Футбол • 29 Маусым, 2018

Әлем чемпионаты-2018. «Неміс машинасы» сыр берді

547 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем чемпионы Германия өз тобынан шыға алмай қалды. Бұл футбол тарихында бірінші рет болып тұрған оқиға. төрт дүркін жеңімпаз Оңтүстік Корея футболшыларынан жеңіліп, үйлеріне қайтты. Мұндай жағдайды осының алдында Франция, Италия, Испания құрамалары да бастан өткеріп еді. 

Әлем чемпионаты-2018. «Неміс машинасы» сыр берді

2002 жылы әлем чемпионы деген атағы бар Франция өз тобынан шыға алмай, ұятты болды. Сәтсіздік Италияны 2010 жы­лы аяқтан шалды. Оңтүстік Афри­каға чемпион атағымен келген «скуадра адзурра» ата­ғын қорғай алмады. Ал сол жы­лы чемпион болған Испания араға төрт жыл салып Бразилия жерін­де күйреді. Енді міне, кезек Гер­манияға келді. Алғашқыда Мек­сикадан жеңілген кезде неміс­тер аса қатты шу көтере қой­мады. Уақытша сәтсіздік өтеді де кетеді деді. Йоахим Лев те сабыр сақтады. Келесі ойын Шве­цияға қарсы болып, немістер соңғы секундта жеңісті жұлып кетті. Әйтпегенде екі турдан кейін-ақ үміт үзілгелі тұрған. Тони Кросстың соққан ғаламат голы бундес команданы бір ажал­дан құтқарды. Бірақ одан кейінгі ойын мүлде бөлек өтті. Оңтүстік Кореяны қалпақпен ұрып аламыз деп асылық сөйлеп шыққан алманиялықтар опық жеп қалды. 90 минут бойы бір гол соға алмай, 3 ұпайға зәру болды. Амал қалмаған соң, тайлы тұяғымен шабуылға шықты да, өз қақпасына 2 доп жіберіп алды. Тіпті Мануэль Нойердің өзі қақпаны бос қалдырып, шабуылға дем берді. 

Ал қатар өтіп жатқан ойында Швеция Мексика қақпасына 3 гол соғып, немістердің жағдайын жақсартқанымен Месүт Өзіл бастаған жігіттер мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Нәтижесінде, бірінші орынды Швеция, екінші орынды Мексика иемденді. Енді плей-офф сатысында Мек­сика Бразилиямен, Швеция Швейцариямен кездеседі. Бір қызығы, биыл, 2018 жылы осы екі мемлекеттің хоккейден ұлттық құрамалары әлем чем­пио­натының финалында ұшырасып еді. Ол ойында скан­динавиялықтар чемпиондық атағын қорғап қалды. 

Әлем чемпионатынан Герма­ния кеткенімен, одан өзге фавориттер дін аман. Жарысты одан әрі жалғастырып, плей-офф сатысына шығып алды. 1/8 финалдың басты ойыны Франция мен Аргентина арасында өтетіні анық. Ал сондай-ақ Уругвай мен Португалияның да кездесуі тартысқа толы болатынына сенім мол. Егер Португалия ширек финалға өтсе, ал Аргентина франциялықтарды тізерлетсе, онда Леонель Месси бастаған команда Криштиану Роналдудың ұжымына қарсылас атанады. Жанкүйер қауымының күтіп отырғаны да осы. Екі жүйріктің қайсысы мықты екеніне сол ойында жауап аламыз дейді. Бірақ бір айта кетерлігі Португалия да, Аргентина да 1/8 ойындарында фавориттер қатарына жатпайды. Қақпасына әлі гол жіберіп көрмеген Уругвай Португалияны Кавани мен Суарестердің арқасында әбігерге салары сөзсіз. Ал Мбаппе, Жиру, Гризман бастаған франция­лық­тар қор­ға­нысы осал Аргентинаны қыс­пақтап көреді. Топтық кезең аяқ­талып, командалар өз ойындарына дайындалуы үшін бүгін ФИФА күнтізбеге ешқандай ойынды жоспарлаған жоқ. 

Биылғы біріншілік голдарға бай болып тұр. Күні кеше ғана Швейцария – Коста-Рика ара­сындағы ойында Солтүстік Америкадан келген қонақтар гол соқты да, мундиаль есеп-қисабына ерекше өзгеріс енгізді. Бұрындары чемпионатқа келген командалардың бірнешеуі гол соқпай қайтып кетуші еді. Бұл жолы Ресейге ат терлетіп келген 32 команданың барлығы да голдан құралақан емес. Айтпақшы гол дегеннен шығады, биылғы чемпионат осы кезге дейінгі біріншіліктер тарихында ең көп ав­тогол соғылған жарыс болып тұр. Мексика-Швеция ойы­нында Эдсон Альварес өз қақ­пасына гол соғып алды да, биыл­ғы додадағы 7-автоголды тіркеді. 

Тартысқа толы аладоп аламаны алдағы күндері қалың көрерменді қайтадан қызыққа батырғалы тұр.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар