200 орындық – бес, 400 орын­дық бір орта мектеп, 208 және 240 орын­­­дық екі балабақша пайдалануға бе­ріл­ді.

Астана шежіресі. 2005 жыл

5 қаңтар – Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдап, өткен 2004 жылы атқарылған жұмыстың қорытынды есебін тыңдап, оған оң баға берді.

2 ақпан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайының жаңа халықаралық терминалының ашылу салтанатына қатысып, нысанның ішін аралап көрді. Жолаушылар терминалының ғимараты бес деңгейден тұрады және 6 телескопиялық сатылармен жарақталған. Барлық ұшақ түрлерін қабылдайды һәм бір мезгілде 750 жолаушыны өткізуге мүмкіндігі бар.

24 ақпан – Елбасы Н.Назарбаев «Аста­на­басжоспар» мемлекеттік комму­нал­дық кәсіпорнында болып, елордада са­л­ы­натын жаңа ғимараттардың жоба-ма­ке­тімен танысты шықты. Мемлекет басшы­сы мүгедектер мен қарттарға арналған 410 орын­дық интернат үйінің жоба-макетін ма­құл­дай отырып, «Ана мен бала орталығы» си­яқты әлеуметтік нысандарды салу жөнінде тап­сырма берді.

11 наурыз – Астана төрінде орналасқан «Қазақстан» спорт сарайында «Спорт – барлығымыз үшін, спорт – бейбітшілік үшін» атты республикалық фестивальдың ашылу салтанаты өтті.

22 наурыз – Есіл өзенінің сол жағалау­ын­да тағы бір еңселі ғимарат «Нұр Астана» мешіті пайдалануға берілді. Оның ашы­лу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, 1994 жылы Саудияға барған сапарында король Фаһд бин Әбдел Әзиз сыйлаған Қағба жабынының бір бөлігін мешітке сыйға тартты.

8 сәуір – астаналық шығармашылық жастардың «Жас бәйтерек» фестивалі басталды. Екі күнге созылған фестивальға елордадағы 10 жоғары оқу орнынан 60 талапкер қатысып, алты аталым бойынша бақ сынады.

15 сәуір – Астана қаласында бесінші рет жас таланттардың ХІV «Жас қанат» республикалық конкурсы басталды. Оған 13 үміткер қатысты.

16 сәуір – Сыртқы істер министрлігі ғимараты ашылып, салтанатты шараға Президент Н.Назарбаев қатысты. Ғимарат құры­лысын шведтің «Мобитекс» компаниясы жүргізіп, 2,5 жыл ішінде пайдалануға берген еді.

24 сәуір – қалада салынып жатқан бір­қатар нысандар мен мекемелерді аралаған Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірін­ші кезекте Есілдің сол жағалауында бой көтерген «Нұрсая» тұрғын үй кешенімен танысты.

19 мамыр – Астанада Беларусь республикасы елшілігінің ресми ашылу салтанаты болды. Салтанатты шараға қос елдің басшылары қатысты. Елшілік орналасқан ғимарат ХІХ ғасырда салынған сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады.

10 маусым – Астана күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүре­гін­де» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

10 маусым – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Астана күніне арналған «Астана – менің шабытым» атты ме­рекелік қойылым мен «Тарих керуені» атты шеру өтті.

5 шілде – Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мем­лекет басшыларының саммитінде терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы бекітілді

26 шілде – Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай соғыс және тылда еңбек еткен ардагерлерге көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жеңіс» мерекелік пойызы соңғы аялдама елорда төріне келіп табан тіреді.

10 тамыз – «Мемлекеттің нақты әріптесі ретінде «үшінші сектордың» дамуы және нығаюы» деген тақырыпта Астана қаласында үкіметтік емес ұйымдардың аймақтық форумы басталды.

30 қыркүйек – елорда төрінде еліміздегі бірлескен жоғары оқу орындарының бірі – Қазақстан-Ресей университетінің жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді.

1 қараша – Астанадағы «Алатау» спорт сарайында «Индустриялық-инновациялық Қазақстан» стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы кезеңінің аяқталуына байланысты көрме ашылды.

1 желтоқсан – Елбасы Н.Назарбаев Түркияның «Риксос» отельдер жүйесі мен Ресейдің «Коалко» компаниясы және елі­міздің басқа да фирмаларының қар­жы­лан­дыруымен Астанада салынғалы отырған ең үлкен ойын-сауық орталығының алғашқы іртетасын қалау рәсіміне қатысты.

14 желтоқсан – Астанада өткен агро­өнер­кәсіп мәселелері жиынында Ауыл жылдары қорытындыланды. Оның жетістіктерін аймақтардан келген өкілдер жоғары бағалады.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»