Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Төрқаланың төрт шаһарға тартуы

508 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Астананың 20 жылдығына орай дүние жүзінің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар өтуде. Осы орайда Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен өнер шеберлері талғампаз шетел көрерменін өз бағдарламаларымен тәнті етуде. 

Төрқаланың төрт шаһарға тартуы

Астананың туған күніне бай­ланысты іс-шаралар легін Парижде қазақстандық фотограф Оспан Әлидің «Қазақстан ыр­ғақтары» көрмесі ашты. Ол Астананы серпінді, көп қырлы жә­не белсенді іс-қимылды қала бей­несінде көрсете біл­ген. Көр­меге қойылған фотогра­фия­лардың арасында жас аста­наның рә­міздері атанған сәу­лет құ­рылыстары ғана емес: құш­тар­лы жұмысшылар, мақсатқа ұм­тылған жастар, сондай-ақ елорда құрдастарының суреттері бар. Автор фотография өнері арқылы мәдениеттің әл алуандығын жә­­не ұлттық төлтумалығын, сон­­­­дай-ақ күнделікті өмірдің ыр­ғақ­тарын беруге тырысқан. О.Әли бұрын отандық фото­өнер­дің өзге майталмандарымен қатар Carrousel du Louvre гале­реясының «Қазақстан ке­ре­мет­тері» экспозициясын­да, сон­дай-ақ Миланның ЭКС­ПО-2015 көр­ме­сіндегі Қазақ­стан павильонында көрме өткіз­ген болатын.

Көрмеден кейін париждіктер Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ ұлттық аспаптар акаде­мия­­лық оркестрі әртістері қой­ған тамаша гала-концертті тама­ша­лады. Жаздың жай­машуақ күнінде Париждің беделді тарихи концерт залдарының бірі Гавода Ұлы даланың әуенін естуге 500-ден астам қонақ жинал­ды, олардың арасында Фран­ция­ның саяси, академиялық жә­не іскер топтары, сондай-ақ Па­риж­дің муниципалдық билік өкілдері болды. Дирижер Арман Жүдебаевтың басқаруындағы оркестр мен солистердің өнері көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Қонақтар аса көрнек­ті қазақ композиторлары Құр­ман­ғазының, Дина Нұрпей­ісо­ваның, Ықылас Дүкен­ұлы­ның, Нұрғиса Тілендиевтің, Латиф Хамидидің, Евгений Брусиловскийдің, сондай-ақ белгілі батыс композиторлары Иоганн Штраус пен Жорж Бизенің және Юбер Жироның шығармаларын ду қол шапалақпен қарсы алды. 
Қазақ ұлттық хорео­гра­фия­лық академиясы осындай бір гала-концертті Баку тұрғындары мен қонақтарына да сыйлады. Академияның жас талантта­ры ең алғаш Әзербайжан мем­лекеттік академиялық опе­ра және балет театрында кон­це­рттік бағдарламамен шық­­ты, оған отандық және шетел­дік ба­летмейстерлердің қойы­лы­мын­дағы классикалық балет мұрасы, қазіргі заманғы қазақ және неоқазақ хорео­графиясы кірді. Гала-кон­церттік құрметті қонағы, Әзер­бай­жан Мәдениет және тури­зм ми­нистрінің орынба­сары Севда Мамедалиева академияның шығармашылық тру­ппасын құттықтап, бауыр­лас елдердің мәдени байланыс­тарын нығайту мен ары қарай да­мытуда қосымша серпін бере­тін осы мәдени іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Астананың мерейтойына орай Әзербайжан астанасының тұр­ғындарына Қазақстан Пре­зиденті Кеңсесінің бастығы Мах­мұт Қасымбеков аса ерекше сыйлықты тарту етті. Ол әзер­байжан тілінде тұңғыш рет ба­сы­лып шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітапты сыйлады. Кітаптың тұсаукесер салтанаты Гей­дар Әлиев орталығында – Әзер­бай­жанның жетекші ғы­лыми жә­не мәдени-білім беру орта­лық­тарының бірінде өтуі­нің символдық мәні бар. Қазақ­стан­ның Көшбасшысы тура­лы өмірбаяндық кітапты жұрт­шы­лық жылы қарсы алды. Іс-шараға қатысушылардың ортақ пікірі бойынша оның әзербайжан тілінде басылуы екі елдің ара­сын­дағы ру­ха­ни-мәдени байланыс­тар­ды ны­ғайтуға лайықты үлес қоса­ды. Тұсаукесер барысы­н­да кі­ріс­пе сөз сөйлеген, кітап­тың әзер­бай­жан тіліндегі алғы сөзін жаз­ған Әзербайжан Пре­зи­де­нтінің кө­мек­шісі Ә.Гасанов еңбек­тің әзербайжан тіліне ауда­ры­луы­ның мақсаты кезінде Н.На­зар­баев пен Г.Әлиевтің ты­­ғыз ын­тымақтастығының мы­салын­да жатқанын, бұл ізгі үр­дісті қазір­гі Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев жалғастырып жә­не нығайтып келе жатқанын атап өтті.

