Нұрсұлтан Назарбаев: Шығыс Қазақстанда ең алғаш рет робототехника енгізіліп жатыр

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Мемлекет басшысы Ұлан ауданындағы «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Өскемен қаласындағы «SV» өнеркәсіптік жабдықтарды шығаратын «Силумин-Восток» кәсіпорны мен роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысты.

Егемен Қазақстан
28.06.2018 7636
2

Жылына 45 тонна бекіре етін өндіруді жоспарлап отыр

Елбасы ең әуелі Ұлан ауданында осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен ашылған, бекіре тұқымдас балық еті мен уылдырық өндірісімен айналысатын серіктестікке барды. Бүгінде мұнда бекіре тұқымдас балықтың үш түрі өсіріледі. Жергілікті шаруалар бастапқыда бұл кәсіпті таңсық көргенімен, кейіннен оған толық бейімделіп алғандарын айтады. Соңғы екі айда олар 1 жарым тонна бекіре етін сауда орындарына жөнелтіпті. «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылға қарай жылына 45 тонна бекіре етін өндіріп, 4 тонна қара уылдырық алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорында Нұрсұлтан Назарбаевқа балықтың осы тұқымынан уылдырық алудың технологиялық үдерісі таныстырылды.

Өнеркәсібі өркен жайған өңір Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары машина құрастыру, түсті металдар өндірісі сынды дәстүрлі кәсіп түрлерінен бөлек, заманауи бағытта жұмыс істейтін зауыттар көптеп іске қосылып жатқаны белгілі. Сондай кәсіпорынның бірі - электрмен қамту қондырғыларын шығаратын «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын құрылыс пен инфрақұрылым, машина жасау, энергетика, металлургия, тау-кен және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларында инжинирингтік қызмет көрсету ісіне маманданған. Бұл өндірісті іске қосуға жалпы сомасы 1 млрд 600 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Нәтижесінде соңғы екі жылдан бері 2 жарым миллиард теңгенің өнімі шығарылып, тау-кен, металлургия және энергетикалық кешен кәсіпорындары қажетті қондырғылармен қамтылып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын облыстың 500-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. «Бүгінде біз бірнеше жаңа жобаны бастадық.

Соның бірін франциялық компаниямен бірлесе қолға алдық. Сол арқылы ірі кәсіпорындардағы электр қозғалтқыштарын басқаратын бірегей қондырғы жасап шығармақшымыз. Болашақтағы жоспарларымыз ауқымды. Әсіресе, экспорт көлемін ұлғайтуға баса көңіл бөліп отырмыз», - дейді зауыттың бас директоры Олег Фроимчук. Кәсіпорынды аралау барысында Мемлекет басшысына құбыр жүргізу кезінде қолданылатын арматураларды, насостық құрал-жабдықтарды, электротехникалық өнім мен блокты-модульдік ғимараттарды дайындау үдерісі таныстырылды. Елбасы өндіріс орнының жұмысымен жан-жақты танысқан соң кәсіпорын ұжымымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, қызметкерлердің жай-күйін сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті мен даму қарқынын ерекше атап өтті. «Өңірде өнеркәсіп саласы өркендеп, индустриялық бағдарлама аясында 46 жоба жүзеге асырылды. Жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпорындар салынуда. Атап айтқанда, 7500-ге жуық адам жұмысқа орналасты, – деді Президент.

 

Екі ауданда инсульттік орталық ашылды

Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында медицинаға цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу мәселесіне айрықша тоқталып:  «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады», - деген еді. Осы ретте бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында еліміздің өзге өңірлеріне үлгі боларлықтай ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Сөзімізге дәлел - Өскемен қаласындағы №1 аурухана жанынан ашылған роботтандырылған хирургия орталығы. Оның жұмысын жүргізу үшін 4 маман іріктеліп, Италия мен Алманиядан қосымша білім алып, біліктіліктерін көтерген болатын. Ал ота жасаушы роботты іске қосып, жергілікті мамандарды үйретуге Италиядан Стефано Джидаро есімді профессор шақыртылған. 27 наурыздан бері аталмыш маман Өскеменде еңбектенуде. Оның басқаруымен «оташы робот» 36 науқастың алғысына бөленіп үлгерді. Жуықта ғана бұл ауруханада әлемде тұңғыш рет бүйрек алып тастау отасын робот атқарды.

Келешекте роботтың көмегімен жылына 500 ота жасау көзделген. Облыс әкімі Даниал Ахметов мұндай роботтандырылған орталық Қазақстанның өзге өңірлерінде жоқ екенін айтады. Мемлекет басшысы өңірдегі жұмыс сапары аясында осы орталықтың да жұмысымен танысып, аймақтың медицина қызметкерлерімен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Президентке Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде атқарылып жатқан, қолға алынған жобалар жайында баяндады. Қазіргі уақытта бірінші кезекте облыстағы медицина мекемелерін заманауи жабдықтармен қамтуға және жергілікті дәрігерлерді шет елде оқытып, біліктіліктерін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында өңірдегі емханаларға жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға 18,8 миллиард теңге бөлініпті. Бұл бағытқа 2019 жылы 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған.

Ал дәрігерлерді оқытуға келсек, 2016 жылы 12, 2017 жылы 61 дәрігер шет елде білімдерін жетілдіріп келіпті. 2018-2019 жылдары тағы да 100-ге жуық маманды өзге мемлекеттерге тәжірибеге алмасуға жіберу көзделген. «Облыстағы барлық медициналық мекемелердің жабдықталуына терең талдау жасадық. Сол талдаулар салаға 23,4 млрд теңгенің жабдықтарын алу қажеттігін көрсетті. 2019 жылдың аяғына дейін осы қажеттілікті 100 пайызға қамтысақ деген жоспарымыз бар. Мамандарымызды шетелдің үздік медицина орталықтарына жіберіп, біліктіліктерін арттырып жатырмыз. Өңірлік бағдарлама аясында 3 жылда 173 маманды ұзақ мерзімді оқу курстарына жібермекпіз», - деді әкім орынбасары.

Өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған кешенді бағдарлама аясында биыл Аягөз бен Зырян аудандарында инсульт орталықтарын ашу жоспарланған еді. Елбасының аймаққа жасаған жұмыс сапары шеңберінде екі орталық та салтанатты түрде жұмыстарын бастап, шалғайдағы ауыл тұрғындарына аса қажет мекеме қызметкерлері телекөпір режімінде тікелей байланысқа шығып, алғыстарын жеткізді. «Аягөз ауданы облыс орталығынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан.

Бүгін жоғары технологиялы инсульт орталығы есігін айқара ашты. Бұл орталық Аягөз бен Жарманың, Үржар мен Тарбағатай аудандарының 200 мыңнан астам тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік беріп отыр. Осылайша заманауи қондырғылармен жабдықталған орталықта емдейміз. Ең бастысы, халық бұрынғыдай Өскемен мен Семейге сенделмейтін болды. Өткен жылы облыстық бағдарлама бойынша біздің 5 дәрігер Ұлыбританияда білімін жетілдірді. Биыл да 8 дәрігер біліктіліктерін арттырып қайтпақ», - деді Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров.

Алыс аудандағы дәрігердің сөзін ерекше ықыласпен тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев шалғай ауылдарға осындай көмек көрсету жалғаса беретінін атап өтіп, бүгінде Қазақстанда қан тамырлары мен жүрек аурулары кең тарағанын, алайда бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынып,  қазір барлық облыс орталықтарында жүрекке операция жасауға мүмкіндік жасалғанын айтты. «Инсульттік орталықтардың ашылып жатқаны мені қуантады. Өте дұрыс дүние. Сондықтан елдің денсаулығын нығайтып, өмірлерін ұзарта беріңіздер», - деді аягөздік дәрігерлерге.

«Технологиямыз алға кеткенімен санамыз кейін қалып тұр»

Өз кезегінде зыряндық дәрігерлер де Елбасыға өз ризашылықтарын жеткізді. Зырян ауданындағы орталық Катонқарағай мен Күршім аудандарына қызмет көрсетеді. Мұнда шалғай елді мекендердегі 180 мыңнан астам халық екінші деңгейлі инсульт орталығының қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Мемлекет басшысы роботтандырылған орталықтағы жергілікті дәрігерлермен кездесуінде әлемдегі және еліміздегі денсаулық сақтау саласының жай-күйіне қысқаша шолу жасап, қазақстандықтарды өз денсаулықтарына бей-жай қарамауға шақырды. «Қазір бүкіл әлемде адамзат өмірін ұзарту үшін күрес жүріп жатыр. Әлемде өлім көрсеткіші жөнінен онкологиялық аурулар бірінші орында тұр. Онымен күрестің ең алғашқы қадамы - әркім өз денсаулығын күтуі керек. Дұрыс тамақтану қажет. Денсаулық сақтау ісінде медицинаның үлесі - 10-15 пайыз ғана. Қалғаны адамның өзіне тікелей байланысты. Өткен жылы әлемде 50 миллион адам жол апатынан көз жұмыпты.

