Өнер • 29 Маусым, 2018

Секен Тұрысбек: Күйді мың адам тыңдайды, бір-ақ адам ұғады

2504 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақта талант көп. Бірақ сол талантын тектілікпен ұштастырып, телегей теңіз тереңдігімен тоғыстыра алғаны сирек. Алатаудың өзіндей асқақ болмыс, маңғаз мінез, кербез қимыл, артқа қарай еркіндеу қайыра жинар иыққа төгілген толқынды шаш, өңменіңнен өтер өткір көзқарас... Бір бойына осынша ерекшелікті ғаламат бір үйлесімділікпен үйірген тұлға табиғаты сөйлесушісінің мысын басып, ә дегенде әлемтапырық күйге бөлеп үлгереді. Бұл – мінез! Нағыз өнер адамына тән болмыс бірегейлігі. Оның серігі – ой. Сондықтан болса керек, көкірегін жарып шыққан әр туындысында мөлдір мұң мен сұлу сезім егіз өріледі. Осы себептен де болар, жүректен туған шығармаларының жүректерге жетіп, сезімді селт еткізбегені, тыңдаушысын тебірентпегені сирек. «Көңіл толқыны», «Ақжауын», «Жазғы қар», «Күлтегін», «Көк бөрі» күйлерінің өзі-ақ автор жайлы бар мағлұматты мәлімдеп тұрғандай... Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбекпен жүздесіп, пікірлесуімізге ұйытқы болған салиқалы себеп – Ұлттық домбыра күнінің бүкілхалықтық деңгейде тойланатыны турасындағы сүйінші хабар еді. Айтулы өнер оқиғасының басы-қасында жүрген идея авторларының бірі, ұлттық музыка өнерінің жанашыры, ең бастысы он саусағынан өнер тамған дәулескер күйші сұхбаттассақ деген тілегімізді қуана құптады. Домбыра мен күй өнері турасындағы толғамды ойларын бүкпесіз ортаға салды.

Секен Тұрысбек: Күйді мың адам тыңдайды, бір-ақ адам ұғады

Домбыраны жайнамаздай құрметтеп, сақтауымыз керек

– Ұлттық домбыра күнін ресми түр­де тойлау туралы Елбасының Жар­­лығы бекітілгенін естігенде бөр­кін аспанға ата қуанбаған қазақ кемде-кем. Жалпы, бұл игі идея қайдан ту­ған еді?

– Кез келген елдің ұлттық болмысынан хабардар етіп, сол мемлекеттің таным мен талғам деңгейі жайлы жалпы ой түйгізетін идеологиялық қуатты құралдың бірі – оның музыкасы мен сол әуенді жүректерге жеткізуші музыкалық аспабы. Ол елдің сауықшыл, көңілді немесе ойшыл халық екенін, жалпы тұтастай болмыс пен тұрмыс-салтын ұлттық музыкасын тыңдап-ақ аңғаруға, сезінуге болады. Мәселен, Якутияда Сыбызғы күні ежелден тойланып келе жатыр. Сол секілді қырғыздардың басынан үнемі тастамайтын айыр қалпағы да сол ұлттың бар болмысын баяндап тұрады. Алыстан айтпай танисыз. Ал қазақтың қазақтығын танытатын ұлттық дүниесінің бірі – домбыра. Әрине бұл қатарға қылқобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шертер сынды ұлттық аспаптардың қай-қайсысын да қосуға болар еді. Дей тұрғанмен, әр қазақтың төрінен түспейтін домбыраның орны бәрібір ерек, бөлек. Домбыраны қазақ­тың бойтұмары десе де болғандай. Сон­дықтан бұл аспапты жайнамаздай құрметтеп, сақтауымыз керек. Шынында да домбыра – өте киелі аспап. Оны тартпақ тұрмақ, жай ғана қолға алғанның өзінде тазаланып барып ұстаған жөн. Әсі­ресе қыз бала үшін домбыраның киесі ауыр. Ғылыми тұрғыда нақтылай зерт­теп-зерделемесем де, сонау Дина апа­мыздың заманынан бергі қолына дом­быра ұстаған қыз баласының түрлі тағдыры осындай ойларға жетелейді. 

