Өнер • 28 Маусым, 2018

Гүлмира Сарина Атырау жұртына концерттік бағдарлама ұсынды

823 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гастрольдік сапарға шық­қан әншілер көбіне облыс орталығымен шектеледі. Алыс­тағы ауылдарға баратындары некен-саяқ. Соңғы жылдары Атырауға келген өнерпаздар аудандарды да аралай бастады. Оған облыс басшылығының қолдау көрсетуі де оң ықпалын тигізіп отыр.

Гүлмира Сарина Атырау жұртына концерттік бағдарлама ұсынды

 Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Махамбет, Исатай, Қызылқоға аудандарына арнайы барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Атырау қаласындағы Құрманғазы мәдениет сарайында да мәнді кеш өтті.

– Атырау – рух қонған батырлар мен жыр қонған ақындардың елі. Мұн­дай киелі мекенге келу үшін үл­кен дайындық керек деп ойладым. Сәті енді түсіп, Жайық жағасындағы жұртпен жеке кон­цертімде алғаш рет жүздестім, – дейді Гүлмира Сарина. «Сағыныш» деп аталған ән кешінде Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйе­мел­деуімен жанды дауыста өнер көрсеткен әншіні атыраулықтар жылы қабылдады. Гүлмира Айымғазықызы құр қол келмей, қазақ салтымен сыйын да ала келіп­ті. Ол – «Атырау – айбарым» деп ата­­латын жаңа ән. Ақын Әлия Дәулет­баеваның сөзіне жазылған ән концертте алғаш рет орындалды. Тыңдаған жан­ның рухын оятып, жігер беретін туындыға көрермен де риза болды.

Шарада ақындар «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының иегері Қалқа­ман Сарин, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Жұлдызай Ысқақ өлең оқыды. Батыс ән мектебінің белді өкілі Қайрат Кәкімов әнін әуелетті. Жайық жағасына «Сағынышын» ала жеткен әншіге ел риза болып, қошемет көрсетті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