Астананың 20 жылдығына орай әлем елдерін әнге бөлеуге шық­қан қазақ даласының әуен­дері Мысыр астанасына да жет­ті. Елдегі Каир мен Да­манхур опералық театрла­рын­да Е.Өмірзақов атын­да­ғы Қостанай облыстық филар­мо­ния­сының «Ақжелең» фоль­клорлық ансамблінің кон­цер­ті өтті. Қазақтың музыка өнері­нің ұлы мұрасы, алуан түр­лі шығармалары жергілікті жұ­рт­шылықты сүйіспеншілікке бө­леді. «Ақжелең» ансамблі біз­дің халықтың ұрпақтан-ұр­пақ­қа жалғасып келе жатқан Қор­қыттың шығармаларын, Құр­манғазы күйлерін, Сүгірдің мұ­расын жоғары деңгейде орындап, қазақ мәдениетін Мысыр елі­не таныстыруға септігін ти­гізді. «Ақжелең» ансамблінің да­рынды әртістерінің орындауында көрермендер қазақтың бай мәдениетімен жақынырақ танысуға тілектестік білдірді. Кеш барысында қазақ әдеби­еті­не де назар аударылды. «Көш­пен­ділер» трилогиясын араб тіліне аударған, профессор М.Риад, сондай-ақ «Моңғол қызы» және «Алжир» роман­да­рының авторы М. Халим сөз алып, қа­зақ­стандық тарих пен дәстүр ту­р­алы өзінің жоғары пікірін жет­кізді.

Талғампаз аустриялықтарды таң қалдыруға арнайы Қазақ ұлт­тық өнер университеті «Дала Сарын­дары» атты фольклорлық ансам­блі барды. Қазақ музы­ка­сының теңдесі жоқ кеші ұйым­да­с­тырылды. Кеш Төменгі Аустрия жерінде, Аустрия феде­ралды елінде өзінің мәдени дәстүрлерімен көпшілікке танымал Вильгельмсбург қаласында өтті. Ансамбльдің репертуары халық әндерінің, күйлерінің, әуен­дерінің өңдеулерімен жә­не бейімдеулерімен толық­қан. Ұжымның өзіндік шығар­ма­шылық қолтаңбасынан ха­лық­­тық дәстүрлі музыканы клас­сикамен және заманауи шы­ғармалармен шебер үнде­су­ін үйлестіргенін байқауға бо­лады. Іс-шара аустриялық мә­дени «Kulturscene 3150» бір­лес­тігінің, сондай-ақ белгілі аус­­триялық журналист және қо­­ғам қайраткері, профессор Ва­льтрауд Штайнбёктің қол­дау­ымен өтті. Кеш қонақ­та­ры қа­зақстандық талантты ұжым­ның өнер көрсетуін өте жылы қа­былдады.

Астананың 20 жылдық мерейтой қарсаңында еліміздің мәдени-рухани байлығын әлем­ге таныстыру шаралары мұнымен тоқтамақ емес. 

Венера ТҮГЕЛБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»