Биылдан бастап Елбасының қолдау­ымен 365 күннің бір күні арнайы домбы­ра күні болып бекітіліп, ресми түрде ұлықталуы – үлкен қуаныш, рухани әлеміміздегі айтулы оқиға. Алғашқы тойлану өз алдына, жобаның жыл сайын жалғасын тауып, дәстүрлі түрде аталып өтуі – күллі жұрт­тың назарын Астанаға бұрғызып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі музыка ше­бер­лерінің бас қосып, емен-жарқын аралас­ып, бір-бірімен шығармашылық тәжірибе алмасуы да өнер әлемі үшін айтулы жаңалық болмақ. Ұлттық домбыра күнінің болашақта қанатын бұдан да кеңге жайып, ауқымын кеңейтіп, мен қазақпын деген әрбір азаматтың бойына мақтаныш ұялатып, ұлтжандылық сезімін оятатын ұлық мерекеге айналатынына сенемін. Оған домбыраның да, домбыра шеберлерінің де және өнерді өмірінен артық көретін тыңдарманның да қарымы, қолдауы һәм махаббаты толықтай жетеді. 

– Ұлттың мерейін асыратын ұлық мейрамға дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– 1 шілде күні «Қазақ елі» мону­ме­н­тінің алдындағы алаңда халық­тық се­руен өтеді деп жоспарлануда. Онда ки­із үйлер тігіліп, қазақ ұлттық аспап­та­рының музейі ашылады. Музейде Құр­манғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов және тағы да басқа көптеген күй өнері шеберлерінің ойнаған домбыралары көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен қатар жеке орындаушылардан бөлек, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының қазақ ұлттық аспаптар оркестрі де арнайы ке­ліп өнер көрсетеді. Бұл күнгі думанды көр­ген де, көрмеген де арманда. Өйткені Арқа төрін думанға бөлер қасиетті дом­бы­раның шанағынан төгілер күмбір күй кез келген ұлтын сүйер ұланды бей-жай қалдырмаса керек-ті. 

– Айтулы музыка думаны аясында жүзеге асса деген қандай арман-тілегіңіз немесе жоспарыңыз бар?

– Кәсіби домбыра жасау өнері өндіріс­тік деңгейде қолға алынса деп арман­дай­мын. Кезінде Қарағанды облысының Осакаров елді мекенінде жиһаз жасау фаб­рикасы жанынан домбыра да қоса жаса­лып шығарылатын. Осындай домбыра жасау орындары еліміздің барлық облы­сында ашылып, мықты-мықты ағаш шеберлері тартылса, ұлттық өнер игілігі үшін пайдалы іс жасалған болар еді. Өзіңіз білетіндей, жекелей шеберлер өз өнімдерін өте қымбатқа бағалайды. Ал ол ақшаны өнер адамдарының бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Бұл – көптеген жас таланттың күй өнерін еркін игеріп, үлкен сахналарға батыл қадам басуына, музыкалық қабілетін кәсіби тұрғыда шыңдауына үлкен қолбайлау. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен Алматыда «Шеберлер ауылы» деген жақсы бір жоба жүзеге асырылған еді. Онда қолөнер шеберлерін бір орталыққа ұйыстырып, қазақтың небір жиһаздары мен әшекей бұйымдарын, ұлттық аспаптарын жасау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған болатын. Сол дәстүр бүгінде жалғасын тапса деген тілегім бар. Ел ішінде ағаштың сырын ұғып, табиғатын тани білетін небір мықты шеберлер бар. Соларды ұлттық өнерді өркендету мұраты жолындағы осы бір игі бастамаға жұмылдырса, жақсы нәтижеге қол жеткізген болар едік. Домбырашылар үшін де аталмыш ұлттық аспап қолжетімділікке ие болып, күй өнері, жалпы дәстүрлі өнердің бұдан да кеңірек насихатталуына жол ашылар еді. Мысалы, кезінде Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер Ресейден Романенко деген шеберді арнайы шақыртып, домбыра жасатқан. Ол домбыралар ғажап. Үні қандай келісті! Ойнауға да ыңғайлы. Сол Романенконың жасаған үш бірдей домбырасы менде бар еді. Біреуін кезекті концертте жоғалтып алдым. Қанша іздегенмен, табылмады. Қолды болып кетті. Бірақ жарты ғасырдан астам тарихы бар, ұлылардың саусақ табы сіңген киелі қос домбыра қазір менде сақтаулы. Сол домбыраларда ойнап, күйлерімді шығарып, ара-тұра үлкен сахналарда өнер көрсетіп тұрамын. 

