Шараға Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік-экономикалық мәселелері және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов және Жұмыс берушілер конфедерациясының атқарушы директоры Валентина Бреусова қатысып, акция туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Акцияның негізгі мақсаты – еңбекті қорғау шарттарына, өндірісте төтенше жағдайлардың алдын алу, жұмыс берушілердің жұмысшыларға лайықты және қауіпсіз еңбек шарттарын қалыптастыруға мүдделі болуы, ұжымдық әлеуметтік жауапкершілікті дамыту, еңбекті қорғау мәселелеріне жұмысшылардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету, көпшіліктің назарын аудару.
Халықаралық деректер ұйымының ресми мәліметі бойынша, әлемде күн сайын алты мыңнан астам адам өндірісте қайтыс болады. Ал жастардың арасындағы жазатайым оқиға, ересектерге қарағанда 40 пайызға көп.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны жыл сайын азайып келе жатыр. «2018 жылдың алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша 579 жазатайым оқиға тіркеліп, 70 адам қайтыс болған. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда азайып келе жатыр. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі металлургия, құрылыс саласында болады», дейді ол.
Сондай-ақ Республикалық Кәсіподақтар федерациясында биылғы жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялады. Бұл бастама еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Әлеуметтік серіктестермен қолға алынған акцияның қорытындысын шығару келесі жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»