Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Еңбек бағалануымен құнды

1520 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмысы көңіліңізден шыққан адамға алғыс айтуға асығып тұрасыз. Тіпті ол өзінің кәсіби міндетін атқарып отырса да ризашылығыңызды білдіргіңіз келеді. Кейде адам баласының осы бір жақсылыққа жақсылықпен жауап бергісі келетін қасиетін кейбіреулер басқа пиғылда пайдаланып кететіні жасырын емес. Мысалы, сырқаттанып қалған жандар «бірдеңе алмаса дұрыс емдемейді» деп жазғырып жататын дәрігердің пайда болуына да алғысын ерекше білдіргісі келетіндердің себепкер болғаны сөзсіз. Айтайын дегеніміз, алыс-беріс жөнінде емес, еңбектің лайықты бағалануы жайлы еді. 

Еңбек бағалануымен құнды

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» стратегиялық мақа­ласында адам еңбегі лайық­ты бағалануға тиіс екенін атап өт­кен болатын. Өзінің кәсібін терең меңгерген, елге адал да мінсіз қызмет етіп жүрген, өзге­ге үлгі етерлік еңбек адамы бар­лық салада бар. Оны орта тани­ды, әріптестері мен ұжымы қа­дір­леп сыйлайды. Ал еңбектің баға­лануы мен құрмет көрсетілуі ұжымның ұсынысын қолдаған басшылардың құзырында еке­ні анық. Жуырда Түркістан об­лы­сының 70-тен астам медицина қызметкерлерінің еңбегі баға­ланып, түрлі марапаттарға ие болды. Медицина қызметкер­лерінің төл мерекесіне орай өт­кен салтанатты шарада об­лыс әкімі Ж.Түймебаев еселі ең­бегімен дараланған дәрігер­лерді «Облысқа сіңірген еңбе­гі үшін» медалімен, облыс әкі­мі­нің Құрмет грамотасымен, Ал­ғыс хаттарымен марапаттап, бірнеше дәрігерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақстан Рес­публикасы денсаулық сақ­тау ісіне қосқан үлесі үшін» төс­бел­гілерін тақты. Ал үздік ме­ди­циналық мекеме ретінде танылған облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігеріне шағын автобустың кілті табыс етілді. Сонымен қатар үздік атан­ған Түркістан қалалық №3­­ перинаталдық орталықтың бас дәрігері, акушер-гинеколог Нұржан Махмутовке жеңіл авто­­көлік, Сарыағаш аудандық орта­лық ауруханасының бас дәрі­гері Ибрагим Ташевке тұрғын үйдің кілті тапсырылса, дәрігер Бақдәулет Мырзақасым да жаңа пәтер­ге ие болды.

Ал енді осындай марапаттарға ие болған дәрігерлердің алаңсыз ең­бек етуіне қандай жағдайлар жасалуда? Жалпы облыста ден­саулық сақтау саласына ерек­ше көңіл бөлініп келеді. Мы­салы, өткен жылдың өзінде жер­гілікті бюджеттен медицина саласын материалдық-тех­никалық жабдықтауға 6,2 миллиард теңге бөлініпті. Ал мереке қарсаңында өңір басшысы облыстағы бірқатар аурухана мен емханаларға 27 жедел меди­ци­налық жәрдем қызметіне ар­налған көліктің кілтін табыс еткен болатын. Жыл соңына дейін өңірдегі медициналық ме­ке­мелерге тағы 20 арнайы кө­­лік берілмек. Денсаулық сақ­тау­ саласына бөлінетін қар­жы­­ның жылдан-жылға артуы ар­қа­­­сын­да жергілікті меди­цина­лық мекемелер ең озық үл­гі­дегі құ­рал-жабдықтармен қам­тама­сыз етіліп келеді. Дәрі­гер­лер­дің біліктілігін арттыру, меди­циналық мекемелердің заманауи жабдықталуы нәтиже­сінде тұр­ғындардың өмір сү­ру ұзақтығы 72,6-дан 72,9-ға дейін артты. Жыл басынан бер­гі төрт айдың қорытындысы бойынша өңірде аналардың өлім-жітім көрсеткіші 8,2% болып отыр. Яғни былтырғы 4 ай­мен салыстырғанда 52,4%-ға төмендеген. Нәрестелердің ше­тінеуі анағұрлым кеміген. Атап айтқанда, тірі туған 1000 балаға шаққанда бұл көрсеткіш – 8,6% (210 өлім-жітім). Ал былтыр ал­­ғашқы 4 айда ол 9,8% еді. Ту­беркулезден болатын өлім-жі­тім көрсеткіші – 0,7%. Тиі­сін­ше бұл позиция былтыр 4 ай­да 1,3% болатын. Биыл жалпы мем­­лекеттік бағдарлама аясында­ денсаулық сақтау саласына 8 мил­лиард теңге бағытталып, ағым­дағы жылдың 1 мамырына дейін кесте бойынша оның 2,1 мил­­­лиард теңгесі немесе 26,8%-ы иге­ріліпті. 

Облыстағы денсаулық сақтау саласында қазіргі уақытта 7 мың­нан астам дәрігер мен 25 мың мейірбике еңбек етеді. Халық санының өсуіне байланысты аудан, қалаларда 10 амбу­латориялық емхана салынуда. Нақтырақ айтcақ, Кен­тау, Шымкент қалаларында, Жетісай және Сайрам аудан орталықтарында 500 адам, Мыр­­­закент пен Атакентте 250 адам қабылдайтын емха­на­лар тұрғызылуда. Ал Шар­дара қаласында 150 адам қабыл­дай­тын аудандық емхана күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Тө­леби ауданының 1 Мамыр ауы­лында 120 адам қабылдайтын ауылдық емхана, Сарыағаш ауданында 50 адамдық Қызылжар дәрігерлік амбулаториясы, сон­дай-ақ Сайрам ауданында 25 адамдық Көлкент дәрігерлік амбулаториясы, Сарыағаш ауда­нында 100 адамға шақталған Дербісек ауылдық емханасы салынуда. Шымкент қаласында онкологиялық орталық пен туберкулезге қарсы диспансердің, Сарыағаш қаласында облыстық пери­наталдық орталықтың құры­лысы жоспарлы түрде мем­ле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында кезең-кезеңімен салынатын болады. Сондай-ақ соңғы жылдары инновациялық технологияларды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Мысалы, инновациялық әдістерді қолдана отырып, биыл 538 – ЛОР, 639 –көз, 361 – гинекологиядағы ла­парос­копиялық операциялар, туыстық донордан бауырды ал­мас­тыру бойынша 2 операция, сонымен қатар донорлық бүйректерді алмастыру бойынша – 10, жамбас және тізе буындарын эндопротездеу бойынша 99 операция ойдағыдай жасалды. Яғни өңірде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан іс аз емес.

Сырқатына ем, жанына дәру іздегендер дәрігердің көмегіне жүгінері хақ. Ал дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергияның ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегінің нәтижесі. Әрине еңбек бағалануымен құнды, яғни дәрігер үшін нау­қастың алғысынан жоғары баға болмас, сірә.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы