Аймақтар • 29 Маусым, 2018

ШҚО оқушылары орманда демалады

962 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...Оқу жылы аяқталды. Он ай бойы біліммен сусындап, шаршаған балалардың жаңа оқу жылы алдында демалып, сергіп, бос уақытында спортпен шұғылданып, суға түсіп, күнге қыздырынғандарына не жетсін?! Таяуда Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаевтың мұрындық болуымен көне орман белдеуінде орналасқан «Елім-ай» демалыс базасына алғашқы 60 бала демалуға келді.

ШҚО оқушылары орманда демалады

Қарағай мен самырсыны жайқа­лып өскен ну орман ішіндегі демалыс базасы алыстан көз тартады. Қаз-қатар орналасқан ағаштан өріп салынған бірнеше тұрғын үй, 250 адамға арналған аппақ шатыр, бассейн, спорт алаңдары «Елім-ай» демалыс базасының көркі. Директоры Сәуле Оспанова ауданнан келген оқушыларды жылы қарсы алды. Біз осы жерден аудан әкімі Дәулет Батырбаевты, аудандық оқу бөлімі бастығының міндетін атқарушы Светлана Хайдарова, Березовка орта мектебінің директоры Ерлан Қорғанбаевты жолықтырдық.

– Бұрын ауданның оқушылары 650 шақырым жердегі Алакөлдің жағасындағы «Үржарайым» демалыс базасында демалушы еді. Аудандық мәслихат депутаттарымен келісіп, таяқ тастам жердегі Семей қаласының маңындағы ну орманда қоныс тепкен «Елім-ай» демалыс базасында тұңғыш рет демалыс лагерін ұйымдастыруды шештік. Оған аудандық бюджеттен 8 миллион теңге қарастырылды. Осы жолы 60 бала келді. Күзге дейін тағы 250 бала демалады. Оларға бес уақыт тағам беріледі. Демалыс базасының директоры Сәуле Несілханқызына алғысымызды айтамыз, ол бізге түсіністікпен қарады. Бір күнгі бес уақыт тағамы, төсек-орны, бассейнге түсуіне 5500 теңге төлеу керек болса, оны 45 пайызға азайтты. Мұнда күнкөрісі төмен отбасылардың балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқуда, спортта жоғары нәтижеге жетіп жүргендер бірінші кезекте демалады, – деді аудан әкімі Дәулет Бақытұлы.

Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырма берілгені белгілі. «Елім-ай» демалыс базасына тек Семей қаласы емес, об­­лыс­тың басқа аудандарынан да демалушылар келмек. Ауасы та­за, адам ағзасына пайдалы орман ішін­де демалғанға не жетсін?! Соң­ғы жылдары бұл жерде адамдар демалатын орын, бассейн, салынды. Балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалды. Волейбол, баскетбол, футбол алаңдары бар. Бүгінге дейін әр отряд волейбол, баскетбол, суға жүзуден жарыс өткізді. Жеңімпаздарға сыйлық берілді. Біз әр оқушының бір күндік демалысына 3 мың теңгеден алдық, – дейді «Елім-ай» демалыс базасының директоры С. Оспанова.

Әр отрядтың балаларына те­гін киім берілген. Ақ, көк, сары түс­­­ті киім киген балаларға қарап, олар­­­дың қай мектептен келгенін анықтауға болады. Олар ағылшын тілін үйреніп, спорттық жарыстарға қатысуда. Әр отрядтың балалары спектакль қойып, өз өнерлерін ор­таға салады. Орман ішінде серуендеу жанға шипа. Аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы С.Хайдарованың айтуынша, он күн сайын мектептің директорлары, ағыл­шын тілінің мамандары ауысып тұ­рады екен. Оқушылар таңертең сағат 9.00-де ұйқысын қандырып тұрған соң дене қимылын жасайды. Бассейнге түседі. Балалардың ден­саулығын тексеріп тұратын дәрі­герлер бар.

Бесқарағай ауданындағы 21 мектепте 3600 оқушы бар. Әрине олардың барлығының демалыс базасында демалуына мүмкіндік шамалы. Алайда, ата-аналар өз қар­жыларына балаларын демалдырып жатыр. Оқушы жазы көңілді өтсе, шәкірттердің жаңа оқу жылына тың күшпен келетіні сөзсіз.
                
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
 журналист

Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы