Өнер • 29 Маусым, 2018

Мырзатай Жолдасбеков. Қазақтың жүрегі

1032 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқының домбырасы – қазақпен бірге туған, бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспабы. Дүниені дүбірлетіп өткен атақты күйшілердің көбін көргеніміз жоқ. Бірақ Сүгірді көріп, Төлеген Момбековпен аралас-құралас болдық, заманы­мыз­дың дауылпаз күйшісі Нұрғиса Тілендиевпен бірге жүрдік. Одан бері де қазақ күйшілерден құралақан қалған жоқ. 

Мырзатай Жолдасбеков. Қазақтың жүрегі

Домбыра – қазақтың жаны, мұңшысы, сырласы, қимасы. Айнымайтын серігі, жаңылмайтын сөзі, қараңғыны жарып шыққан сәулелі ойы. Қазақ пен домбыра – егіз. Домбырасыз қазақты елестету қиын. Онда қазақ жетім болар еді. Халықтың арман-мұраты, болмыс-бітімі, тағдыр-талайы домбырада күмбірлеп тұр. Оған қобызды қоссақ болады. Қайсы бұрын туғанын тап басу айту қиын. Қазақпен мәңгі бірге жасасып келе жатқан асылдарымыз. Кешегі кеңес заманы дейтін кезеңді бастан кешкен уақытта «домбыра – ескіліктің қалдығы» дейтін сөзді де естідік. Оған біреу сенер, біреу сенбес. 

Бұрынғы ақындарымыз домбырасыз өлең айтпаған, домбырасыз ел араламаған. Кенен: «Домбыраны тастамаймын қайда барсам, жаныма жүре алмаймын байламасам» дейтін. Қазақтың санасын сергітіп, шаршағанын басатын бөлінбес бүтініміздің ұлттық мереке күніне арқау болғаны ел болып қуанарлық жағдай. Көктегі асқақтаған рухымыз, жердегі тірегіміз. «Нағыз қазақ – домбыра» деген Қадырдың сөзі, рас. Домбыра – біздің жүрегіміз. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері қазақтың көктен іздегені жерден табылып, арманына қол жетіп, шын мәнінде рухани жаңғырып жатыр. Елбасына рахмет! Тәңір жарылқасын!

Соншама ғасыр қазаққа қызмет еткен, өмірлік философиясы болған домбыра қанша рет шеттетіліп жер бауырлап қалды. Мен бұл туралы бірталай жылдан бері айтып та, жазып та жүрмін. Былтыр сексенге толғанымда бір кеш қобызға, бір кеш домбыраға арнап өткіздім. Себебі қазақ жанының айнасы – осы екі қастерлі аспап.

Қаншама ғасыр қазаққа қызмет еткен, астанасы болған Түркістанның бір ауданның орталығы сияқты болып тұрғаны кез келген түркімін дейтін азаматтың қабырғасына бататын-ақ дүние болатын. Енді Түркістан бір облыстың орталығы болды. Ұлттық домбыра күні жарияланды. Елбасының осы екі шешіміне шын жүректен ризамын. Ұлтқа керек дүние осы. Қазір біз бұрынғы домбыра тарту дәстүрінен ажырап қалдық. Бұрын күйді аңызымен айтып тартатын. Қазір сахнаға шығып, сабалай жөнеледі. Сәкен Сейфуллиннің үйіне сыйлас күйші замандасы келіп, күйді бабымен, аңызымен айтып тартқанда, ақын: «Құлынды бие жетектеткендей болдың ғой» депті. Қазір осындай сәттер сирек. Күйдің тереңіне бойлап тарту күйшіге ең керек қасиет.

Біз күйшілерді де зерттеуді сиреттік. Менің түсінігімде, Қазанғапқа теңесетін күйші жоқ. Қазақтың айта алмаған, айтамын-ау деп кеткен сөздерін Қазанғап күймен жеткізген. Біз оған әлі бойлай қойған жоқпыз. Күйдің, домбыраның төңірегінде айылатын әңгіме әлі көп. 

Күй халықтың – көңіл толқыны. Әрбір жеке тұлғаның, азаматтың аңсары, махаббаты, шері мен шемені. Бір халықтың тау қопарар алапат күші мен айбары! Ықылым заманның қамырықты сазы, осы заманның қуанышты сөзі. Бұл асыл өнер бүгін ғана төрге озған жоқ. Бұрыннан төрімізде еді. Енді төбемізге көтеріп отырмыз. Төбемізге құт, төрімізге ырыс болғай!

Атасының мұрасын тастамай жүрген жастар аман болсын. Ұрпақтың игілігі үшін бастау алған игі іс баянды болсын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, 
мемлекет және қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар