Өнер • 29 Маусым, 2018

Күй құдіреті

2551 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Ұлттық домбыра күні» жария­лан­ғанына қатты ризашылықпен қараймын. Бұл ұлттық мұрамызды қастерлеген, болашағын ойлаған азамат­тардың арман-тілегі, ұлтжан­дылықпен табандылық көрсетуден аянбаған еңбектерінің жемісі деп мойындау керек. Домбыра мен күй құдіретін Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сипаттап: «...күй – адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірдей ұғымды тіл. Бұл жанға хас, жү­рек тілі, сезім тілі. Күй тілі: неше түр­­лі рақат татқан адам жаны осы тіл­­мен сөйлейді, һәм түрлі үндерді осы тілмен сұлулап, майлап қояды, қуа­ныш-шаттық рақатынан сыртқа біл­гізеді, адам мехнатын, ауыр ісін жеңілдетеді, қайғы хафасын шы­ға­­рады, мауқын басады», дейді (Бө­кейхан Ә. Алматы «Қазақ эн­цик­лопедиясы» баспасы, 1995. 331-бет). 

Күй құдіреті

Суретте: Ахметжан Сарман­­­тай­­­ұлы.

Бұл пікірді шебер домбырашы Ахметжан Сармантайұлының күй­лерін рақаттана тыңдап, рухани су­сын­даған соң айтты ма екен деген ой келеді. Домбыра – қазақтың жан серігі, рухани қуаты. Бірақ оны тар­та білгенмен аса шеберлікпен сөй­ле­тіп, тыңдаушының жан дүниесін бау­рап алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. 

Арқада теңдесі жоқ домбырашы, күйші, сазгер, иісі қазаққа танымал болған Сармантайдың Ахметжаны деген болған. Әлихан Бөкейхан мен Сармантайдың Ахметжаны Ақто­ғайдың Ақсораңы мен Қусақ даласының киелі топырағында дүниеге келіп, заманы да, амалы да бір болған арыстары. Бірін-бірі құр­мет тұтқан, сыйластықтары жа­рас­қан ірі тұлғалар. Мәскеуден елге келгенде Әлихан Бөкейхан алдымен күйші Ахметжанның үйіне түсіп, сәлем беріп, ұзақ уақыт күй тыңдап, әңгіме-дүкен құратыны ақтоғайлықтардың аузында аңыз болып сақталған. Ахметжан Сармантайұлы Әлихан Бөкейханнан 17 жас үлкен әрі арабша білімі бар, Қарқаралы уезінің Қотанбұлақ болысында 1887 жылдан жеті рет сайланған бе­делді биі болғанымен, Әлекеңнің ақыл-кеңесіне құлақ түре, заман ағы­мын, Кеңес өкіметі саясатын та­ни алған зерек те өресі биік адам бол­ған екен. Ондай ықпал болмаса, Ахметжан Сармантайұлының даланы күңіренткен «58» күйі шығар ма еді? Алаштың арысы Ә.Бөкейхан дала күйшісінің рухани пірі болды.

Тарих тереңіне шегінсек, аты- шу­лы «58-статья» РСФСР бой­ын­­ша 1927 жылы 6 маусымда заңға кір­ген де, соның негізінде мил­ли­ондаған кінәсіз адамдардың тағ­­дырын тәлкек етіп, өмірін үзген. Осы бап шалғайда тыныш жат­қан елдің тас-талқанын шы­ға­рып, берекесін кетірген, аштық нәу­бетіне ұрындырып, көзі ашық аза­маттарын ешбір дәлелсіз, тер­геусіз, кінәсіз тұтқындап, атып, айдауға салған кезең 1928 жылдан күшпен ұжымдастыру нау­қанынан басталғаны аян болды ғой. Ахметжан Сармантайұлының ірі­­лігі сол, заман ағымын танып, ұлты­ның тағдыры тәлкекке түс­ке­нін терең ұғынып, болашақ үшін жанпидалыққа барғаны. Ол жері, елі үшін НКВД оғына кеудесін ашық тосты. 

«58-статья» күйі – Сармантай­дың Ахметжаны мұрасының ақ мар­жаны, өнерінің биік шыңы. Өр мінезді ел ағасы, қайсар азамат-күйші даласына ерекше зоба­лаң әкелген үкіметті айыптап, халық күйзелісін, ыза-кегін, өксік-өкінішін жеткізген, «Оян, қазақ!» деп Міржақыпша ұрандаған күй шы­ғар­ды, домбырасын кезеніп кеңес саясатына қарсы тұрды. Ақтоғайда «Уық көтерілісі» атанған қыр қазақтарының қарсылығына көшбасшы болғандардың бірі. Өзге күйлерін былай қойғанда бір ғана «58-статья» күйімен-ақ шоқтығы биік, дара тұрған дауылпаз күйші. КСРО деп аталған бір алып мемлекеттің тарихында қарамен жазылған халық қасіреті жайлы бірде-бір ақын, сазгер атын «58» деп атап музыка, ән шығарған жоқ. Қазақтың қара домбырасының құдіретімен елді қан қақсатқан жойқын саясатты айыптап кеткен – Сармантайдың Ахметжаны. 

Сонымен бұл күйдің, авторының тағдыры қандай болды десеңізші! Халықты қайраттандыратын күй Кеңес өкіметі үшін аса қауіпті, қаһар­лы, ызғарлы саналды. Күйге тыйым, күйшіге жаза – Қарқа­ра­лының ерекше түрмесінде мех­нат көрсету, ату, мүрдесіне тас байлап Үлкен көлге батыру – Үштіктің шешімі 1930 жыл­дың 22 қыркүйегінде орындал­ды. Онымен бірге балерина Алтынай Асылмұратованың ата­сы Асылмұрат Ерменбетов, Сүлей­мен Бижанов, Жұмабек Ораз­бе­ков, Адамбай Қилыбаев секілді жиыр­ма шақты адам құрбан болды. Ал күйшінің рухани пірі Ә. Бөкей­хан 1937 жылы 27 қыркүйекте Мәс­кеудің Бутырка түрмесінде атылып, Дон қабірстанына көмілді. Кіндік қаны тамған туған жерінен топырақ бұйырмаған қос боздақтың аттары өшіріліп, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген күнге дейін тарих зынданында жатты. Домбыра – күйші-көсем тағдыры, ел тағдыры ұрпақтар санасына мақтаныш пен өкініш сезімдерін ұялатып, насихатталып жатыр.

Сармантайдың Ахметжанының орын­даушылық шеберлігінің кере­меттігі сонша, көзкөргендер осы күнге дейін Тәттімбеттің «Сар­жай­лауын» бұл «Ахмет­шенің саржайлауы» дейді. Көзкөргендерінен «Сегіз аяқ» деген күйін башайы­мен тартқан дегенді де естідім. Ахмет­жан күйшіні іздеу, аңыз бол­ған мұрасын табу жолында Ақтоғай – Шет даласын кезіп, жаяу-жалпы ауылдарды аралап 58 адамнан сұхбат алыппын. Бұл кездейсоқтық па, жиналған дерек­тер­дің қорытындысынан бір-ақ көр­дім. Дала жұртының «58» деген­нен төбе шашы тік тұрады! «Айта берсек, шер көп қой», деп академик Хай­дар Арыстамбеков айтқандай, қазақ елі кешкен нәубет, қуғын-сүр­гіннің зардабын тартқан аяу­лы азаматтар НКВД-ның алып ма­ши­насына қасқая қарап қарсы тұрды, құр­бан болды. Сол қасіретті жет­кізген шежіре – қазақтың қара домбырасы. 

«58» күйінің түпнұсқасын біл­ген жерлестерінің бәрі бақилық болып кетті. Дегенмен ақтоғайлық Әшімбек Әбдіғұлов, Рымбек Мәм­бетов, Сәнеке Сағындықұлы, Гүл­мара Рахымбекова, Серік Үмбе­тов, балқаштық Нұрғазы Жи­ен­ханов, Қабылбек Рамазанов, Тоқ­та­мыс Жүнісов сынды күйшілер, сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзин өздері үйреніп сақтап, орындап берген күйлерін тартып берді. Ахметжанның туысы Манарбек Ержанов (Қазақстанның халық әртісі) ауылда есік-терезені жауып, сыртқа күзет қойып, білте шамның көлеңкесімен «58-статья» күйін жасырын тартып, тың­дау­шылар жылап отырады екен. 