Сондықтан біз өз-өзімізді қорғауымыз керек. Дәрігерге уақытында көрініп, салауатты өмір салтын ұстанғанымыз ләзім. Мен бұрын «бізде неге ана өлімі көп?» деп таңғалушы едім. Бір медбике мұның себебі жас аналардың әсіресе алыс ауылдағы қыз-келіншектердің денсаулығына жөнді мән бермейтіндігінде, ана болуға дайындалмайтындығында екендігін айтты. Денсаулығы нашар анадан сау бала дүниеге келмейді. Батыста үйленуге ниет қылған жастар алдын ала тексеруден өтеді екен. Бізде қалай? Технологиямыз алға кеткенімен санамыз кейін қалып тұр. Сондықтан бұл мәселеге ерекше мән беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіспіз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің медицина саласына жаңа технологияларды енгізуге зор күш жұмсалып жатқанын, соның бір айқын дәлелі Өскемендегі орталық екендігін ерекше атап өтті. «Шығыс Қазақстанда ең алғаш рет робототехника енгізіліп жатыр. Бұл – жаңа технология. Мұны барлық жерге енгізуіміз керек. Біріншіден, робот адамға қарағанда нақты. Операция кезінде қиындық тудырмайды. Бұл ретте Шығыс Қазақстандағы атқарылған жұмыстарға жақсы баға беруге болады» - деген Мемлекет басшысы шетелде оқып келген мамандардан біздегі және шетелдік жүйенің айырмашылығын сұрады. «Онда аурудың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Әйтпесе негізгі жұмыстарында біздегіден өзгешелік жоқ» - деді семейлік жас дәрігер Идалия Рахимова. Елбасы мемлекет қаржысына алынып жатқан қымбат қондырғылардың ел игілігіне жарауы үшін дәрігерлердің білімі соған сай болуы керектігін айтты. «Ең әуелі дәрігер білікті болуы шарт.

Дипломы бардың бәрі білікті маман деген сөз емес. Кейбір медицинасы озық елдерде студенттер 3-4 курстарда бейіміне қарай іріктеледі. Яғни, барлығына бірдей дәрігер дипломы берілмейді. Кейбірі медицина саласының менеджері болуы мүмкін. Қымбат әрі заманауи қондырғылардың болғаны жақсы, бірақ оны қолдана алатын мамандар болуы керек. Қазір ағза алмастыру оталарын өзімізде жасай алатын болдық. Робот техникасы медицинаға да дендеп енуде. Осының бәрі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Соңғы 10 жылда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 65-тен 72-ге жетті. Енді оны 80-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін дәрігерлер халыққа жақын болуы керек. Алдарыңызға келген науқасқа жылы қабақ танытып, сыпайы сөйлескеніңіздің өзі үлкен көмек», - деді Президент.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суреттер Akorda.kz сайтынан алынды

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.11.2018

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды

21.11.2018

ҰБТ-ға өзгерістер енгізіліп жатыр

21.11.2018

Мемлекет басшысы бірқатар заңдарға қол қойды

21.11.2018

Елбасы білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңес өткізді

21.11.2018

Түркістанның ежелгі беделін қайта көтеру – бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік болады

21.11.2018

Мархабат Байғұт: Әлемдік әдемі әңгіме

21.11.2018

Түркі киносын әлемге танымал етудің жайы талқыланды

21.11.2018

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы өндіріс нысандарын аралады

21.11.2018

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистері болашақ тілшілермен кездесті

21.11.2018

Голландиялық бизнесмен Ақтөбе облысының инвесторларға тартымды екенін айтты

21.11.2018

Нұрболат Ахметжанов: Көне тарих көмескі тартпасын

21.11.2018

Әбдіманап Бектұрғанов: Тарихқа тағзым

21.11.2018

Қ.Әбдірахманов: «Ұлы даланың жеті қыры» әлем мәдениетін жақындастырады

21.11.2018

Павлодарда археологтар б.з.д. 5-ші мыңжылдықта жерленген жылқылар сүйектерін тапқан

21.11.2018

«Ақтөбе» футбол клубы сенімді басқармаға берілді

21.11.2018

Ұлттар Лигасының қорытындысы шығарылды

21.11.2018

Такир Балықбаев: Жаңа еңбек жаңаша ой салды

21.11.2018

Ақтөбеде кәсіп бастағысы келетін жандарға кеңес берілді

21.11.2018

Мәулен Әшімбаев: Ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі

21.11.2018

Chartbeat жобасы аясындағы байқау жеңімпаздары ашық деректер панелін құрады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tánti bolar tusy kóp

Jylda, Táýelsizdik kúni jaqyndaǵan saıyn osy ýaqyt ishinde elimiz qandaı jetistikterge jetti degen saýaldy ózimizge qoıyp, ony saralaýǵa tyrysamyz. Biraq mundaıda jappaı aıtylyp júrgen jetistikterdi emes, ózimiz baıqaǵan jeke kózqarastaǵy tabystardy taldaýǵa tyrysamyz. Sonyń ishinde kózge túsetin bir ǵanıbetti jańalyq – halqymyzdyń burynǵydaı eshkimnen qysylmaı, kimmen bolsa da ómirdiń barlyq salasynda ıyq teńestire túskeni.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу