Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Бие сүтінен балмұздақ жасаған балалар

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгідей жылдам дамып, сәт сайын өзгеріп отырған қоғамда білімді ұрпақты тәрбиелеу басты мақсаттардың бірі екені анық. Елімізде білім мен ғылымға ұмтылған жас толқын осы мақсатты алға қойып, батыл қадамдармен алға жүріп келеді. Бүгінгі жастардың бақытына орай ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға мүмкіндіктер бар екені қуантады. Әр білім мекемесі орайын тауып, жастарға жігер беріп, қолтығынан демеп отыру нағыз ізденістің көрінісі деуге болады.

Осы орайда №9 мектеп-гимна­зиясының 10-сынып оқушылары Бауыржан Кабдуллин мен Әділ Шабденов Қазақ­станның Франция­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Жан Ғалиевтің қатысуымен наурыз айының 28-жұл­дызында Париж қаласында өткен халықаралық «Art-Baiterek Paris» кон­курс-фестиваліне қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жас дарындар «Бие сүтінен жасалған ши­палы балмұздақ» (Жетекшісі: Абдрахманова А.А.) атты жобасын таныстырып, «Балсаумал» ат­ты балмұздағынан Франция жұрт­шылығына дәм татқызды. Бұл жобаға еліміздің мәдениет қайраткері, әнші Тамара Асар, елшілік қыз­меткерлері, халықаралық блогерлер, журналистер, «Фудмастер» бал­мұздақ компаниясының өкіл­дері қызығушылық танытты. Жас дарындарымыздың алдағы жос­парларына түрткі болатындай ұсы­ныстар айтылды. 

Фестиваль аясында халықаралық «Союз талантов» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен ХХVII халықаралық «Париж, мен сені сүйемін!» шығармашылық конкурсына мектебіміздің 11-сынып оқушысы Ақмарал Бақытбек (Жетекшісі: Бекетай Б.А.) «Мәнер­леп оқу» номинациясы бойын­ша өнер көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды. Қазылар алқасы шеші­мімен, Ақмаралға Петербургте өтет­ін маусымдық конкурсқа қа­ты­­суға жолдама берілді. Осы ретте шәкірттердің жетістікке же­туіне мүмкіндік туғызған мектеп директоры Б.Кушековаға, ата-аналар Бақытбек Ақсоли, Саржан Шабденов, Шортанбай Калмағанбетовке алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіз елде билік тұт­қасын ұстап, қуатты ел азаматтарына айналатын жастарға ата-аналардың инвестиция құюы стратегиялық тұрғыдан ұтымды шешім деп ойлаймыз. Өйткені олардың бүкіл өмірі алда және болашағы зор. Жастарға жүктелетін міндет те салмақты. Олар тамаша білім алып, өмір сүру деңгейін арттыруға, экономиканы дамытып, азаматтық қоғамды қалыптастыруға, зияткерлік ұлт тәрбиелеу және басқа да көптеген пайдалы әрі жағымды нәрселермен айналысуға талпынады. Бұл жетіс­тіктер мектеп үшін ауқымы кең, тарихы терең және болашағы зор мүмкіндіктер. Сондықтан да осындай биік жетістікке жеткен дархан даланың дарынды шәкірттері көбейе бергей.

Баян БЕКЕТАЙ,
№9 мектеп-гимназиясы
директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары

Ақмола облысы,
Бурабай ауданы