Күйді құлақпен емес, көзбен тыңдайтын деңгейге жеттік

– Қазіргі ұлттық аспаптар оркестрі­нің репертуарын қарайтын болсақ, Құрман­ғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Н.Тілендиевтің «Әл­қис­­­сасы» сынды санаулы күйлерді қай­та-қайта тыңдай бергендіктен, қан­ша концертке барсақ та бір кештен шық­қан­дай әсерге бөленетіндігіміздің негізгі себе­бі осы қайталануда жатса керек. Айту­лы шығармалармен шектелмей, қа­зақ оркестрлерінің басқа да елеусіз туын­дыларды халық алдына шығарып, бағ­дарламасын байытып отыруларына не кедергі? 

– Өте жақсы айтып отырсыз. Бұл – барлығымыздың басымыздағы мұң, алаң. Айтып та келеміз, айта да бе­ре­міз. Шын мәнінде оркестрдің боя-
уы әріден Ахмет Жұбановтардан, бергісі Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Мәлгаждар Әубәкіров, Алдаберген Мырзабеков, Кенжебек Күміс­бековтердің кезінде олардың әр күйдің табиғатына ерекше мән беріп, табиғатын сезініп орындағандықтан да әрбір туынды өзгеше реңкпен көрерменін қуанышқа бөлейтін. Бүгінде қазақта 7000-ға жуық күй бар деп айтады. Тыңқылдатқанның барлығын күй емес десек те, осыншалықты мол мұраны өз деңгейінде игеру керек. Әсіресе оркестрге лайықтап өңдеп, архивтерде шаң басып жатқан шығармаларды халықпен қауыштырып, қайта жандандыру қажет. Ол үшін әрине қаражат керек. Арамызда арагідік кездесіп қалатын өнер деп жүр­ген нағыз жанкештілер болмаса, қазір ақысыз ешбір адам жұмыс істемейді. Кезін­де шығарманың тактісіне, ұзақ­ты­ғына, орындалу күрделілігіне бай­ланысты өңдеу жұмыстарына Мәде­ни­ет министрлігі тарапынан қомақты қар­жы бөлініп, оркестрдің репертуары оқтын-оқтын жаңартылып тұра­тын. Ұсынылған шығармалар көр­кем­дік кеңес талқысына салынып, қызу пікір­таластың нәтижесінде ортақ ше­шім қабылданатын. Қазір осы бір тұс кемшін түсіп жатқандықтан да, сіздің сауалыңыз туындап отыр. Бұл, әрине, біздің қолымыздағы дүние емес. Тікелей қаржыға, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауына, жа­на­­шырлығына байланысты мәселе. Ре­­пертуарды жаңарту, сан тараптан­ды­­рудан бұрын, елеусіз қалған шығар­ма­ларды қайта өңдеп, қолданысқа ен­гізу – көптеген ұмытылып бара жат­қан туындыларды қайта тірілтуге де игі бастама болар еді. Менің ойымда, шіркін, әр оркестр жылына кемінде 5-6 күй, 10 шақты әнмен репертуарын жаңартып, толықтырып отыратын болса, мұның өзі ұлттық өнеріміз үшін жыл сайын білінбей қосылатын теңдесіз байлық болар еді. Осы жағына Мәдениет және спорт министрлігі көңіл бөліп, тың туындылардың өңделіп, репертуарға қосылуына жағдай жасап, қолдау білдірсе, домбырамыздың, ор­кес­тріміздің, жалпы ұлттық өнері­міз­дің беделі де, бейнесі де жаңа белеске кө­те­ріліп, жаңаша түлер еді. Басқа ізденіс, басқа әңгіме болар еді.

– Қазіргі тыңдарманның күйді тың­дау мен түсіну, жалпы қабылдау мәде­ниетін қалай бағалайсыз? Көңі­ліңіз тола ма?

– Күйді мың адам тыңдайды, бір-ақ адам, әрі кетсе 6-7 адам ұғады. Қалғаны – тыңдаушы. Күйді түсіну үшін көкіректе көз, құлақта саңлау болу аз, күйді ұғуға те­легей-теңіз білім мен терең сезім керек. Солай бола тұра, «тыңдаушы түсін­беді» деп өнерді көрермен дең­гейіне әсте түсіруге болмайды. Керісінше, өнер­­дің биігіне тыңдарман ұмтылу ке­рек. Қазір күйді құлақпен емес, көз­бен тың­дайтын деңгейге жеттік. Неғұр­лым жылдам ойнаса, қуалап ойнаса, соғұрлым мықты екен деп ойлайтын болдық. Мәселен, еліміздің бас оркестрі Құрманғазы атындағы Қазақ мем­ле­ке­ттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі динамика қуамыз деп, 4 ми­нут­­тық күйді 2 минутта, жеке орындау­шылар тіпті 1,5 минутта аяқтап жүр. Сөй­тіп көрерменді жалықтырмаймыз, күй­ге динамика қосамыз дейді. Күйдің қа­сиеті, мықтылығы оның жылдам немесе баяу орындалуымен бағаланбайды ғой. Қазақ күйді нақысты (шертпе күй) және дауылпаз (төкпе күй) деп бекер бөлген жоқ. Әрқайсысы өнердің жеке­лей байлығы. Әр күйдің өзіне тән табиғаты, тағдыры, ескеруі керек ерек­­шелігі бар. Сол ескерілмесе, шы­ғар­­­мада қандай қасиет, қандай сезім қа­лады. Бұлай кете берсе, күй өзінің болмысынан, мінезінен айырылып қалмай ма екен?! Күй тыңдап, жанына құйылар жылылықты күтіп отырған кө­рер­менді ондай жылдамдықпен қы­зық­тырмайсыз, керісінше үркітесіз. Дыбыс адамның жүрегін тербеп, жанына әсер ететін, тыңдаушысына ой салатын болуы шарт. Оның үстіне әр күйдің өз табиғаты болады. Тіпті кейбіреуінің ырғағы оркестрге бағынбауы мүмкін. Ондай күйлер жеке орындауға сұранады. Күй – аса кірпияз өнер. Әсіресе осындай тұстарда абай болу керек. 

– Күйдің табиғатын түсінбейтін адамға деген көзқарасыңыз қандай?

