Өнер • 29 Маусым, 2018

Елбасына сыйға тартқан домбыра

840 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2000 жылы күй атасы Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа домбыра сыйлаған еді. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы басшысы Нариман Үлкенбайұлы естелігінде былай деп жазған: «Елбасы Н.Назарбаев Атырауға келген сапарында Азаттық көшесінің бойындағы Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысатыны жоспарланған еді. Осы салтанатты шарада сөз сөйлейтін Қаршыға Ахмедияров күні бұрын шебер Жақсылық Оспановқа арнайы тапсырыс беріп, домбыра жасатты. Елбасы күй қағанының қолынан домбыраны ризашылықпен алып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған болатын. Содан бері құнды жәдігер есебінде көрмеден орын алды». 

Елбасына сыйға тартқан домбыра

Домбыраның бетінде «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрманғазы баба­мыз­­­дың әруағы қолдасын! Қаршыға. 4.VII.2000» деген жазу бар. «Үйеңкі ағаштың көп жылдық кептірілген түрінен жеті шанақты етіп жасалып, сабының бетіне майыспай, мықты болуы үшін қара ағаштан жапсырма салынған домбыраға қызығушылық танытатындар көп», дейді музейдің бөлім басшысы Светлана Нұрпейісова.
Жалпы Атыраудағы музейде қазақтың біртуар өнерпаздарының қолданған домбыралары жиналған арнайы зал бар. Мемлекет басшысының шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні етіп белгілеу туралы Жарлығына сәйкес музейдегі «Өлке мәдениеті және әдебиеті» залында бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Қазақ күйінің құдіретін танытқан Қаршыға Ахмедияровтің аты да ұмы­тыл­­мақ емес. Өткен жылы ту­ған жері Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы орта мект­епке күй қағанының есімі берілді.

Абай АБЫЛАЙҰЛЫ

АТЫРАУ