Мен іздеп, зерттеуден жиналған күйлерді тыңдап, Ахметжан Сарм­ан­тайұлының аталас туысы ака­демик Хайдар Арыстамбеков өзі сан тыңдаған «58» күйін Манар­бектей ешкім орындай ал­май­тынын айтты. Дегенмен Әшімбек Әбдуалиев пен Рымбек Мәм­бе­тов­тің орындауындағы күй түп­нұс­қаға жақын, осыларды қанағат ету­ге тура келеді деген еді. Ал «Қасірет» күйін Қабылбек ақсақал дұ­рыс тартып отырғанына риза болды. Сонымен Ахметжан күй­шінің өзінің орындауындағы, Манар­бек Ержановтың тартуын­дағы нұсқалардан әзірге із жоқ. Ахметжанның мұрасын ежел­гі салтпен зеректікпен сақтаған күй­ші­лерге алғысымыз шексіз. Әсіресе Ахметжан Сармантайұлының табылған сегіз күйін, бір мысал өлеңін бірінші рет нотаға түсірген домбырашы-ұстаз Жақсылық Нәдірбековтің еңбегі зор. 

НКВД құжатында, архив­тер қорында Ахметжан Сарман­тай­ұлы­ның суреті, қолжазбасы жоқ. Қотан­бұлақтың соңғы биі, сауатты күйшінің кінәсін мойындап қол қойған қағаз да жоқ. Машинкаға басыл­ған деректер. Сонау 1928-1930 жылдары қайдағы машинка, бәрі сырт­тан жазылған, қолдан жасалған қыл­мыс екені анық. Ахметжанның суре­тін оның туған ұлының, немерелерінің, жақындарының бейнелерінен ортақ белгілерін есептеп, көзкөргендерінің сипаттауларын ескеріп майлы бояумен салған маман суретші Мақсұт Исмағұлов. Оның шеберлігі суретті көзкөргендеріне айтпай көрсет­ке­німізде: «Мынау Ахметжан ғой!» деп таныды. Сондықтан фото­суреті табылса, қуанар едік, әзір­ге осы бейне қаһарман күйшіге ескер­ткіш болсын. ГУЛАГ-тың 26 бө­лім­шесін орналастырып қазақ жерін резервацияға айналдырған Кеңес заманының зобалаңы киелі дом­бырамыздың үнімен жазылып қалды. Ұлттық домбыраның үнін жаң­ғыртып, қастерлеу артына із қал­дырған талай күйшілерімізді хал­қымен қауыштырып, бүгінгі күн­дері аса қажет ұлттық сана, намыс қасиеттерін жастардың бойына сіңіруге ықпал етері хақ. Елін, же­рін қорғай білген батыр тұлғалы, қай­сар мінезді қазақ болмысын қа­лы­птастыруға баулып, бағыт бе­ретін рухани күш – ғасырлар куәсі, қазақтың жан серігі домбыра.

«Ұлттық домбыра күні» жа­рия­­ланғаны «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының бетке ұстар бір бағыты деп ойлаймын. Әр за­ман­­ның тарихын қара домбыра­мен күй тілінде жазып кеткен бабаларымыздың рухы ұлттық өнер жолындағы Жарқын Шәкәрім, Жан­ғали Жүзбай, Айтқали Жайым­ов, Айгүл Үлкенбаева сынды ардақт­ы­ларымызды қолдасын. Туа дарын, қа­һар­ман күйші Сармантайдың Ахмет­жанының күй мұрасын әлі өз дәре­жесінде көтере алмай жүрміз. Жалғыздың шаңы шықпас, біз барынша зерттеп, насихаттауға күш салдық, кемістігін толтырып, қазақ күйлерінің алтын қорына Әлекең айтқандай «сұлулап, майлап» кіргізу күй құдіретін, домбыра туын көтеретін ұлтжанды күй ма­ман­дарына аманат.

Күләш САРДАРБЕК, 
өлкетанушы, 
Журналистер одағының мүшесі 

Балқаш қаласы

Соңғы жаңалықтар