– Мен барлығына бірқалыпты қараймын. Бірде ғұлама ғалым Ақселеу Сейдім­бек ағамыз: «Секен, мына қоғам­да көретін, еститін не қалды?» деп оңа­ша қалғанда маған ашылып та, ашынып та сауал тастап еді. Осы сұрақтың жауабын әлі күнге дейін ойланамын. Сондай сәтте ойыма тағы да өнерді өміріне балаған ағаларым түседі. Кезінде Мұхтар Әуезов: «Қазақтың қасиеті мен ұяты тек қана күйінде қалды» деп қалай дәл тауып айтқан. Ол кездің адам­да­ры­ның өнерге деген құрметі, талғамы, құлшынысы өте терең еді ғой. Мәселен, өмір­ден өткен аға достарым Асқар Сүлейменов, Жұматай Жақыпбаев, Қажытай Ілиясовтардың қай-қайсысы да жай ғана күй тыңдаушы емес, өздері де күймен тыныстап, күймен өмір сүрген таланттар еді. Күй өнеріне деген сол іңкәрлік Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Таласбек Әсемқұловтардың қаламынан мөлдір шық болып төгіліп, қазақ әдебиетінің тұтастай бір дәуірін қалыптастырды емес пе! Қайталап оқи бергің келеді. Өйткені ол туындылар шын мәнінде өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктен туған болатын. Мәселен, Әбіш Кекілбаев жазуға отырар алдында филармониядан, оркестрден үздік орындаушыларды арнайы үйіне шақырып алып, үздіксіз күй тартқызатын. Сөйткен жазушының «Күй» повесі қандай! Қазіргі жастарда, әсіресе жас жазушыларда сондай бір құштарлық, өнерге деген өлермендік, қанағатсыздық жоқ секілді. Кезінде кітаптарын іздетіп тұрып оқытатын жазушылардың жалыны бүгінгі жас­тарда тым бәсең. Шынымен де бүгінгі жазу­шылар қай жағынан да өзгеше, кісі­киік. Бұған шығармашылық адам­­дарының арасындағы аралас-құра­лас­тық, шығармашылық ортаның жоқ­тығы да әсер ететін болуы мүмкін. Ке­зінде Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғар­сынова, Әбіш Кекілбаев бастаған аға­ла­рымыз бен апайларымыз елорда тө­рінен шығармашылық адамдары бас қосатын, жүздесіп, ой бөлісетін сондай бір әдеби орталықтың ашылуын арман­дап өтті. Сол ортаның Астана­ның бір бұрышынан әлі күнге дей­ін өз орнын белгілеп, мекен-жайын қа­лып­тас­тырмауы бүгінде бізді де қын­жыл­тады.

«Ақ жауынды» өлтірмеймін...

– Енді өзіңіздің жеке шығар­ма­шылығыңызға қарай ойыссақ. Қан­дай жаңалықтарыңыз бар?

– Астанада тұрақтаған 17 жыл уақыттың ішінде «Жазғы қар», «Күлтегін», «Мәңгілік ел», «Ақжүніс», «Көк бөрі», «Төлегетай» деген 6 күй шы­ғар­дым. «Көк бөрі» күйі әу баста «Одинокий волк» деген атаумен туған болатын. Кезінде Құрманғазының «Машина», «Не кричи, не шуми» деген сынды орысша атаумен белгілі күйлері болған ғой. Сол секілді менің де «Көк бөрі» күйім алғашында орысша атаумен туып, кейін қазақшалап өзгерттік. Сондай-ақ өнерде айналамнан көңілім қалып, құлазығанда «Дом­быра, саған өкпем жоқ» деген және бір шы­ғармам туды. Осындай азды-көпті жа­ңа­­лығымыз бар. «Сөз жеткізе алмайтын сезімді музыка жеткізеді» дейді ғой. Біздің де ішкі күйіміз, қайшылыққа толы жанымыздың сыры әуезді ән мен күй болып өріліп, осылай тыңдарманына тарап кете барады.

– Бақсақ, сіздің шығар­ма­ла­ры­ңыз­дың дені мұңды. Мұның сыры неде?

– Мұңды болатыны – ойлы шығар. Десек те мұң мен қайшылықтың да шы­ғар­­машылық адамының өмір­баян­ынан а­лар орны елеулі. Кезіндегі классикалық музыканың майталмандары Бетховен, Моцарт, Гайдндарды қарап отырсаңыз, өмір­лері қайшылықпен өткен. Талай кедер­гілерге бетпе-бет келген. Іштей арпа­лысқа түсіп, тіпті өмір сүріп отырған қоға­мынан жеріген. Ал қазір әлемде осы композиторлардың шығармаларынсыз концерт өтпейді. Демек қай кезде де мұң мен ой шығармашылық адамдарының өмірінен үлкен орын алған. Мұңсыз адам – ойсыз адам. Қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады. Бұл – менің өнерге деген жеке көзқарасым. 

– Өз қолыңызбен құрып, шығар­машылық бет-бейнесін қалып­тас­тыр­ған «Ақ жауын» мемлекеттік к­аме­ралық оркестрінің жақында жа­бы­­лып қалғанын естідік. «Ақ жау­ын­ның» ендігі тағдыры қалай бол­мақ? Ке­лешекте жаңаша түлеп, шы­ғар­ма­шылық жұмысын қайта жал­ғас­тыруы мүмкін бе?

– 2001 жылы Елбасының арнайы шақыруымен «Ақ жауын» оркестрімен Астанаға келдік. Мемлекеттік мәртебе алғанға дейінгі 1 жыл 8 айда әбден қинал­дым. Қолды бір-ақ сілтеп кетіп қал­ғым келетін кездер жиі болатын. Бірақ жалғыз ғана Елбасының сенімін жықпас үшін намысқа тырысып, қиындықтың ешбіріне мойымай жұмысымызды жалғастырдық. Алайда мен «Ақ жауын» бір кезде жұмысын тоқтатуы мүмкін» деп тіпті ойлап та көрмеген екенмін. Камералық оркестр деген шағын оркестр. Елбасымен кездескенімде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Шағын оркестр құрсаң, адам санын 25-30-дан асырмасаң» деп ұсынысын айтты. Маған да қажеті сол еді. Бірден қуана келістім. Жалпы, оркестрдің қай-қайсысының да құрамын 45 адамнан асырудың қажеті жоқ. Өйткені бізде аспап түрлері аз, демек дыбыс палитрасы да шектеулі. Үлкен оркестр болу үшін соған сай аспап түрлері де мол болса, бек жақсы. Ал бізде олай емес. Оркестрдің бір қанатын 25-30 домбырашымен, келесі бетін дәл сондай прима қобызбен толтырады. Өзге аспап түрлері бірден-екіден орын алады. Аспаптың түрі емес, саны артқанда жалпы дауыс қуатты шығатыны рас. Бірақ дыбыс иірімі, дыбыс бояуы құбылмайды. Соны ескеріп камералық бағыттағы «Ақ жауын» оркестрін құрдық. Оркестр 2003 жылы мемлекеттік мәртебе алды. Тыңғылықты ізденістер жүргізіліп, жемісті жұмыстар жасалды. Ұжыммен жүріп ел-елді, жер-жерді араладық. Халықтың қошеметіне, ықыласына бөлендік. Әрине осынша уақыт төгілген маңдай тер еңбекті бір-ақ сәтте тоқтату мүмкін емес. Сондықтан да мен «Ақ жауынды» өлтірмеймін. Түбі қайта түлетіп, шығармашылық жұмысын болашақта жандандырсам деген арманым бар. Бірақ бұл жолы Астана емес, Алматыда! Әрине қиналармын. Бірақ түбі «Ақ жауынды» қайта тірілтемін. Астанада 17 жыл өмір сүрдім. Бір адамның ғұмыры үшін 17 жыл аз уақыт емес. Енді Алматыға қоныс аударып, шы­ғар­машылық жұмыспен айналысқым келеді. Құдай ғұмыр берсе, көптен бері ойда жүрген өзімнің жеке күй мектебімді ашу да жоспарда бар. Содан кейін, әрине, «Ақ жауын» оркестрін қайта тірілту жолында еңбектенемін. 

– Астана дегенде ойыңызға не оралады?

– Біздің үйдің қасында Ататүріктің ескерткіші бар. Соған қарап үнемі ойға берілемін, кітабын жиі парақтаймын. Артыңда өшпес із қалдыру, жақсы ісіңмен елдің есінен мәңгілік орын алу – қай адамның да арманы. Осы тұрғыдан келгенде, Арқа төрінен, тақыр жерден болашақ үшін, ұрпақ үшін Астанадай сәулетті қала тұрғызу оңай шаруа емес. 20 жылдың ішінде елордамыз әлем тамсанатын тұғырлы қалаға айналды. Бұл жолдағы Елбасының көреген шешімін, еңбегін жеке өз басым ерлікке балаймын. Еліміздің тарихы үшін маңызды осынау елеулі оқиғаның басы-қасында жүріп, тарихи сәттің куәсі болғанымды зор мәртебе санаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
 «Егемен Қазақстан»